Жастық жалын қайда

07 Наурыз, 2019 670 0

2019 жыл – Жастар жылы деп жарияланды. Мұны естіген бетте бөркін аспанға атып, көп жас қуанды. Сол қуаныштың қаншалықты ұзаққа барарын бір жыл көлемінде көз көреді. Елбасының бұл бастамасы жөнді жолға қойылар болса, қоғамда қозғау пайда болады. Бүгінгі жастың бейнесі қандай? Олардың ойлағаны не? Жастар жылына қандай ұсыныс бар? Осы сауалдардың жауабын іздедік. 

Мемлекет басшысы 2018 жыл­­дың қазанында Қазақстан хал­қына Жолдауын жариялады. Сол жерде «Жастар мен отбасы инс­титутын кешенді қолдау мем­лекет саясатының басымдығына айналуы тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған ша­раларды толық қамтитын әлеу­меттік сатының ауқымды плат­формасын қалыптастыру керек. Келесі жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынамын» деді Президент. Газетімізде бұған дейін «Жастар жылы нені ескеруі тиіс?» деген тақырыппен мақала жарық көрді. Ол жерде бірқатар тың ұсыныстар мен ескертулер айтылған болатын. Енді бұл жолы ұсыныстан бұрын, жастар бо­йында қандай мәселе барын те­реңірек талдаған жөн деп шештік. 

Сулейман Демирел атында­ғы университеттің жастармен тікелей жұмыс іс­теп жүрген қа­уымдасты­рылған профессоры, өнертану докторы Мол­дияр Ергебеков жастардың өзіне деген сенімсіздігін жою керегін айтып отыр. «Қазіргі жастардың ең үлкен проблемасы – өзіне де­ген сенімсіздігі. Оған жұмыс­сыз­дық пен жоғары білім ала алмауы себеп десек болады. Әри­не, елі­міз­де жоғары білім беретін оқу ор­ын­­дары жетерлік. Бірақ саны көп болғанымен, сапасы жоқ. Яғни, бүгінгі жастар универ­си­тетте қаншалықты білім алып жат­­қанын жақсы біледі. Сондық­тан өзіне сенімсіз. Осы ретте олар­дың бойындағы сенімді қай­та қа­лыптастыру керегін айтқым ке­леді. Көпшілігі бұл мәселенің ше­шімі ретінде идеология керек дейді. Өз басым оған сенбеймін. Жай ғана жастарға құлақ асып, оларды тыңдай білуіміз қажет. Олар­дың ойында не бар, қандай ұсыныс айтқысы келеді? Мем­ле­кет жастарға және жалпы қоғамға жұмыс істеуі тиіс. Мысалы, мына нәрсені түсіне алмаймын. Ұлттық және мемлекеттік университет­терде коммерциялық бөлім бар. Бұл – өте күлкілі нәрсе. Қазақстан бір жағынан әлеуметтік мемлекет болғысы келе тұрып, осындай ақылға сыймайтын әрекет жа­сайды. Ай­талық, ҚазҰУ, ЕҰУ, ҚазҰПУ сын­ды оқу ордаларында ақылы бөлім болмауы керек. Студенттер тегін бі­лім алуы қа­жет. Екінші мәсе­ле – жастардың саясатқа ара­ласа алмауы. Ары кеткенде бүгін­гінің жастары саясаткер­лердің қол­шоқ­пары не қолсоғары болып отыр. Олар бұдан былай саясаттың күр­сісінде тұруы тиіс. Бізде сая­сат­­ты көбіне билік деп түсінеді. Жоқ. Ол – қоғамның күнделікті өмі­рін ұйым­дастыру. Соған енді жастар­ды аралас­тыруымыз керек. Жастар елімізде саясаттың объек­тісі болудан ары аса алмай отыр. Негізі субъектісі болуы тиіс», – дейді ол. 

