«Айгүл» ансамблі жартығасырлық мерейтойын атап өтті

12 Наурыз, 2019 679 0

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «Айгүл» вокалды-аспаптар ансамблінің 50 жылдығына арналған «Аңызға айналған «Айгүл» атты салтанатты кеш өтті. Бұл туралы оқу орнының Баспасөз және қоғаммен байланыс бөліміне сілтеме жасап, newsroom.kz тілшісі хабарлайды.

Қазақ өнерінің қарашаңырағы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында ұйымдастырылған мерейтойлық концертте ансамблдің бірнеше буыны қатар өнер көрсетіп, өнерсүйер қауымды жастық шағына саяхат шектірді.

Кеш шымылдығы «Аңызға айналған «Айгүл» атты театрландырылған бейне қойылыммен ашылды. 

Мерейтойлық кештің ресми бөлімінде Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің, «Айгүлдің» мерейтойына орай жолдаған құттықтау хаттары оқылды. Сонымен қатар шарада Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Такир Балықбаев, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есполов, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров, «Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшанов, Қазақстанның Еңбек Ері, белгілі педагог Аягүл Миразова, қоғам қайраткері, Қыздар университетінің түлегі Асылы Османқызы және өзге де жоғары оқу орындарының басшылары мен танымал азаматтар өнер ұжымының мерейтойымен құттықтады. 

Өз кезегінде Қыздар университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова көзіқарақты көпшілік «қазақ қыздарының парасат мектебі» деп ат қойып, айдар таққан Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті өзінің 75 жылдық тарихында тек жоғары білікті педагог мамандар даярлап қана қоймай, еліміздің мәдениет саласының дамуына да елеулі үлес қосқанын атап өтті.

Кеш барысында ансамблдің шоқтығы биік әндері орындалып, өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді.

Бірнеше буынның жастық шағын көз алдыңа әкелетін әйгілі «Айгүл» ансамблінің жартығасырлық  мерейтойы осылай ел жадында қалды. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткеріӨзбекәлі Жәнібековтің өзі «Айдай жарқырап, гүлдей жайнаса, нұр үстіне нұр болмас па?» деп «Айгүл» атауын берген өнер ұжымының кешегі бойжеткендері бүгінде ақ жаулықты ана, аяулы әжеге айналған. Елу жылда ел жаңарып жатқанда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалықуниверситеті дәстүрден жаңылмай, үрдісті бұзбай, кешегі «ЖенПИ»дің аңызға айналған ансамблінің өнерін жалғастырып келеді.




Тегтер: өнер, «Айгүл»ансамблі, ЖенПИ, ән, мерейтой

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.