Жаңалықтар

Түркістан облысында мақта терім науқаны басталды

Түркістан облысында мақта терім науқаны басталды

 width= Түркістан облысында 125,8 мың гектар жерге егілген мақта дақылынан 331 мың тонна шитті мақта жинау жоспарлануда. Облыста мақта өсірумен 25 мыңнан астам шаруа айналысады және егістік жерлер мақта өсіруге бейімделіп, шаруалар озық тәжірибе қолдану нәтижесінде мол өнімге қол жеткізуде. Қазіргі таңда Жетісай, Мақтаарал аудандары  мен  Кентау қаласында мақта терім науқаны басталды. Өнімділігі гектарына 25 центнерді құрап отыр. Мақта терімін алғашқылардың бірі болып бастаған Мақтаарал ауданы Жамбыл ауылдық округіндегі «Арай» шаруа қожалығы. Аталған қожалық 5,5 гектар жерге «Мақтаарал 4017» мақта сортын еккен. Шаруа орташа есеппен гектарынан 27 центнерден өнім алуда. Бұл жұмыстарға ауыл тұрғындары тартылып, терілген мақтаның әрбір келісіне 30 теңгеден еңбекақылары төленуде. Бүгінде аудан бойынша мақта терім науқанына 15 бригада, 403 терімші қатысуда. Қазіргі таңда негізінен қол терім жұмыстары жүргізіліп, 125 гектар мақта алқабынан 269,5 тонна «ақ алтын» қамбаға жиналды. Мақта терім науқанына дайындау үшін комбайндарға жөндеу жұмыстары толықтай жүргізілген. Қосымша ауданға АҚШ-тан 23 дана «Джон-Дир» мақта терім комбайны сатып алынған. Сондықтан, былтырғыға қарағанда биыл мақта терім комбайндарынан қиындықтар тумайды. Осының арқасында мақтаны машиналық әдіспен теру 66%-ға жететін болады. Жалпы биылғы мақта терім науқанына 514 трактор, 1206 тіркеме және 151 комбайн қатысады деп күтілуде. Былтыр ауданда мақта өндіретін 5 зауыт және мақта қабылдайтын 60-тан астам бекет шаруаларға қызмет көрсеткен еді. Биыл да бұл өндіріс орындары жиын-терім науқанына дайындалуда. Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге, соның ішінде мақта шаруашылығын дамытуға мемлекет тарапынан қомақты қолдау көрсетіліп жатыр. Мәселен, күзгі дала жұмыстарын жүргізуге 39,2 мың тонна жанар-жағармай бөлініп, агроқұрылымдарға бір литрі 161-163 теңге көлемінде босатылуда. Сонымен қатар, қолда бар 457 мақта теретін комбайнның 92%-ы науқанға дайын. Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі