Түркістан облысында әлеуметтік салада жұмыс күшейеді

06 Наурыз, 2019 5090 0

Жаңа өзгерістер бойынша Түркістан облысында атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 283 мыңға жетіп, 2018 жылмен салыстырғанда 87,4 мың адамға артады. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ербол Садыр мәлімдеді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының съезінде берген тапсырмаларын талдауға арналған мәжілісте өңірдің даму деңгейі, алда атқарылатын жұмыстар сөз болды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, newsroom.kz хабарлайды.

Ербол Садырдың айтуынша,  былтыр  34 389 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алса, оның 16,5 мыңы – көпбалалы отбасылар. Елбасы тапсырмасына сәйкес, алдағы уақытта мемлекеттік қолдауға ие болатын тұрғындар саны арта түспек.

Облыста тұрғын үй салу, денсаулық сақтау, білім, аудан-қалаларды инфрақұрылыммен қамту бағытында жұмыстар атқарылған. Былтыр тұрғын үй құрылысы қарқын алып, 3047 отбасы қоныс тойын тойлады. Аудандарда  3 инсульттік орталық ашылып, 62 елді мекенге модульдік медициналық пунктер орнатылған. 120 балабақша ашылып, балалардың 95 пайызы балабақшамен қамтылды. Биыл ол көрсеткіш 100 пайызға жетпек. 80 білім нысанының құрылысы жүргізіліп, 39-ның құрылысы аяқталған. 

Облыста 956,6 шақырым жол мен 7 көпірде жөндеу жұмыстары атқарылып, 521,9 шақырым жол пайдалануға тапсырылған.  Биыл ауыз су саласы бойынша 81 нысанның құрылысы басталған. Табиғи газбен қамтылған елді мекендер саны 385-ке жетіп, 2017 жылмен салыстырғанда 12 пайызға артқан. Сапалы электр қуатымен қамту көрсеткіші ұлғайған. Бұл бағытта жұмыстар қарқын алады.

Мәжілісте жарыссөзге шыққан кәсіпкер Сырым Ертаев «Ауыл – ел бесігі» жобасы тұрғындарға үлкен көмек және кәсіпкерлер де осы бағдарламаға үлес қосуы керек екенін айтса, көпбалалы ана Түймегүл Ергешқызы көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақының өсуі елді қуанышқа бөлегенін жеткізді. «Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің төрағасы, жазушы Мархабат Байғұт Елбасымыздың әлеуметтік салаға, өңірлерді дамыту мәселесіне ерекше тоқталғанын айта келе басшылар осы міндетті орындауда халыққа жақын әрі қамқор болса деген тілегін жеткізді. Партияның «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты бағдарламасы елдің еңсесін тіктеп, дамуына ықпал ететінін құжат екенін атап өтті.

Мәжілісті қорытындылған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев «Мемлекет тарапынан барлық салаға тиісті қаражат бөлініп жатыр. Сондықтан Елбасы жүктеген міндеттерді орындау бағытында жұмысты ширатуымыз қажет. Аудан, қала әкімдері тұрғындармен жиі кездесіп, олардың жағдайын біліп тұру керек. Кабинетте отырып,  құрғақ есеп бермей, елмен етене араласып, жағдайын жасаңыздар. Елге қызмет ету, Түркістанды түлету – баршамыздың парызымыз», – осы мәжілістегі тапсырмалар бойынша әкімдер мен басқарма басшыларының жұмысы жүйелі түрде қадағаланатынын жеткізді.


Тегтер: әлеуметтіксала, түркістан, ауызсу, үй, көпбалалы

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.