Ресей қазағы Димаш жайлы күй шығарды
Ресей қазағы Димаш жайлы күй шығарды

«Димаштың өнері үстем болсын деп, өрлей берсін деп қуанып жатырмыз. Әр әнін, өнер көрсеткен әр сәтін құр жібермей, бақылап отырамын. Ойлана келе әншінің құрметіне осындай күй шығарайын деген ой келді. Қандай күй екенін сол жақтағы күйші ағаларымыз бағалайтын шығар. Мүмкін біреуге ұнар, біреуге ұнамас – оны енді халық өзі көреді. Ютубта көрермендер жақсы пікір қалдырып жатыр. Тыңдаған, бағалаған халыққа көптен-көп рахмет! Димаштың өзі «Грешная страсть» әнін шырқаған кезде ортасында ұлттық калоритті танытатын тұсы бар. Дәл сол ырғақты күйдің кіріспесіне қойдым. Яғни күйдің шығуына Димаштың өзіндік өнері сеп болып отыр. Күйдің өзінің ырғағын жастарға жақын қылып, шығардым. Өйткені ол жас жігіт. Менің баламмен жасты. Жоғарғы нотадан алатын Димаштың диапазонын көрсетуге тырыстым. Күйдің бағасын халық өзі бере жатар. Димашқа және ата-анасына ұнаса – соның өзі маған жетіп жатыр», - дейді күйші.Димаш Құдайберген Жанайдардың үлкен қызымен жасты. Жанайдардың өзі де, балалары Димаштың Ресейдегі фан-клубтарының парақшаларына белсенді түрде үн қатып отырады. Қосағаш ауылында 15 мыңдай қазақ тұрады екен. Мектептерде қазақ сыныптары бар. Тілін, діні мен ділін ұмытпауға тырысатын ағайын балаларынан ең алдымен қазақша сөйлеуді талап етеді. «Ресейде тұрып жатырмыз дегені болмаса балаларымыз дұрыс орысша сөйлей де алмайды. Ертең тіл жоғалса ұлт та жоғалады. Дін де құрдымға кетеді. Атажұрттан жырақта жүрсек те өз тілімізде сөйлеп, бес уақыт намаз оқимыз, ораза ұстаймыз. Мешітіміз бар. Қазақтың дәстүрін ұмытпауға тырысып, балаларға да үйретіп жатырмыз. Қазақстан десе жүрегіміз елжіреп тұрады. Ол жақта туып-өспесек те Қазақстан өркендесе – біз де қуанамыз. Өйткені ол біздің тарихи Отанымыз. Қазақстанда бір жайсыз жағдай болса, біз де налимыз. Қазақстанның жағдайы жақсы болсын дейміз. Өткенде індеттен көп адам қайтты. Біз де қайғырдық. Дұға тіледік. Баян-Өлгей мен ауылымыздың арасы 130 шақырым ғана болғандықтан Моңғолия қазақтарымен қарым-қатынасымыз жақсы. Атажұртқа да анда-санда келіп тұрамыз. Қазақстан халқына зор денсаулық тілеймін. Қазақ халқы аман, іргесі тыныш болсын», - деп түйді Жанайдар Нұрсалиев.