Түркістан облысында «Nur Otan» партиясының праймериз ережесіне сай үгіт-насихат жұмыстары қыза бастады. Естеріңізге сала кетейік, үгіт-насихат жұмыстары қыркүйек айының 7 жұлдызынан бастау алып, қазан айының 3-ші жұлдызы сағат 14:00-ге дейін жалғасын табатын болады. Алдын ала тартылған жеребеге сай «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филалының барлық аудан-қалалық филиалдарының ұйымдастыруымен үміткерлердің халықпен кездесулері өткізілуде. Дәл осындай шаралардың бірі – Жетісай ауданында өтті. Шара барысында 10 үміткердің 8-і партияластарына өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстырып шықты.
Бастауыш партия ұйымдарының атынан праймеризге қатысушы үміткерлердің сайлауалды бағдарламаларын ресми таныстыру рәсімі Отырар, Созақ, Ордабасы, Түлкібас, Бәйдібек, Мақтаарал, Сарыағаш, Қазығұрт аудандарымен қатар, Түркістан, Арыс және Кентау қалаларында жалғасын тапты. Кездесулер праймериз ережесіне сай, барлық талаптардың орындалуымен жіті бақылауға алынып өткізілуде.
Айта кетейік, жалпы Түркістан облысы бойынша «Nur Otan» партиясының праймеризіне 1144 адам қатысуға ниет білдіріп, тіркеуден өткен болатын.