Жаңалықтар

Қарты бар үйдің қазынасы бар - бүгін Халықаралық қарттар күні

Қарты бар үйдің қазынасы бар - бүгін Халықаралық қарттар күні

 width=
Халықаралық қарттар күні 1991 жылдың 1 қазанынан бастап атап өтіледі. БҰҰ Бас Ассамблеясының 45-ші сессиясында (1990 жылғы 14 желтоқсандағы № A/RES/45/106 қарары) Халықаралық қарттар күні бекітілді. Жыл сайын 1 қазан күні дүниежүзінің әр бұрышында Қарттар құқығын қорғау қауымдастықтары түрлі фестивальдер, олардың құқықтары мен қоғамдағы рөлі туралы конференциялар мен жиналыстар ұйымдастырады. Қоғамдық ұйымдар мен қорлар да осы күні қарттар үйіне және басқа да мекемелерге барып түрлі қайырымдылық шараларын ұйымдастырады. Қазақстанда дәстүрлі түрде мұндай акциялар еліміздің әрбір қаласында өткізіледі, деп хабарлайды Newsroom+Ақпарат агенттігі strategy2050.kz сайтына сілтеме жасап. Біріккен Ұлттар Ұйымының 2019 жылы өткізген «World Population Prospects» мәліметтеріне сәйкес, 2019 жылы 11 адамның 1-і 65 жастан асқан адам болса, 2050 жылға қарай әлемдегі 6 адамның 1-і осы жас мөлшерінен асады екен. Әлемнің әр түкпіріндегі қоғамдар осы ұзақ өмір сүрудің эволюциясынан өтіп жатыр. Кейбіреуі оның алғашқы сатысында болса, екіншісі әлдеқайда асып кеткен. Батыс зерттеушілерінің айтуы бойынша, олардың барлығы осы деңгейге жетеді. Мәселен, 1890 жылы Швецияда халықтың кем дегенде, 50 пайызы 65 жасқа дейін жете алса, қазіргі кезеңде өмір сүру ұзақтығы жоғары елдерде бұл көрсеткіш 90 пайыздан асады. Сонымен қатар, 65 жастан кейінгі өмірдің үлесі 1960 жылдары бестен бір бөлігін құраса, бүгінгі дамыған елдердің көпшілігінде ол төрттен бір немесе одан да көп бөлігін құрайды. БҰҰ қарарында ұйымның қартаю мәселелері жөніндегі қорына түсетін жарналардың төмендегені байқалады. Қазіргі уақытта әлем халқының қартаю қарқыны артып, қарт адамдар кез келген мемлекеттің даму процесіне үлес қоса алатын қоғам мүшесі ретінде мойындалып келеді. БҰҰ Бас Ассамблеясы ел үкіметтері мен үкіметтік емес ұйымдарды қартаю мәселелері бойынша арнайы қорға жарна салуға шақырып отырады. Жалпы, жаһан бойынша халықтың қартаюы бойынша келесідей тенденцияларды аңғаруға болады: -  Жеке адамдар үшін бұл өзгерістер әлеуметтік ортада көрініс тауып келеді. Қарт адамдар қоғамдағы үлесі артып келе жатқан демографиялық топ. Бүгінгі таңда егде жастағы адамдар 17 мемлекет халқының бестен бір бөлігін құрайды. БҰҰ экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаментінің халық саны жөніндегі болжамына сенсек, 2100 жылы бұл әлемнің 155 мемлекетін қамтып, дүниежүзі халқының 61 пайызын құрайтын болады. -  Халықтың қартаюы – жаһандық құбылыс: қазір әлемдегі барлық елдерде қарт адамдардың үлесі мен санының артуы байқалады. 2019 жылы әлемде 65 жастағы және одан асқан адамдардың саны 703 миллионға жеткен. Болжам бойынша, 2050 жылға қарай қарт адамдардың саны екі есе артып, 1,5 миллиардқа дейін жетеді. Жаһандық өлшем бойынша 1990 жылы 65 жастан асқан адамдардың үлесі 6 пайыз болса, 2019 жылы 9 пайызға дейін жетті. Болжам бойынша, 2050 жылға қарай оның үлесі 16 пайызға дейін артып, әлемдегі әрбір алтыншы адам 65 жастан асқан болады екен. -  Халықтың қартаюы Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азияда, Латын Америкасында және Кариб бассейнінде ең жылдам қарқынмен жүреді. 