Жаңалықтар

2020 жылғы әлемдегі ең қымбат нәрсе анықталды

2020 жылғы әлемдегі ең қымбат нәрсе анықталды

 width= Кез келген ғасырда өзіне тән қымбат бағалы заты болады. Мәселен лағыл тас, мұнай, газ, жердің қазба байлықтары, ақша т.б. Бұл тізімді әр қарай жіпке тізгендей тізбектеп, жалғастыра беруге болады. Алайда 2020 жылы осыған дейінгі болған барлық қымбат заттардың орны басқа нәрсе басты. Бұл – ауа. Жылдың басынан бастап бүкіл әлем дабыл қаққан коронавирус індетінің таралуы, адам өлімінің көбеюі дүниежүзілік деңгейде пандемияға ұласты. Жаппай жұқтырып жатқан адамдар, вирустан қаза болғандар саны күн санап артты. Бұл қорқынышты түс секілді әлем Қазақстанның да басына қара бұлт секілді үйірілді. Бұлт әлі сейілген жоқ. Әлем мұнай деп, жер үшін деп, байлық үшін деп таласып жатқан кезде, оларға керек тек күнделікті жұтып жүрген ауасы екені  белгілі болды. Миллиондап жиған ақшасын ұстай алмай бір күнде өмірмен қоштасқандардың ажал алдындағы арманы бір жұтым ауаны жұту еді. Қадіріне өз кезінде жетпегендер қиналған кезде көлік те, үй де, ақша сұраған жоқ, тек «ауа» деп жан берді. Барлығын сатып алуға байлығы жететін байларға да бір жұтым ауа бәрінен қымбат болды. Кедей демей, бай демей ажалдың қармағына түскен күннен бастап шырмауынан шығу үшін ақша бере алмады, сатып ала алмады. Тек сұрағандары «ауа» болды. Дәл қазір әлемде болған және әлі жалғасып жатқан панедмия (COVID 19) құндылықтардың орынын ауыстырып, нағыз байлықтың не екенін көрсетті. Мұны жас та, кәрі де, хан да, қара да түсінді. Түсінбеске шара бар ма, жанындағы жақынын ауаға зар қылған дерттің демді қысып, денесін қыздырып отқа орап бара жатқаны жанға батты. Әлем үлкен үзіліс алдында тұр. Жұтып жүрген ауасына да құрметпен қарайтын күнге келді. Мән бермейтін, ұмытып кететін қасиеттерді қайта есіне түсіре бастады. Адамның күні адаммен екенін сезінді. Әлемдегі ең қымбат ауа үшін миллиондап емес, миллиардтап емес, триллиондап ақша жұмсалды. Әлемдегі ең қымбат ауа үшін бір адам емес, бір қала, бір аймақ емес, бүкіл бір мемлекет, бүкіл дүниежүзі күресті. Әлемдегі ең қымбат ауа үшін бәрін тастап, жетпей жатқан уақытын да жеткізіп, көрмей жүрген көзін де ашып, адамдар бір-бірін іздей бастады. Сағынды. Ықылым заманнан бері ауаны тегіп жұтып келген адамзат бір-ақ күнде оған қарыз екенін енді түсінді.

Марғұлан АҚАН