Бұл пікірмен журналист Рус­лан Меделбек те келіседі. Ал­дың­ғы кезекте өзіне сенімді жас­тардың қалыптасқаны маңызды дейді. Ол мынадай пікірді алға тартты: «Қазақстанда жастардың білім алуына мол мүмкіндік бар. Бұл – үлкен күш. Білім сапасына қатысты олқылық өте көп екені белгілі. Мейлі, ол мектепте не уни­верситетте болсын. Бірақ факт сол – кез келген адам білім ала алады. Айталық, соңғы 20 жыл­да мемлекеттің шапағатын көріп, «Болашақ» бағдарламасы арқылы, болмаса мемлекеттік грант есебінен білім алған жастар ептеп қоғамның барлық саласына араласа бастады. Еуропамен салыстырып көрсек. Мұнда жас­тарға білім беру ғана емес, басқа да мүмкіндіктер көп. Ең алдымен, өзіне деген сенімі берік болғаны жөн. Жастардың ешқайсысы оқу бітірген соң «Мен қалай жұмыс табамын?» деп уайымдамауы керек. Біздегі ең үлкен кедергі – еңбек өтілі мәселесі. Соны түбе­гейлі жойған жөн. Қазіргі заман басқа. Кім креатив ойлай алса, со­лардың мүмкіндігі мол. Кеңес ке­зінен қалған «стажы көп адам­ды алу керек» деген ұстанымға қа­рағанда, қызметкердің мүм­кін­дігіне көбірек қараған дұрыс деп ойлаймын. Мәселен, Батыста со­лай. Еңбек өтілінің рөлі бар, бірақ басымдық оған берілмейді. Тест, сұхбаттан өтеді. Жастар жы­лында осы мәселені қолға алса деймін. Алдағы бес жылда еңбек өтіліне емес, білігіне қарап баға­ланса екен. Бізде екі-үш дипломы болса да, жұмыс таппай жүрген­дер бар. Еуропада колледждің құжа­ты­мен-ақ жақсы қызметте жүр­ген­дер кездеседі. Өйткені баға­лай­тын­дары – жоғары білік пен қабілет». 

Биыл баспаналы болу же­ңілдей түсуі керек. Жастарға ең керегі – үй. «Жастар жылы не кү­­тесіз?» деп сұрасаңыз, көпші­лігі осылай дейді. Өйткені Қа­зақстандағы күйіп тұрған мәсе­ленің бірі осы. Руслан Медел­бек­тің айтуынша, қазақы «қара­ ша­ңырақ» түсінігінің өзі баспа­наға қажеттілікті көрсетеді. «Бізде бас­панамен қамтамасыз етуге арналған бағдарламалар көптеп жасалып жатыр. Бірақ әлі де жеткіліксіз. Жастардың өзіне тиесілі үйі болса, көп мәселе оңы­нан шешілер еді. Сондықтан жастарға арналған бағдарла­ма­ларды әлі де көбейту керек. Тұр­мыстық мәселелердің дені осы­ған келіп тіреледі. Посткеңестік елдердің бәрінде жағдай осыған ұқсас. Қазақтарда «қара шаңы­рақ» деген ұғым бар. Бізге тән нәрсе бұл. Еуропада баспана болмауын мәселе көрмейді. Көшіп жүре бе­реді. Бір айта кетерлігі, олар­дың жалақысы да соған сай. Әл­бетте, орташа айлық жалақы көлемі бізде де көтеріліп жатыр. Дегенмен Еуропамен салыстыр­ғанда, аз. Батыста 2 мың АҚШ доллары, өзім тұрып жатқан Чехияда мың доллардан асады. Бұл болса, еш кедергісіз пәтер жалдауға мүмкіндік бере­ді», – дейді журналист. 