65 жастан асқан халықтың үлесі 1990 жылғы 6 пайыздан 2019 жылы Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азияда 11 пайызға, Латын Америкасы мен Кариб бассейнінде 1990 жылғы 5 пайыздан 2019 жылы 9 пайызға дейін екі есе өсті. 2019-2050 жылдар аралығында егде жастағы адамдардың үлесі төрт аймақта кем дегенде екі есе артады деп болжанып отыр: Солтүстік Африка мен Батыс Азия, Орталық және Оңтүстік Азия, Латын Америкасы және Кариб бассейні, сонымен қатар Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия. -  Әлемнің көптеген елдерінде 65 жастан кейін өмір сүру деңгейі жақсарады. Жаһандық масштабта 65 жастағы адам 2015-2020 жылдар аралығында орта есеппен тағы 17 жыл өмір сүре алады. 2045-2050 жылдары бұл көрсеткіш 19 жылға дейін артады. 2015-2020 және 2045-2050 жылдар аралығында барлық елдерде 65 жасқа дейінгі өмір сүру ұзақтығы артады деп болжануда. Қазіргі уақытта әйелдер ер адамдардан 4,8 жасқа ұзағырақ өмір сүруде, бірақ мұндай гендерлік алшақтық алдағы отыз жылдықта азаяды деп айтылуда. -  65 жас "қарттықтың" белгіленген шегі дейтін болсақ, әлемнің барлық аймақтарында халықтың қартаю мөлшерінің артып келе жатқанын көрсетеді. 65 жас және одан асқан адамдардың 20-дан 64 жасқа дейінгі адамдар дың асырауында болу коэффициенті – Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азияда, Латын Америкасы мен Кариб бассейнінде, Солтүстік Африка мен Батыс Азияда, сондай-ақ Орталық және Оңтүстік Азияда екі есе артады. -  Қарт адамдардар мөлшерінің артуы оларға қолдау көрсету бойынша бірқатар проблемалардың реттелуін талап етеді. Әсіресе, мемлекеттік трансферттер деңгейі салыстырмалы түрде аз елдерде, мысалы, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азияның көптеген елдерінде жеке адамдар мен отбасы мүшелері егде жасқа жеткенде қаржылық тұрғыда қиыншылықтарға ұшырайды. Кедейліктің алдын алу, теңсіздікті азайту және қарт адамдардың әлеуметтік қамтылуына ықпал ету үшін ұзақмерзімді әлеуметтік қорғау бағдарламаларын әзірлеу маңызды. -  Халықтың қартаюы мемлекеттің макроэкономикалық құлдырауына әкелмейді. Осы бағыттағы саясат дұрыс жүргізілген жағдайда,  керісінше, оң әсері де болуы мүмкін. Халықтың қартаюына байланысты пайда мен тәуекелдерді барынша арттыру үшін үкіметтер үздіксіз білім беру мен денсаулық сақтауды қолдау; қаражатты үнемдеу мен салауатты өмір салтын сақтау; жұмыс күші қатарынан шығарылған әйелдер, қарттарды жұмыспен қамту, сонымен қоса ресми зейнеткерлік жасын біртіндеп арттыру; жұмыс пен жеке өмір арасындағы балансты сақтауға ынталандыру, қоғамдық және жеке өмірдегі гендерлік теңдікті нығайту саясатын қолдау қажет. Болжамдарға сәйкес, Қазақстанда 2019 жылдан бастап 2050 жылға дейінгі кезеңде әлеуетті қолдау коэффициенті 2 есе төмендейді, яғни 65+ жастағы 1 зейнеткерге еңбекке қабілетті жастағы шамамен 3,5 адам келеді, бұл соңғысына жүктемені арттырады. 2018 жылдың соңында 1 зейнеткерге 6,8 еңбекке жарамды, ал 2014 жылы – 7,5 адам келген болатын. Жалпы, қартаю табиғи процес болғанымен, халықтың жалпы санына шаққанда қарттар санының сақталуы бүгінгі уақыттың бір жетістігі, денсаулық сақтау, медициналық жетістіктер мен экономикалық-әлеуметтік даму нәтижесі деп те қарауымыз қажет. Өйткені, адам өмірінің ұзақтығын шектейтін түрлі індеттер мен ауру-сырқаулар, төтенше жағдайлар, қалыпты өлім-жітім факторының бар екені анық.