Бейнеу, Маңғыстау облысының ең шалғай ауданы. Бұйра құмдардың баурайында орналасқан елді мекеннің, көкжиегіне қарасаң көзің талатын кең жазира, шағыл құмды құтты мекен.
Ағашы аздау ауданның кіре берісінде көпке көлеңке, жолаушыға сая болған жасыл желекті бақты көзіңіз шалады. Ол «ЕСЕНҒАЛИ ОРМАНЫ».
Ақын өз қалтасынан ақша шығарып құм суырған шөл даланың төріне ағаш отырғызып, жасыл орманды жайқалтып қойыпты
. Жайсаң ақынның жалынды жырына қанып өсіп едік, ағамыздың мына ісі елге үлгі, көпке өнеге екен.
«Атадан балаға мал қалғанша, тал қалсын» - дегендей осы жолы Есағаңның талғамына тәнті болдым. Ол бір ғана ісімен көпке ой салып, қазақтың әр ұл-қызына жол көрсеткендей болды маған. Бұл ағамыздың азаматтығы.
Алпыстан асқан ағамыздың ағылшыншасы бүгінде «Абай жолын» ағылшынға аударуға жетіп қалған шығар. Тіл үйреніп, білім іздеу жолында мойымайтын, ағамның табандылығына сүйсіндім. Бүл ақынның біздерге көрсеткен үлгісі.
Жазған жырлары жанға жалын, рухқа азық, тәнге қуат береді. Бір ғана ағамыздың сөзіне жазылған «Қара бауыр қасқалдақ» әні заманында бүкіл қазақ халқының рухын көтерді емес пе? Бұл азаматтың ақындығы.
Әңгіменің майын тамызып айтқанда сілекейің шұбырып, аузыңнан су ағып отырғанын байқамай қаласың. Қазақтың мүйіздері қарағайдай жақсымен жайсаңдарымен қатар жүріп, қолдарына құманмен су құйғандай әсер аласың. Бұл ағамыздың әңгімешіл шешендігі.
«Сегіз қырлы бір сырлы» Есағаңның ағалығы бір төбе. Жақсылығымызды асырып, жамандығымызды жасырып, балалығымызды кешіріп, еркелігімізді көтеріп жүрген ағамыздың бұл қасиеттерін қалай айтпасқа. Бұл ақынның кең жүректі, кешірімшіл ағалығы.
Басы ноқтаға сыймайтын ағамыздың еркелігін көтеріп, әндеріне әр, жырларына нәр беріп жүрген Есағаңның бүтін бағының жартысы, асыл жеңгеміздікі. Аға-жеңгей баянды бақыт тілеймін сіздерге.
Мына фәни дүниеге келген әр пенденің өз мақсаты бар. Есағаңша айтсақ:
Жамағат!
Біздің тарих алтын шынжыр,
Әр жерден жиі үзіліп, көп жалғанған-демекші. Есағаңның мына дүниеге келген мақсаты, жиі үзіліп, көп жалғанған қазақтың алтын шынжыр тарихын жалынды жырымен жалғауға келгендей болып көрінеді маған. Дүние есігін ашқан күніңіз құтты болсын ағау.
Мақсат СҚАҚОВ