Өмір мен өлім: босану кезінде жан тәсілім еткен әйелдің жарына жазған соңғы хаты

Өмір мен өлім: босану кезінде жан тәсілім еткен әйелдің жарына жазған соңғы хаты

ашық дереккөзі

 width= Әйел жаны әлемнің бар қиындығын көтере алатын, жаралыны емдей алатын, жазылмас жара салатын, естүссіз ғашық қылатын, бір қылығымен жеккөргізетін қарама-қайшы дүниелердің жиынтығы. Нәзік өңі бола тұра, өр мінезділікті, қайсарлықты, шыдамдылықты, сабырлылықты жанына жалау ететін де әйел атаулысы. Қырық жыл қырғын болған үйді де қырық секундта селк еткізіп, керегесін енді құламастай ететін әйел ғана. Сәби-бүлдіршін-қыз-бойжеткен-ана-әже. Барлығы дәл осы этаппен келе жатыр. Қыздың да, ананың да, әженің де бір ұқсастығы – олар үйдің ұйытқысы. Әйелдің ең басты құдіреттілігі - ұрпақ көпірі. Тоғыз ай толғатып, бойындағы бар тамырды идіріп, тіпті сәбиін дүниеге әкелер жолда өз өмірін құрбан етіп, о дүниелік боп кететін аналар қаншама... Жарының қайғысы, сезімінің сергелдеңге түсіруі, сәбидің анасыз өсуі - қиын өмірдің бастапқы қадамдары. Әзілхан Нұршайықовтың "Махаббат қызық мол жылдар" атты махаббат машақатын баяндайтын кітапты білмейтін қазақ кем де кем. Меңтай мен Ерболдың ұзақ жылға созылған пәк махаббаты баянды басталғанымен, бақытсыз аяқталады. Босану кезіндегі қиналыс, өмір мен өлім арасындағы арпалыс, соңғы хат... Жалғанмен қоштасатын сәт әркімнің басынан өтетіні анық. Өмір - өзен. Өзен ағысы кез келген уақытта жағаға жеткізбей қалуы мүмкін. Ең өкініштісі жағада қалған жақындарың... Мейтай сұлудың еркелетіп Ертай деп атаған еріне жазған ақтық хатын алдарыңызға ұсынамыз. «Ербол, жаным Ербол! Өткен түнде, сен мені перзентханаға әкеп салып қайтып кеткеннен кейін маған осында өліп қалатын шығармын деген ой келді. Мен өлсем де, бала өлмесе екен деп тіледім. Атын өзің қой. Сен не деп қойсаң, мен соған ризамын, менімен келістім деп есепте. Бұл — менің болашаққа жолдаған сәлем хатым болады ғой сонда, иә, «Мамаң аты кім?» десе, «Метай» дейді ғой ол тілі шыққан соң. Ол мені айтқаны ғой. Сонда сен күлесің де, күрсініп мені еске аласың ғой. Жо-жоқ, бұл жай ой ғой, Ербол. Мүмкін, мен өлмейтін шығармын. Бірақ: «Өлетін адам ажалын сезінетін сияқты» деп сен өзің айтушы едің ғой. Мен де бірдеңені сеземін бе, қайдан білейін. Сезбегенім жақсы болар еді. Бәлкім, бұл сені шексіз сүйетіндігімнен шығар. Сенен ажырамасам екен деген тілегім өзінен-өзі үрейге ұласатын болар. Сүйген жүрек — дірілшіл, күйген көңіл — ырымшыл келетін шығар тегі. * * * Ерболым менің! Мен тағы да қорқынышты ойлар ойладым. Адамдар бірін-бірі сүйеді. Содан соң біреуі өліп, саудыраған сүйек болып, жер астында қалады. Ол ештеңені де білмейді, сезбейді. Ештеңеге қиналмайды, ойламайды. Бірақ бар салмақ, бар ауыртпалық тірі қалғанға түседі ғой. Жаман, арсыз жар есепті тіршілігін жасай жатар. Адал жарға ауыр тиеді-ау жалғыздық. Шіркін, шын сүйіспеншілікпен қосылған жандар өлмейтін болсашы! Жоқ, мұным табиғат заңына қайшы болар. Онда, ондай адамдар ұзақ жасайтын болсашы ең болмаса! Бірақ мен өлсем де өлмейтін шығармын деп ойлаймын тағы да. Өйткені мен ішімнен шығатын бала да және сенің жүрегіңде өмір сүремін ғой. Сонда ол менің өлмегенім емес пе? Солай емес пе, Ербол? Солай деші, жаным, көкетайым!.. Мен саған бұл жолдарды тек ішім ауырмасын деп қана жазып