Бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағыты бойынша ағымдағы жылдың 8 айында атқарылған жұмыстардың қорытындысын баспасөз мәслихатында жариялады.
Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында облыс көлемінде жыл басынан бері 70 мыңға жуық адамды қамтыған 510-тан аса түрлі бағытта іс - шаралар өтті. Негізінен, бұл шаралар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен іске асырылған Жобалар шеңберінде өткізіліп келеді, - деп атап өтті Мирас Асқарбайұлы.
Брифинг барысында сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтуге және оның алдын алу тиімділігін арттыруға бағытталған тың бастамалар Департаменттің жанынан құрылған «Түркістан - адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің негізінде іске асып, қазіргі таңда киелі өңірде ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ететін бірқатар жобалар жүйелі жұмыс жасап жатқандығы айтылды.
Сонымен қатар, ел аумағында орын алған карантин режиміне қарамастан, Агенттіктің бастамасымен қолға алынған "Antikor.Live" жобасы аясында жыл басынан бері өткізілген 93 тікелей эфир 103 мыңнан аса және тегін ақпараттық, құқықтық кеңес беретін "Адал көмек" жобасы аясында өткізілген 358 тікелей эфир 191 мыңнан аса қаралымды жинап, бұл аталмыш жобалар арқылы облысқа қарасты барлық қала/аудан тұрғындары әр күн сайын онлайн форматта ақпарат алуға және түйткілді сауалдары бойынша сала маманынан нақты жауап алуға мүмкіндік алып отырғандығы атап өтілді.
Брифинг соңында Түркістан облысы бойынша департаментімен «Мемлекеттік сатып алудың бірыңғай терезесі» ақпараттық-талдау жүйесі арқылы сатып алу саласына жүргізілген мониторингтік жұмыстардың нәтижесінде, 2020 жылдың соңғы 8 ай ішінде жалпы соммасы 417 млн. теңгеден астам бюджет қаражаты үнемделгені хабарланып, жүргізілген сыртқы талдау нәтижелерімен 61 ұсыныс енгізілгендігі, ал 47-сі орындалып, 14-і орындалу үстінде екендігі айтылды.