53 млн жыл бұрын құлаған метеорит: Қазақстанда таңғажайып нысан табылды
53 млн жыл бұрын құлаған метеорит: Қазақстанда таңғажайып нысан табылды


«Жаманшың кратері осыдан миллиондаған жыл бұрын метеориттің құлауынан пайда болған. Ол еліміздегі құндылығы жоғары геологиялық бірегей орын. Қазіргі таңда бұл жер ешбір қорғаусыз күйде жатыр. Осыны пайдаланып, Ресей және таяу шетелдің геологтары, астрономдары, археологтары келіп, оның ашық-шашық жатқан қазынасын бірнеше жылдан бері өз білгенінше мақсаттарына жаратуда. Бұл жер олардың сүйікті зерттеу мекеніне айналған. Метеориттің соқтығысуынан жер бетіне шығып қалған құнды жәдігер-артефакттарды адамдар Ресейге үнемі тасып жатады. Ресей зерттеушілері бұл жерге турист ретінде сапарлап келеді де, осында қалып, айлап қонып, қазба жұмыстарын жүргізеді», – деп көрген-білгенін жеткізді ол.Бұған дәлелді алыстан іздеудің қажеті жоқ. «Қара археологтардың» және олардың ізбасарларының YouTube арналары «Жаманшыңнан» әкетілген қазыналар туралы бейнероликтерге толып тұр. Олардың тірлігі жайын жергілікті тұрғындар да егжей-тегжейлі айтып, куәлік ете алады.

«Сізден сұрайтыным: «Жаманшин» (Жаман жер) метеорит кратерін мемлекеттік қорғауға алуды ұйымдастырсаңыз. Өз еліміздің геологтарын осы жерді зерттеуге жұмылдыруды қолға алсаңыз деймін. Жаманшың метеорит кратерінің орналасқан жерін білмесеңіздер, оны «Яндекс» картадан табуға болады», – деді Мөлдір Байкомурова экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевке хатында.Бұл мәселе бойынша экология вице-министрі Серікқали Брекешев түсініктеме берді. Ол кратер туралы білетінін, қолдарында тиісті зерттеу қорытындылары барын білдірді. Мысалы, учаскенің геологиялық зерттеуі – А.М.Есеналиновтың, Г.М.Яруллиннің, В.Г.Коряговскийдің «Жамашин құрылымындағы КМПВ сейсмикалық барлау жұмыстарының нәтижелері туралы» есебінде, сондай-ақ Я.Й.Бойконың, В.П.Дятковскийдің «Жаманшин кратерінің геологиясы мен құрылымы» еңбегінде, А.К.Волошконың «Жаманшин құрылымдарындағы гравибарлау және магниттік барлау жұмыстарының нәтижелері туралы» баяндамасында және басқа да есептерінде сипатталған екен.
«Жаманшың кратері Ақтөбе облысының Ырғыз ауданына метеорит құлауы нәтижесінде пайда болған. Қазақстан Үкіметінің 2006 жылғы 28 қыркүйектегі «Республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің тізбесін бекіту туралы» №932 қаулысына сәйкес Жаманшың шатқалындағы метеориттік кратер ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық құндылығы бар жер қойнауы учаскелеріне жатады», – деді вице-министр Серікқали Брекешев.Әзірге министрліктің ол жақта қандай да бір зерттеу жүргізуге қатысты жоспары жоқ. Мәдениет және спорт министрлігі де оны туристік нысан қатарына қосуға ниет танытпауда. Соған қарағанда қазақтың кратері қорғаусыз қалып, жасырын тонала беретінге ұқсайды. Негізі, біздің Үкіметтің ол жаққа назарын әлдебір ғажайып қана аудара алатын түрі бар. Мысалы, ғарыштан дәл сол жерге екінші рет метеорит құлауы керек сияқты. Әйтпесе, «Жаманшыңды» қорғауға алу керектігін былтыр бір топ Мәжіліс депутаты көтерген-тін. Олар Үкімет басшысы Асқар Маминнен осынау бірегей нысанды сақтап қалу үшін оған «геопарк» мәртебесін беруді сұрады. Сонда ол Қазақстанның жаңа туристік «інжу-маржанына» айнала алар еді. Өйткені еш жерде жарнамаланбағанына қарамастан, Жапония, Канада және Франциядан зерттеушілер келіп қайтқан. Оның үстіне қасынан «Ақтөбе–Ырғыз» жаңа трассасы өтеді. Алайда депсауалда көтерілген мәселелер аяқсыз қалды.