Бүгін Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен "1 қыркүйек - Білім күніне" орай, еліміздің барлық оқу орындарында бірыңғай онлайн жалпы республикалық «Адалдық сағаты» өтуде.
Іс-шараның негізгі мақсаты – өскелең ұрпақтың бойына сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және адалдық, әділдік, парасаттылық және сенім сынды маңызды адамгершілік құндылықтарды сіңіру.
Онлайн-дәріс Тұран даласының ХІІ ғасырдағы ұлы ойшылы Қожа Ахмет Ясауидың адалдық қағидаларын түсіндіруге бағытталған.
Түркі әлемінің дамуында Ясауидің рөлі айрықша, оның мұрасы түркі мемлекеттері арасындағы достық қарым-қатынастардың қалыптасуында үлкен рөл атқарды.
Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев «Қожа Ахмет Ясауи Орталық Азиядағы оның ішінде Қазақстанда да, барлық түркі халықтарының ұлттық рухани ілім жүйесін өрнектеп берді» деп атап өткен.
Бейне-дәрістерде оқушылар мен студенттер «ақыл кітабы» – «Диуани-Хикметте» жинақталған адалдық, әділдік, парасаттылық, қарапайымдылық пен мейірімділік сияқты адами құндылықтарға шақыратын ұлы ойшылдың сөздерімен танысады.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен бейне-сабақ республикалық және өңірлік телеарналар эфирінде көрсетіліп, сондай-ақ Агенттіктің Youtube-арнасында және әлеуметтік желілерде орналастырылды.