Қазақстандағы LRT құрылысы: қылмыстық іс сотқа жетті
Қазақстандағы LRT құрылысы: қылмыстық іс сотқа жетті
Елорда әкімдігі мен Astana LRT ЖШС лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс сотқа берілді. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бигайдаров брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Newsroom+Ақпарат агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жеңіл рельсті көлік жобасын іске асыру кезінде 5,8 миллиард теңгені жымқыру дерегі бойынша Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің, "Астана LRT" ЖШС және басқалардың лауазымды адамдарына қатысты қылмыстық істі аяқтап, сотқа жолдады", - деді ол.
Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет LRT салу кезіндегі ұрлық дерегі бойынша қылмыстық істінің тергеуі аяқталғанын мәлімдеген болатын. Миллиардтаған жымқыру схемасы ашылып, құқық қорғау органдарының мәліметінше, оған Нұр-Сұлтан әкімдігінің, "Астана LRT" компаниясының лауазымды тұлғалары және жеке компаниялардың директорлары қатысты екені анықталған.
Ақпарат бойынша, сотқа 7 адам берілді. Астана әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков, "Астана LRT" компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ардан "күзетпен ұстау" бұлтартпау шарасымен халықаралық іздеуде. Бұған дейін қалалық мәслихаттың хатшысы Жанат Нұрпейісовтің қамауға алынғаны да хабарланған болатын.
Тергеу мәліметтері бойынша, қылмыстық схеманы астана әкімінің орынбасары Сұлтанбеков пен "Астана LRT" басшысы Ардан шетелдік және қазақстандық компаниялардың көмегімен ұйымдастырған. Аталған лауазымды тұлғалар әкімдік басқармасы басшыларының қатысуымен шығындарды 24 миллиард теңгеден асыра бекіткені туралы хабарланды.
Әр айыпталушының кінәлілік дәрежесі туралы түпкілікті шешімді сот шығарады. ҚР ҚПК 201-бабының тәртібімен және тергеу мүддесіне сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.