Еңбек пен қанағат: Мұғалім отбасымен 4 жыл бойы темір контейнерде тұрған
Еңбек пен қанағат: Мұғалім отбасымен 4 жыл бойы темір контейнерде тұрған
Ол төрт жыл бойы темір контейнерді паналауға мәжбүр болды. «Оқушыларым көріп қоймасын деп вагоннан ұрланып шығамын» дейді. "Темір үй" қыста суық, жазда ыстық. Жолдасы құрылыс нысанында ауыр жарақат алған. Жұмысқа жарамсыз. Әлі күнге дейін оның күтімін жасайды...
Ол – география пәнінің мұғалімі. Мектеп пен вагон арасы – 4 шақырым. Жаяу барып, сабақ беріп келеді. Сабақ арасында екі баласы мен жолдасының ас-суын әзірлеп кетеді. Мектептен босаған сәтте таң атпай қарақат теріп, оны базарға өткізеді...
Ол өзінің жағдайын айтып, әкімдік жағалап, шағымын жеткізіп, халықтан көмек сұрап, алақан жайған емес. Тіпті, кешегі күнге дейін мектеп ұжымы оның жағдайынан бейхабар еді...
Оның өмірдегі қос қанаты – еңбек пен қанағат. Ендеше, батыр анамен таныс болыңыздар. Есімі – Мая Сафонқызы...
Бүгін Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мұғалімдер күні мерекесіне орай Мая Сафонқызына Қоянды ауылындағы 3 бөлмелі үйдің кілтін табыстады.
Мұғалімді ерекше қуанышқа бөлеген Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлына, «Зекет» қорының ұжымына, елорда имамдары мен негізгі қаражатты беріп, демеушілік жасаған кең жүректі кәсіпкер Ерлік Хайдарұлына, үйді жиһаз бен тұрмыстық заттарға толтырған барша азаматтарға Алла разы болсын.
Бүгін – 4 жылдық сынақтың кішкентай ғана сыйы берілген күн. Тағдыр ісіне мойымай, еңбек мен қанағатты өмірлік ұстанымына айналдырған Маяның өжеттігі мен қайсарлығы қазақтың қыз-келішектеріне, қит етсе ажырасуға бір иығын беріп тұратын жандарға өнеге болса дейсің...
Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