Apple арзандау бағада сатылатын жаңа смартфон шығарды. Компанияның смартфон нарығындағы жаңа өнімі iPhone SE деп аталады.
Жаңа смартфонның дизайны осыған дейін шыққан IPhone 8-ге ұқсайды. 4,7 дюймді Retina дисплейімен және 12 мегапиксель камерамен жабдықталған. Экранда батырмасы және Touch ID саусақ сканері бар. Apple компаниясының iPhone 10 және iPhone 11 смартфондары экрандағы батырмасыз шыққан.
Жаңа iPhone SE процессоры соңғы iPhone 11 Pro секілді жасалған. Яғни A13 Bionic процессорымен жабдықталған.
Гаджеттің батарея қуаты тура IPhone 8 смартфонымен бірдей. Жылдам қуаттандыру және сымсыз адаптер арқылы қуаттауға да болады. Компания таныстырған жаңа смартфонда да екі sim-карта салуға болады.
64, 128 және 256 гигабайт жады бойынша үш түрлі болады. Сондай-ақ қара, ақ және қызыл түсте сатылады. Ал бағасына келетін болсақ, шамамен 399 доллар (170 мың теңге шамасы) көлемінде болады.