отырмын, Ербол. Сені ойлап сен туралы жаза бастасам-ақ, ішімнің ауырғаны қоя қояды. Тегі іштегі тентек әкесін сыйлайтын болуы керек. Көрдің бе міне әкенің беделі қандай болатынын! * * * Айналайын, көкетайым! Сен менің осы сөздерімді жақсы көресің ғой. Сен естісін деп мен мұнда осы екі сөзді әлденеше рет айттым. Естідің бе ?.. Ойпырай, ішім әкетіп барады... Уһ, бұрап-бұрап әрең басылды-ay, әйтеуір. Дәрігерлер мерзімінен бұрын келген толғақ дейді. Ол неге мерзімінен бұрын келеді екен ?.. Не айтайын деп едім саған? Иә, жаңа есіме түсті. Ұнжырғаңды түсірмей, уақытында шашыңды алдырып, әрқашанда умаждалмаған таза киім киініп жүр, қуатым. Жұрт сенің ішіңе үңілмейді, сыртыңа қарайды. Жаның жадау, жағаң жамау болса, соған сүйсінетіндер де шығады. Ешкімге таба болмай, тік жүр, жаным, жарай ма? Арақ ішпе, керегі жоқ. Өзің де құмар емессің ғой. Өзіміз ішпей үлгі көрсетсек, кейін балаларымыз да ішпес еді деп ойлаймын, ішпесе деп тілеймін! Менің еркіме салса — бүкіл болашақ ұрпақ атымен арақ ішпесе екен деймін. Капитализмнің қалдығы дегеннің ең зұлымы — осы арақ. Біздің қоғамымыздың ішкі жауы да осы. Ендеше арақты құрту керек, өмірден аластау керек оны. Арақ бар жерде, меніңше, ешбір мораль заңы, ол қандай асыл сөздерден тізіліп, алтын әріппен жазылса да жүзеге аспайды, Ербол. Дүниеде су, сүт, шай, қымыз, лимонадқа жететін не бар, шіркін. Адамды желіктірмейтін момын сұйық осылардың өзі жақсы. «Момын сұйық» дегенім кісі сияқты боп кетті, иә, Ербол. Бұл — бейнелеп сөйлеуді сенен үйренгенім болу керек. Сен менен не үйрендің? Ештеңе үйренген жоқ шығарсың деп ойлаймын. Ал мен сенен көп нәрсе үйрендім ғой, күнім. Кісіні алаламауды, адамды арына қарап құрметтеуді, өз ойыңды күмілжімей ашық айтуды, қайырымдылықты, басқаларға болысқыштықты, біреудің ішіндегі жан ауруын білдірмей біліп ала қоюды — осының бәрін сенен үйрендім, Ербол. Нағыз өмірдің өзін сен үйреттің маған! Сенсің менің мәңгілік ұстазым! * * * Біздің палатада бір артистің әйелі жатыр. Сен білесің, Ербол ол артисті, «Отеллода» Яго боп ойнайды. Әйелі алтыншы балаға босаныпты. Босанғанына бір айдан асса да осында жатқан көрінеді. — Апай, мұнда неге жатырсыз үйге қайтпай? — деп сұрадым кеше одан. — Ой, шырағым-ай, тамағы жақсы, тыныш жерде жата беру керек қой, — деді ол. — Осында оңалып алған жақсы. Бұлар бір апта өткен соң-ақ шығарамыз деп қодыраңдай береді. Aл, әдісін тапсаң — шығара алмайды. Алғашында «тымау тиді, басым ауырады» дедім. Соңғы бес күн бойына «температурамен» жатырмын. — Ыстығыңыз жоғары ма?— деппін одан аңқау басым. Әйел күлді. — Әңгіме сол ыстығымның жоқтығында ғой, — деді ол. — Ыстығымды өлшеуге термометр бергенде сестраның көзін ала берiп, жіңішке жағын одеялаға ысып-ысып жіберемін. Кейде — 37, кейде — 38 боп шыға келеді. Олар сенеді. Кейін сен де сөйт. Мен жағамды ұстадым. — Апай, алдағаныңыз дұрыс емес қой, — деп басымды шайқадым. Жо-жоқ. Мен ешқашанда өйте алмаймын, Ербол. Перзентханаға келгелі тұтқынға түскендеймін мен. Осында "Өзіңсіз өткен үш күн (бүгін үшінші күн) үш жылдай боп көрінді маған. Мен босанғаннан кейін бір күн де қалмаймын мұнда. Мені босана салысымен дәрігерден сұрап алып кет, Ербол. Жарай ма, қуатым, жарай ма? * * * Жұрт күйеулеріне еркелетіп aт қойып жатады ғой осы: Құрманғалиды — Құрмаш, Уатайды — Уаш деп. Мен