10 жастағы қызды сүндетке отырғызған: қылмыстық іс сотқа жетті
10 жастағы қызды сүндетке отырғызған: қылмыстық іс сотқа жетті
Ресейде "қызды сүндеттеуге" байланысты бірінші рет қозғалған қылмыстық істі Ингушетия соты қарап жатыр. Бұл тәжірибе Солтүстік Кавказдың өзге республикаларында да бар. "Құқықтық бастама" ұйымының дерегінше, Дағыстанда жыл сайын мыңнан астам әйелдің жыныс мүшесіне ота жасау фактісі тіркеледі. Бірақ бұл жолы жәбірленушінің анасы алғаш рет сотқа жүгініп отыр, деп хабарлайды Newsroom+Ақпарат агенттігі Азаттық радиосына сілтеме жасап. Мақала Настоящее время сайтынан алынды "СҮНДЕТТЕУ" НЕМЕСЕ ӨЛІМ Бұл хикая 2019 жылы жазда басталған. Ингушетия тұрғыны бірінші әйелінен туған, ажырасқаннан кейін анасымен бірге Шешенстанда тұрып жатқан ұл-қызын қонаққа шақырған. Ертеңіне ұлы анасына хабарласып, қарындасы үйге қансырап, жылап келгенін айтқан.
Кейіннен әлгі азаматтың екінші әйелі өзінің сегіз жасар қызы мен күйеуінің екінші әйелінен туған он жасар қызын Магастағы "Айболит" емханасына апарғаны белгілі болды. Балалар гинекологы Изаня Нальгиева кішкентай қызға анестезиясыз "сүндеттеу" процедурасын жүргізген. Әжесінің айтуынша, ота жасайтын үстелге жатқызған кезде қыз айқайлап, қарсыласқан, бірақ өгей анасы мен емхана қызметкері оның қол-аяғын жібермей ұстап тұрған. Олар қызға бұл процедурадан бәрі өтетінін айтып, "ота жасамасақ өліп қаласың" деп қорқытқан. Тергеушлер дәрігердің қыздың күйіттігін кескенін анықтады. Отадан кейін әкесі балаларға 500 рубль беріп, қоғамдық көлікке отырғызып, Грозныйға қайтарған.
Жәбірленушінің әжесі ДАПТАР порталына берген сұхбатында "Іш киімі мен көйлегінде қан дағы болды. Анасы алып кеткен кезде қызымыз тоқтаусыз жылады. Кешке дейін өзіне келе алмай, өліп қаламын деп қорықты" деген.
Қыздың қызуы көтерілген соң туыстары медициналық жедел жәрдем шақырған. Кезекші дәрігер қыздың "күйіттігі (клитор) мен жыныс мүшесінде көлемі 5мм х 6мм, тереңдігі 2 мм болатын пышақпен салынған жарақат" барын анықтаған.
Қыздың анасы бұрынғы күйеуіне хабарласқан. Ол болған оқиғаны жасырмай, "бұл оның нәпсісін тыяды" деп түсіндірген. ТЕРГЕУ: БАЛА КӨТЕРЕ АЛАДЫ Қыздың анасы Шешенстан тергеу комитетіне арыз берген. Комитет қызметкерлері қызды сот-медициналық сараптамасына жіберген. Тергеушілер сараптама нәтижесінде "Бала туу қабілеті сақталған ба?", "Баланың денсаулығына қандай деңгейде зақым келген?", "Қыздың жыныс мүшесіне ота жасау кезінде дұрыс әдіс таңдалған ба?" және "Қандай жарақат салынған?" деген төрт сұраққа жауап алғысы келген.
Сарапшылар қыздың өміріне қауіп төнбегенін, "бала туу қабілеті" сақталғанын айтып, жәбірленушінің денсаулығына келген зақымды "қысқа мерзімді жарақат" деп сипаттаған.
Сараптама материалдары Ингушетияның тергеу комитетіне жіберілген. Комитет сарапшыларға "Қыздың денсаулығына қауіп төнген бе?", "Ота жасалған мүшенің қызметі бұзылуы мүмкін бе?", "Мүше қызметі бұзылса, жәбірленушінің денсаулығына қандай зақым келеді?" деген қосымша сұрақтар қойған.
