"Shymkent city" қалашығындағы 16 қабатты тұрғын үйлер маусым айында ел игілігіне беріледі

"Shymkent city" қалашығындағы 16 қабатты тұрғын үйлер маусым айында ел игілігіне беріледі

ашық дереккөзі

Биыл тамыз айында «Shymkent City» қалашығында 1048 пәтерлі 16 кредиттік тұрғын үй мен 2 инженерлік инфрақұрылым нысаны пайдалануға берілмек. Сонымен қатар, ағымдағы жылы қалашықта 4,3 млрд теңгеге жалпы ұзындығы 13,8 шақырымды құрайтын 7 көшенің құрылысы аяқталмақ. Таяуда Шымкент қаласының әкімі М. Әйтенов жаңа қалашықтағы салынып жатқан тұрғын үйлерді аралап көрген болатын. Шаһар басшысы өз сөзінде қажетті құрылыс материалдарын тасымалдаушы көліктерге қалада жүріп тұруына ешқандай кедергі болмау керектігін атап өткен еді. Қазіргі таңда «Shymkent City»-де француз сәулет стилінде 16 қабатты тұрғын үйлер бой көтеруде. Тұрғын үй кешені аумағында заманауи спорт алаңдары, автотұрақ бар. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, ол тұрғын үйлердің 4-уі маусым айында, яғни Қала күніне орай тапсырылмақ. Аталған тұрғын үйлердің құрылысын «Отау Строй» компаниясы жүргізуде. Бас инженер Абжат Акимовтың айтуынша, қалашықта 360 пәтерлі тұрғын үйдің негізгі бөліктері аяқталған. Қазір ішкі жөндеу және қасбеттерін қаптау жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар, қалашықта 1200 орындық жаңа мектептің құрылысы аяқталған. Енді сол маңнан балабақша салынады. Қажетті инженерлік-инфрақұрылым тартылған. Өз алдына модульді жылыту қазандығы бар. Ол мекемелер мен тұрғын үйлерді жыл он екі ай ыстық сумен қамтиды. Еске сала кетсек, «Shymkent City» шағынауданының жалпы ауданы — 427 га, 12 орамға бөлінген. Соның ішінде, мемлекет қаржысы есебінен 24,5 га құрайтын 1-ші орамда жалпы құны 27 млрд теңгеге 43 нысанның құрылысы жоспарланған. Оның 39-ы — көпқабатты тұрғын үй. Бүгінгі таңда қалашықта 25 нысан пайдалануға берілген, 23 көпқабатты тұрғын үйдегі 1290 пәтер ел игілігінде.

Жүктелуде...