Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
3 қазан, 2020 / NewsRoom / Жаңалықтар

«Екінің бірі» деген кім?

«Екінің бірі» деген кім?

«Екінің бірі» деген кім?
ашық дереккөзі
 width= Әдетте қалыптасқан санадағы түсінік үрдісі бойынша екінің бірі деген теңеуді көп қауым ренішпен қабылдап жатуы бек мүмкін. Ерекшеленуге бейім тұратын адамзат баласы екінің бірісің деген кесімді сілтемені өзіне қабылдауға дайын емесі де байқалып жүретін көрініс. Сөзге, сөздің астарлы мәніне назар бұрып, теңеудің түбін түсіретін қазаққа тіпті ерекше жағдай. Ендеше, осы бір, «екінің бірісің!» деген атауды қазақтың Қадыр Мырза Әлі ақыны қалай қолданғанын таратып, жазайық. Қадыр ақын өзінің өмір жолы мен байланыстыра жазған «Иірім» атты эсселерден тұратын биографиялық кітабында былай баяндайды: «Бірде «Қаламгер» кафесіне біреуді іздеп кіре қалып едім, 3-4 адамның ішінде Тахауи Ахтанов отыр екен. -  Бері кел, кел бері!-деп шақырды. Шынын айтсам талай-талай аузым күйген сорлы басым, барғым келмеді. Қасында қаламгер достары отыр екен. Үлкені Қалижан Бекқожин. -  Кел дедім ғой, бері кел енді!-деп қайталады әлгі сөзін Тахаң. Бармасам шынымен ренжиін деп отыр. Оның үстіні мені көрмесе тұра алмайтын туыстай қасындағы бос орындықты өзіне қарай жылжытып, арқалығынан басып отыр, бардым. Амандастым. -  Қадыр!-деді Тахауи ағам жайғасар жайғаспастан. Сірә, бірден тұқыртып алайын деп ойлаған шығар. -  Есіңде бар ма осыдан екі-үш ай бұрын кешкілікте маған телефон соғып, «Жұлдыз» журналының соңғы санындағы Қалекеңнің өлеңін оқыдыңыз ба? Қартайған ба? Алжыған ба әлде? Деп едің ғой, соны енді өзіне айтшы! Мен, әрине,не дерге білмей сасып қалдым. Барып тұрған таза провакация! Әзіл-қалжыңдардың талайын көріп жүргенмін, тап мынандай ашық арандатуға барады деп өмірі ойлағам жоқ. Менде адаммын ғой, не де болса бірдеңе деп жауап беруді ойладым да, сәл сабыр еттім. -  Қойыңызшы, Таха! Екінің бірі айтты екен деп, Қалекең мұндай провакацияға арандай қоймас!-дедім. -  Екінің бірі деп отырғаның мен бе сонда?! -  Әрине, Сіз! -  Жоқ! Мен екінің бірі болып көргем жоқ. Бола да алмаймын! -  Болғанда қандай! Боласыз! -  Қалай болам! «Екінің бірі» деген не сөз өзі?! -  Екінің бірі деген, меніңше өте жақсы сөз!- дедім мен әлі де болса қалай ақталарымды білмей. Осы сасқанымды сезе қойған болуы керек, Құдай өзі құтқарды. -  Екінің бірі деген: Бірі – Құдай, бірі – Сіз!-дедім, болат қақпаннан әрең құтылып. Енді не болар екен деп іштен тынып отырған ағайындар, менің әлгі оқыс жауабымнан кейін жаппай күліп жіберді. Тахаң да күлді. - Әй, молодец деді». Екінің бірі деген ауыз екі сөздің баламасына теңдессіз теңеу табылды деген осы. Дана қазақ «сөз тапқа қолқа жоқ!» дегені де осы шығар, бәлкім.

Б. Нұр-Мұхаммед