Ингушетиядағы сот-медициналық сараптама бюросының қызметкері Роза Баркинхоева сараптама қорытындысына "қызды сүндеттеу" туралы анықтама қосқан.
Сарапшы "Медиазонаға" берген пікірінде "Ресейде қызды сүндеттеуге қарсы жеке заңнама жоқ. Бұл рәсім әйелдің сексуалдығын бақылауда ұстау, қыздың некеге дейін пәктігін сақтап, одан кейін де жарына адал болуын қамтамасыз ету мақсатында жүргізіледі. Көбіне қан шығару үшін күйіттікке пышақпен із салады немесе соған ұқсас әрекеттің имитациясы жасалады. Науқастың медициналық картасына қарасақ, "қызды сүндеттеу" рәсімі кезінде күйттіктің ұшына із салу түріндегі "ең жеңіл" әдістердің бірі қолданылғанын көреміз. Мұндай әрекеттен жыныс мүшесі қызметінің бұзылу ықтималдығы төмен" деп жауап берген.
Баркинхоева қызға жеңіл жарақат салынған деп баға берген.
Осы қорытынды негізінде Ингушетия тергеу комитеті "Денсаулыққа қасақана жеңіл жарақат салу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Бұл бапқа сәйкес, айыпталушыға 40 мың рубльге дейін айыппұл салу немесе төрт айға дейін түрме жазасы қарастырылған.
"Істе бір ғана сараптама болған, оның өзі нашар жүргізілген. Тексеру сипаттамасына қарасақ, қыздың денсаулығына қандай зақым келгені түсініксіз. Онда бар болғаны тексеру кезінде "күйіттікке салынған жарақат анықталды" деп жазылған. Жарақаттың қай жерге салынғаны, күйіттікке қандай зақым келгені, орган қызметінде қандай зақым бары айтылмаған. Тергеуші "Бала туу қабілеті сақталды ма?" деп сұраған. Бірақ бұл сұрақ денсаулыққа келген зақымды анықтау әдісіне сай келмейді. Бұл әдістер бекітілген медициналық өлшемдерге сәйкес анықталады. Біз бала туу қабілеті сақталғанына ғана емес, жыныстық қатынасқа түсу қабілетіне де баға береміз. [Медициналық өлшемдерде] бала көтеру, жыныстық қатынасқа түсу және бала туу қабілеттері қамтылған. Тергеушінің неге бала туу қызметі туралы ғана сұрағаны түсініксіз. Әрине, мұндай сараптама нәтижесінде жәбірленушінің денсаулығына "6-21 күнге созылатын қысқа мерзімді зақым келген" деген қорытынды жасалған. Бұл "саусақтағы жарақат пен күйіттікке келген зақым – бір нәрсе" деп бағалаумен тең" дейді "Құқықтық бастама" ұйымының заңгері Татьяна Саввина.
Татьяна Саввина тергеушілер кемінде тағы екі сараптама жүргізуі керек еді деп есептейді.
"Жыныс мүшесінің қай бөлігіне жарақат салынғанын, күйіттікке қандай зақым келгенін анықтау үшін сот-гинекологиялық сараптамасы жүргізілуі керек. Осы сараптаманың көмегімен "Күйіттіктің сезімталдығы, қозғалу қабілеті сақталған ба?", "Кіші жыныс ернеуінде қандай да бір жарақат бар ма?" деген сұрақтарға жауап алуға болады. Екіншіден, психологиялық-сексологиялық сараптама керек. Бұл сараптама арқылы жасалған отаның жәбірленушінің жыныстық өміріне қалай әсер ететінін бағалауға болады. Бұл "жыныстық қатынасқа түсу қабілеті" деген медициналық өлшемге жатады" дейді ол. ДӘРІГЕР НАЛЬГИЕВА МЕН "АЙБОЛИТ" Жәбірленушіге ота жасаған Изаня Нальгиева – іске қатысы бар жалғыз адам болып отыр. Ол аталған оқиғадан бір апта өткенде "қызды сүндеттеу" фактісі болғанын растаған. Тергеу хаттамасында "ота қыздың ата-анасының күйіттігінің айналасындағы теріні кесуге берген рұқсаты негізінде жасалды” деп жазылған (қыздың ата-анасы ресми некеге тұрмағандықтан, заң бойынша, анасы баланың жалғыз қамқоршысы саналады). Кейінірек тергеуде Изаня Нальгиева қызға медициналық көмек қана көрсеткенін айтқан. Ол "Мен хаттаманы дұрыс оқымай, "сүндеттеу" рәсімі жүргізілді деп қате айтыппын. Ол кезде қолымда медициналық карта болмағандықтан, оқиғаны толық еске түсіре алмадым" деген.