Сонымен бірге, Руслан жас­тардың дамуды өздігімен қолға алғаны жөн деп есептейді. Яғни, тек мемлекеттен көмек күтіп отырмай, өзін-өзі дамыту бірінші кезекте әркімнің өзі үшін қажет. Келесі мәселе – жастардың бі­лім­ге құштарлығы. Оған мем­ле­кет тікелей әсер ете алмауы мүм­кін. Бұл ретте жастардың өзі со­ған мүдделі болуы тиіс. Олар ешқандай парасыз, шынайы білім арқылы жетістікке жетуді мақсат етіп қойғаны жөн. Өз тәжірибемнен байқағаным, бұл заман – тіл білгендікі. Заман­дастарымның дені мүмкіндік болса, шетелге баруды көздейді. Ол үшін тіл үйрену керек. Бүгінде шетелде қызмет етіп жатқа­ным­мен, түбінде елге оралатынымды білемін. Алдыңғы кезекте адам­затқа, елге, ұлтқа қызмет бірінші орында тұруы қажет. Қазақ және орыс тілінен бөлек тағы бірнеше тіл білсе екен деймін. Өзім де көп тіл үйренуді жүрген жерімде насихаттап келемін. Қоғамға көптеген таптаурындарды бұза­тын жастар қажет. Кеңес кезінен қалған менталитеттерді бойына сіңірмей, жаңа заманға лайық­талса екен. Қазақстанда адам құқығы бірінші шепке шыққаны жөн. Әсіресе, жастардың құқығы. Бізде кез келген адамның жеке тұлға екені ескерілмей жатады. Еуропада еркіндік бар. Жұмыста жұмысшының құқығы қорғала­ды, кәсіподақтар мен заңдар да нақты жұмыс істейді. Қызмет барысында күйзеліс аз. Мысалы, Чехия кітап оқудан орта есеппен әлем бойынша ондыққа кіреді. Бұл жақта кітап құшақтап жүр­ген­дерді көп көремін. Демек, олар­да оқуға уақыт бар деген сөз. Бізде жағдай басқаша. Жастар тайм-менеджмент мәселесін қол­ға алса жөн болар еді. Біраз та­нысым тіл үйренуді бастап, со­ңын­да тастап кетті. Оған себеп – жұмыстағы күйзеліс. Шаршап келген оларды сөге алмайсың. Үйге дейінгі ұзақ жол, кептеліс жүйкеге тиеді. Жастардың өзін дамытуға мүмкіндігі болмай жат­қаны да содан. Мемлекет осы тұрғыда оларға әлеуметтік вакуум құрып берсе деп ойлаймын. Яғни, жоғарыда атап өткен мәсе­лелердің барлығын шешетін, тар емес кеңістік керек. Бүгінде «жұ­мыстан шығып қалмайын» деген үрей тұрады. Батыста жұ­мыс­шы­ны аяқасты, бір күнде шығарып жібермейді. Қызметтен босатқан күннің өзінде бірнеше ай бұрын ескертіп, жұмыс тап­қанша ақы төлейді. Біздің заңда да ондай қарастырылған. Бірақ «өз еркімен шығу туралы өтінішті» күштеп жаздырады. Олай етпесе, еңбек кітапшасына жағымсыз сипат­тама қосады», – дейді бүгінде шетелде қызмет ететін Меделбек. 

Жастар жылы қазақстандық қана емес, жалпы қазақ жаста­рының мәселесі шешілгені де жөн. Мұндай пікірді саясат­та­нушы, «Қиырдағы қазақтар» жобасының жетекшісі Олжас Беркінбаев алға тартып отыр. «Әлемнің 33 елінде 5 миллионға жуық қазақ тұрады. Соның ішін­де, фавориттер – жастар. Демек, биыл шетелдегі қазақ жастарын да тарту керек. Елімізге шақырып, лагерьлер ұйымдастырсақ. Ерікті түрде жұмысқа шақыру керек. Біріншіден, олар тіл біледі. Екін­шіден, түрлі елдің дәстүрі мен көзқарасымен жақсы таныс. Осы арқылы екеуара мәдениет алмасу жүрер еді. Мұндай тәжірибе Израильде бар. Сол жерде еврей ұлтына қатысы бар әр елдің жастарын 4-5 айлық жұмысқа шақырады. Бір лектің соңынан екіншісі басталып, солай кете береді», – дейді Беркінбаев. Со­нымен бірге, отбасы институтын қалыптастыру мәселесін де қозғады. Олжастың айтуынша, бүгінде статистика бойынша, үйленген әр үш отбасының біреуі ажырасады екен. Оның дені – жастар. «Бұл жерде отбасы құн­дылығының насихаты керек. Көршілес Өзбекстанды қараңыз. Шетелге гастарбайтерлер көп кететін, әлеуметтік жағдайы төмен ел болса да, ажырасу аз. Себебі, оларда ақсақалға бағыну мәдениеті бар. Бізде де соны дамыту керек», – деп түйіндеді ойын саясаттанушы. 

Жадыра АҚҚАЙЫР 

Дерек көзі: aikyn.kz



Тегтер: жастаржылы2019, елбасы, президент, жолдау, жастаржылынаарналғанмақала, МемлекетбасшысыНұрсұлтанНазарбаев, қазақстан

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Тагордың үйі

06 Мамыр, 2019

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.