сені әлі бір peт еркелетіп атамаппын ғой, жаным. Бүгіннен бастап Ертай деп еркелетейінші сені. Ертайым менің! Сенің халық қамын, мемлекет мүддесін ойлайтын үлкен журналист болғаныңды көрсем деп арман етуші едім іштей. Бағана өзің әкеп берген газетте басылған «Жұмысшы мүддесі» деген мақалаңды оқып, төбем көкке жеткендей боп қалды бүгін. Редакторың мақтаса, мақтағандай екен! Бірақ сен оған мақтанып кетпе, күнім. (Мақтанбайтыныңды білем ғой, әншейін айтамын, оған өкпелеп қалма. Жарай ма?) Айтпақшы, бүгін майдың 5-і екен ғой. Сен әкеп берген газеттен көріп есіме түсті. Сені баспасөз күнімен құттықтаймын. Одан кейін бүрсігүні болатын радио күнімен, одан соң Жеңіс күнімен құттықтаймын. Жалғыз мен ғана емес, «Папама менен де сәлем айт!» деп бүйірімді тепкілеп жатыр мына тентегің. Оның да сәлемін қабыл ал! Айтпақшы, Ертай, сен барып деканатқа айт — мені перзентханада жатыр деп мемлекеттік емтиханға кіргізбей қойып жүрмесін. Менің «Әдебиеттегі еңбекші әйелдер бейнесі» деген тақырыпқа жазған диплом жұмысымның да дайын екенін айт. Өзің білесің, осыған дейін бір күн сабақтан қалған жоқпын ғой мен. Мемлекеттік емтихан тапсыруға қалайда күйім келеді. Қалайда менің биыл құрбыларыммен бірге диплом алуым керек. Мектепке жолдама алып, класқа кіріп, «Сәлеметпісіңдер, балалар. Мен сендердің мұғаліміңмін» деп жас ұландардың алдында жымия күліп тұрсам, арманым болмас еді, дүние-ай!.. Ойпырау, мынау Сәлемхат тағы да тынышсыздана бастады ғой... Мен осыны Сәлемхат, Сәлемхат дей беремін. Түбінде Сәлемхат атанып кетіп жүрмесін осы тентегіміз. Мен бұл тентегіңді қандай болса екен деп ойлайтынымды білесің бе сен? Ұл болса — саған, қыз болса — маған тартса екен деймін. Бірақ ұл болса да, қыз болса да ақыры, адамгершілігі сендей болса екен! Ал саған тағы да Сәлемхаттан сәлем, папасы. * * * Адал дос адамға медеу де, демеу де, мақтаныш та, мереке де ғой, шіркін! Біздің Майра сондай ғой. Жаны қалмай жүр байғұстың біз үшін. Бағана келіп: «Баланы уайымдама, босанған соң апама бақтырамыз. Апам өзіме әкем беріңдер деп айтты» деп кетті. Апамды әуре қылмаспыз. Солардың сырттай жасап жатқан қамқорлығына жаның ериді. Оның артынан өзіңнің «кешкі көлеңкең» — Жомартбек келді. (Сен екеуің біріңді-бірің жеңе алмай-ақ келесіңдер қажасып. Сен оны кешкі көлеңкем деп атасаң, ол сені өзімнің түскі көлеңкем деп шыға келеді. Әйтеуір қисындырып, бір нәрсені таба қояды.) Бір газетті бала етіп әлпештеп, «іңга-іңга» деп мені мазақтап кетті терезе сыртынан. Мейлі, мазақтаса мазақтай берсін. Ертең өзі келіншек алып, балалы болғанда көрерміз оның әуселесін. * * * Бұл күнделікті мен жай, әшейін, ермек үшін жазып жүрмін, папатай. Сәлемхатың баж етіп бақырып жерге түскеннен кейін өзіңе беріп жіберемін мұны. Кейін дос-жарандарға оқып, тұңғышымыздың дүниеге қалай келгенін айтып, осы күндерді еске алып күліп отыратын болармыз әлі. Соған жазсын, соған жеткізсін! Иә, папатай...» "Мінеки, Меңтайдың соңғы күнделігі осы. Жан тәсілімін жасап жатқан адамның ақырғы тынысы, соңғы қырыл, соңғы дірілі сияқты, асыл жардың ақырғы сөзі еді бұл. Бірақ осы азғантай сөзде мен үшін қаншама сыр, қаншама жыр жатыр десеңізші! Қаншама өкініш, қаншама мұң бар мұнда. Оқып отырып сан рет өкіріп, өксіп жылағанмын мен", - Ерболдың өкініші.

Дайындаған: Інжу ӨМІРЗАҚ

 

Жүктелуде...