Жәбірленуші мен анасының мүддесін қорғаушы "Құқықтық бастама" ұйымы 2020 жылы 12 мамырда Ингушетияның Тергеу комитеті басқармасына "Айболит" емханасына тексеріс жүргізу туралы өтініш берген. Екі айдан кейін олар қылмыстық іс қозғалмайтыны туралы жауап алған.
"Тергеу комитетінің бас тартуының себебі де "жоғары деңгейде". Біз 2019 жылы тіркелген бұл оқиғаға ұқсас басқа оқиғалар да болуы мүмкін екенін айтып, тергеу органдарынан аталған емханаға тексеріс жүргізуін сұрадық. Бірақ тергеушілер 2020 жылғы деректерді ғана тексерген. Біздің өтінішімізді қабылдамау себебі түсіндірілген қаулыда қазір дәрігердің ол жерде жұмыс істемейтіні, емхана сайтында ондай қызмет түрі көрсетілмегені жазылған. Яғни, 2020 жылы олар балалар гинекологиясы бойынша қызмет көрсетпеген. Осының негізінде тергеу органдары қылмыстық іс қозғаудан бас тартып отыр" дейді Татьяна Саввина.
Тергеушілер отаның қыздың әкесі мен өгей шешесінің бастамасымен жасалғанын ескерусіз қалдырып, оларды қылмысқа қатысы бар деп те таппаған.
"Құқықтық бастама" ұйымы заңгерлері ресейлік сот инстанцияларының бәрінен өткеннен соң, Адам құқықтары жөніндегі Еуропа сотына жүгінуді жоспарлап отыр. "Бұл іс бойынша дәрігерге айыптау үкімі шығарылған күннің өзінде, оған 40 мың рубль айыппұл салады не төрт айға дейін қамау жазасын береді. Бірақ ақтап алуы да мүмкін. Айыптау үкімі шығады дегенге сену қиын. Сондықтан Адам құқықтары жөніндегі Еуропа сотына [Адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын қорғау жөніндегі Еуропа конвенциясының] азаптауға тыйым салатын 3-бабы бұзылғанын хабарлап, арыз беруге тура келеді. Мұндай ота жасау – азаптаудың бір түрі" дейді Татьяна Саввина.
"Айболит" емханасы – Ресейде "қызды сүндеттеу" қызметін ұсынған жалғыз мекеме емес. 2018 жылы қарашада "Медузада" Мәскеудегі "Бест Клиник" орталығының сайтында өзге қызмет түрлерімен қоса "қызды сүндетке отырғызу" қызметі де көрсетілгенін жазған. Осы материалдан кейін емхана басшылығы сайтынан "күйіттікке сүндет жасау қыз баланың жыныстық жетілу кезеңі басталмай тұрып жүргізіледі" деген сөйлемді алып тастаған. Аталған емханаға ешқандай шара қолданылмаған.
