«Салиқалы ұрпақ» қайырымдылық қоры аз қамтылған отбасылардың оқушыларына жазғы демалыс ұйымдастырды
«Салиқалы ұрпақ» қайырымдылық қоры аз қамтылған отбасылардың оқушыларына жазғы демалыс ұйымдастырды
Болат Назарбаевтың «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қоры Түркістан мен Алматы облыстарынан 60 баланы «OFFLINE демаlike» жазғы лагеріне апарды. Олардың арасында 20 оқушы Мақтарал ауданында су тасқынан жапа шеккен отбасылардың балалары. Бұл туралы Newsroom+Ақпарат агенттігі хабарлайды.
Еліміздегі эпидемиологиялықжағдай мен карантин шараларының енгізілуіне байланысты лагерь жұмысының дайындығы белгіленген мерзімнен кейін басталды.
Ұйымдастырушылардың арқасында Алматы облысында таудың баурайы мен көлдің жағасындағы ең әдемі жайлауда орналасқан лагерь балалар келгенше дайын болды.
Оқушылардың ата-аналары қордың ұлттық құндылықтарды қастерлейтін лагерьде жазғы демалысты ұйымдастыру ұсынысын қуанышпен қабылдады.
«Қайырымдылық қоры қиын кезеңде қолдау көрсетті. Лагерьде өткізген 10 күн балалардың есінде мәңгі сақталады деп сенемін. Олар демалыстан алған ұмытылмас әсерлерін қуанышпен еске түсіреді деп ойлаймын», — дейді бір оқушының әкесі Еркін Рыхымбаев.Лагерьде балалар әртүрлі спорт шаралары мен ұлттық ойындарға қатысты. Олардың арасында қазақша күрес, арқан тарту, бәйге, бүркітпен саят құру және басқалары бар. Он күн ішінде балалар үшін ораторлық шеберлікті дамытатын арнайы зияткерлік байқаулар ұйымдастырылды.
«Таңғажайып табиғаты бар керемет мекен барлығын тамсандырды. Таза ауа мен көтеріңкі көңіл-күйден кейін демалыс естен кетпейтіні анық. Лагерьде тауға шығып, ұлттық ойындар ойнап, байқаулар мен жарыстарға қатыстық. Қызықты демалыс болды», - дейді Мақтарал ауданының оқушысы Рахат Тынышбек.Тәрбиешілер мен медицина қызметкерлері, сонымен қатар, аспаздар балалармен бірге 10 күн лагерьде болып, достық көңіл-күйді қалыптастыруға ұмтылды.
«Біздің лагерьдің басты мақсаты – қызықты, тартымды және сауықтыру демалысын ұйымдастыру. Ұлттық нақышта ұйымдастырылған лагерьде көптеген ойындар бар. Олар арқылы балалар қазақ халқының мәдениеті және салт-дәстүрімен терең танысады. Өскелең ұрпақты рухани құндылықтармен тәрбиелеп, еліміздің бай тарихымен қызықтырып, патриотизм сезімін ұялатуды қалаймыз», - дейді жазғы лагерьдің тәрбиешісі Мирас Қанатұлы.Жаңа оқу жылы қарсаңында аз қамтылған отбасылардың 1 000 оқушысы Болат Назарбаев қорынан жаңа ноутбуктер алғанын айта кеткен жөн. Елімізде қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға байланысты биыл білім беру қашықтан жүргізілуде. «Салиқалы ұрпақ» қайырымдылық қоры қызметін 2016 жылдың сәуірінен бастады. Қор бірнеше бағытта жұмыс істейді: аз қамтылған отбасылардың жетім балаларын қолдау және тәрбиелеу, аз қамтылған отбасыларға азық-түлік тарату, емге мұқтаж жандарға қаражат бөлу, оқу ақысын төлеу, мемлекеттік тілді, ұлттық дәстүрлерді дәріптеу, мешіт құрылысын салу, әртүрлі деңгейдегі спорт шараларын ұйымдастыру. Айта кетейік, қордың қаражатынан Мақтаралда су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға арналған 20 үй салынды.