Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Атырау облысында көліктердің неден өртеніп жатқанын айтты, деп хабарлайды
Newsroom+Ақпарат агенттігі
Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.
"Негізі, бүгінде Атырау облысынан басқа жерлерде автокөлік құралдарының тұтану жағдайлары төмендеп келеді. Ал бұл облыста 19 проценттік өсім тіркеліп отыр. Бәлкім, мұндай жағдай газбен жүретін көліктерді кеңінен пайдалануға да байланысты шығар", – деді Ильин орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Осы орайда министр газбен жүретін көліктерді жабық автотұрақтарға қоюға болмайтынын да еске салды.
Себебі кей кезде автомобильге орнатылған құрал-жабдықтар техникалық талаптарға сай болмай жатады. Ондайда газдың шығып кету қаупі бар. Ал көгілдір отын тұтанса, көлік қана емес, тұрғын үй немесе әкімшілік ғимарат та бұзылуы мүмкін.
"Сондай-ақ өңірде көліктердің жиі тұтануына қозғалтқышты дұрыс жылытпау немесе ашық отты пайдалану сияқты әрекеттер де себеп болуы мүмкін", – деп атап көрсетті Ильин.