Жүлдесі 1 млн теңге: Байқауға қатысу жалғасып жатыр

Жүлдесі 1 млн теңге: Байқауға қатысу жалғасып жатыр

ашық дереккөзі

 width= Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай баспа және электронды бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері арасында жарияланған жыл сайынғы «Қазақстан Тәуелсіздігі және Елбасы» халықаралық байқауына өтінімдерді қабылдау жұмысы жалғасып жатыр, деп хабарлайды Newsroom+Ақпарат агенттігі ҚР Тұңғыш президенті - Елбасы кітапханасына сілтеме жасап. «Үздік телевизиялық материал», «Үздік радиоматериал», «Газеттер мен журналдардағы үздік мақала», «Ғаламтордағы үздік жарияланым», «Шетелдік БАҚ-тағы үздік жарияланым» сынды бес номинацияға қатысатын кәсіби журналистер бағын жеке немесе топпен сынай алады. Естеріңізге салсақ, халықаралық деңгейде екінші мәрте ұйымдастырылып жатқан байқауға былтыр Әзербайжан, Германия, Ресей, Түркия, Жапонияның мамандары қатысқан болатын. Топ жарған шетелдік үміткерлердің үштігіне Әзербайжан азаматы Рустам Гасымов (1 орын), Түрік телерадиокомпаниясының тілшісі Гузаль Заитова (2 орын), жапон маманы Наоки Мацумото (3 орын) кірді. Конкурс мемлекеттіліктің негізі ретінде Елбасының идеялары мен бастамаларын көпшілікке таратуды; халықаралық кеңістікте еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріне ақпараттық-имидждік қолдау көрсетуді; баспа және электронды БАҚ қызметкерлерінің шығармашылық, кәсіби дамуына жағдай жасап, ынталандыруды; ел іші мен шекарадан тыс еңбек етіп жүрген журналистер қауымынан дарынды мамандарды табуды көздейді. Сарапшылардың пікірінше, «Қазақстан Тәуелсіздігі және Елбасы» байқауы қоғам өміріне қажетті саладан жаңа есімдерді анықтауға зор үлес қосады. Биылғы өтінімдер 2020 жылдың 1 маусымынан бастап қабылдана бастады. Конкурсқа 2019 жылғы 10 қазан мен 2020 жылғы 10 қазан аралығында қазақ, орыс, ағылшын тілінде жарық көрген (эфирге, ғаламторға, баспасөзге алғаш жарияланған) материалдар қабылданады. Номинациялардың әрқайсысы бойынша жеңімпаздарға  ақшалай жүлде мен диплом, төс белгі табысталады. Конкурстың қорытындысын Қазақстанның белгілі журналистері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінен құралған Комиссия шығарады. Жеңімпаздарды марапаттау салтанаты Тәуелсіздік күні қарсаңында өтеді. Әлемді шарпыған індеттің аясында үміткерлердің өтінімдері 2020 жылғы 1 маусым мен 20 қазан (қоса алғанда) аралығында presidentlibrary.pr.kz@gmail.com электронды поштасына «Қазақстан Тәуелсіздігі және Елбасы» конкурсына» деген белгімен қабылданады. Конкурсты өткізудің шарттары мен уақыты туралы барлық ақпаратпен www.presidentlibrary.kz и www.fnn.kz сайттары арқылы танысуға болады.

Жүктелуде...