Әдетте мұндай рәсімдер үй жағдайында қарапайым пышақ, қайшы немесе ұстара сияқты құралдың көмегімен жасалады. Процедура кезінде санитарлық талаптар сақталмайды, ота жасалған адамға анестезия берілмейді. КЛИТОРОДЕКТОМИЯДАН ИНФИБУЛЯЦИЯҒА ДЕЙІН Дәрігерлер мен құқық қорғаушылар қыздың жыныс мүшесіне жасалатын отаны ұлға жасалатын денсаулыққа зияны жоқ сүндетке отырғызу рәсімімен шатастырмау үшін "қызды сүндеттеу" терминінен 1980 жылдары-ақ бас тартқан. Олар бұл процедураны "қыздың жыныс мүшесін зақымдайтын ота" деп атайды.
БҰҰ дерегінше, "жыныс мүшесін зақымдайтын отаға" бірнеше процедура кіреді: клитородектомия – күйіттікті жартылай немесе толық алып тастау; эксцизия – күйіттікті кіші жыныс ернеуімен, кейде үлкен жыныс ернеуімен қоса жартылай не толық алып тастау; инфибуляция – жыныс ернеуін кескен соң қынаптың аузы қатқыл сақина тәрізді болып бітеді. Көбіне бұл рәсімдер үйде, анестезиясыз және қарапайым пышақпен жасалады. 
"Олар жыныс мүшесіне үлкен зақым келтіретін процедураларға тыйым салған. Дегенмен адамдар тыйымның осындай "бірақ" деген тұсын пайдаланып, отаны қалағанынша жүргізіп, қыздардың денсаулығына зақым келтіруді жалғастыра береді. Мысалы, Египетте мұндай отаға 1997 жылы тыйым салынған. Бірақ заңда "медициналық себеп болған жағдайда отаға рұқсат етіледі" деген сөз бар. Қазір ондағы қыздардың 75 пайызына осындай ота жасалады. Ота кең таралған елдерде заңдағы осындай "бірақ" деген тұс адамдардың бұл рәсімді жалғастыруына жол ашады. Мұндай отаға қарсы тиімді күрес жүргізу үшін исламдағы дене құрылысына өзгеріс енгізуді көздейтін кез келген әрекетті күнәға жатқызатын мәтіндерді қолдану керек. Құран принципі бойынша, қыз да ұл сияқты мінсіз жаратылған" дейді Халықаралық қатынастар жөніндегі Мәскеу мемлекеттік институтындағы Кавказ және өңірлік қауіпсіздік мәселелері жөніндегі орталықтың аға ғылыми қызметкері Ахмет Ярлыкапов."Құқықтық бастама" ұйымының дерегінше, жыл сайын Дағыстанда қыздардың жыныс мүшесін зақымдайтын 1200-ге жуық ота жасалады. Ингушетия бойынша мұндай дерек жоқ. Осындай оталар туралы екі баяндама жасаған авторлардың бірі Саида Сиражуддинованың айтуынша, мұндай рәсімдер әйелдің сексуалдығын бақылауда ұстау үшін жасалады. "Мүфтият қоғамның бірлескен реакциясына, журналистердің үздіксіз сауалына қарамастан, өз позициясынан айнымай отыр. Дағыстан мүфтиятының қазіргі стратегиясы бұл тәжірибені сақтап қалуға бағытталған. Өйткені мүфтият жариялаған пәтуәны тыйымды айналып өту мүмкіндігі ғана емес, белгілі бір деңгейде әрекетке итермелеу деп те бағалауға болады. Бұл әрине, мәселені шешпейді" дейді Сиражудинова. Әлемде 200 миллионға жуық қыз бен әйелдің жыныс мүшесіне денсаулыққа зақым келтіретін ота түрлері жасалған. Бұл туралы "Құқықтық бастама" ұйымының әйелдердің жыныс мүшесіне зақым келтіретін оталар тақырыбында өткізген онлайн-конференциясында Equality Now ғаламдық бастамасының өкілі Флавия Мванговия айтты. Мванговияның сөзінше, тек 32 мемлекет осындай оталар туралы статистика ұсынған. Әлемдегі 92 мемлекет (оның ішінде Ресей де бар) жыныс мүшесіне ота жасалған әйелдер барын мойындағанымен, олардың саны туралы дерек бермеген. Әлемнің 51 елінде ғана мұндай тәжірибеге тыйым салатын заң қабылданған.