Жаңалықтар

Махамбетті неге Нәдір шахтың ұрпағы деген?

Махамбетті неге Нәдір шахтың ұрпағы деген?

 width= «Өтемістен туған он едік, онымыз атқа қонғанда, жер қайысқан қол едік» деп келетін әйгілі жорық жыршысы Махамбет Өтемісұлының өзінің биографиясын екі жолға сыйдырып тұтас тағдыры мен Тұран даласындағы ерлікке ұмтылған бір ұлттың аясындағы бір жанұяның жұдырықтай жұмылған жауынгерлігін байқайтын едік. Сол бір ауыздықпен су ішіп, етігімен су кешкен жылдарды көктей өткен батыр тұлғасының артынан ерген жырда көп, сыр да мол. Соның бірі Әйгілі абыз жазушы Әбіш Кекілбаевтың 20 томдық шығармалар жинағының «Шандоз» атты томына енген шежірелік аңыздар. Махамбеттің жеті атасы ретінде осы кітапта былай келтіріледі: Махамбет-Өтеміс-Құлмәлі-Ерназар-Тумаш-Дәулет-Жайық. Арғы бергі шежірелі аңыздар да, тарихи романдар жазушы Б.Аманшин де, академик Қ.Жұмалиев те Махамбеттің атасы Құлмәліні ел ішіне кірме адам ретінде, сол заманның оқиғалар желісін алға тартып жазады. Құлмәлінің нәсілі басқа, туған жері қашық екендігі жайлы ел ішінен мынандай бір аңызды келтіреді: «Өтеміс жас кезінде хан сұлтандармен сыйыспай, қырғи-қабақ келе берген. Сол өкілдерден қуғын көріп, ел ауып көшіп кетпекші болған. Ол ниетін айтып, рұқсат сұрайын деп Өтеміс әкесіне келіп: «- Әке, сізден бір нәрсе сұрағалы келдім, берсең-айтамын, бермесең – айтпаймын дейді. Сонда баласының сырын білетін Құлмәлі Өтеміске қарап: «- Балам, сенің не сұрайтыныңды біліп отырмын, бермеймін, айтпай-ақ қой. Сен Өтеміс біреудің орынсыз ісін көрсең, көнбейсің, тілі тисе төзбейсің, қарсы келесің де «кетем» дейсің. Сен «кетем» десең кетесің, дегеніңе жетесің, оныңды сеземін. Менің шыққан жерім қашық, ат пен атанның табаны тиетін, құстың қанаты күйетін жер. Сен тілімді алсаң, кетпе, шырағым, ана Шыбынтайым жуастау, ол саған еріп жүре алмайды. Екеуің бірге жүрсеңдер сендерге ешкім қарсы келе алмайды, қорлық көрсете алмайды. Жалғыз – жалғыз бөлініп кетсеңдер, қайдан білейін» - деген аңызы аралас әңгіме де осы жайттан хабар ұстатады. Сонда Махамбеттің атасы, Өтемістің әкесі Құлмәлі қалың Беріштің арасына қалай тап болып жүр деген заңды сауал көкейді қозғайды. Бұл туралы да пікірлер алуандығы сан тарап. Б.Аманшин «Махамбеттің арғы атасы қызылбас (парсы) жұртынан деседі. Ел аузында осылай. Парсының Нәдірше деген патшасының баласы екен. Дария да серуен салып жүргенде кемесі жарылып, бергі бетке ығып шығады. Жас ханзаданы Байұлының Беріш руының адамдары тауып алып, еліне алып келеді-міс. Баланың аты Құлманияз екен. Беріш руының Жауғашар деген кісісі оны бала қылып алып Құлманияз, кейін Құлмәлі атанып кетеді» деп жазады. Х.Досмұхамедов аталмыш жазылған аңызды алға тартып, «Құлмәлі жаудан қолға түскен тұтқын екен, ол өзін парсының Нәдірше деген падишасының тұқымымын дегенін ерекше атап көрсетеді. Б.Қорқытовтың «Атырау билері мен батырлары» деген кітабында: «Бір жорықта қазақтың қолына 4-5 жасар бала түскен. Баланың киімінің бір жерінен таңбасы бар алтын мөр табылған. Мөрде баланың атасы Нәдір шахтың есімі жазылған екен. Ол кезде хан-сұлтандар мен шах-бекзадалардың жоғалып кеткенде тауып алу мақсатымен балаларының бір жеріне атасының аты жазылған мөр тағып қою салт болған. Сол мөрден баланың нәсілі қызылбас-парсы Нәдір шах екенін, Бұқара жақтан келгенін біледі. Есімінің Мәлі екенін баланың өзі айтады. Бұл баланы Жайық Беріш Жаубасар деген кісі алып, өзінің Өмірзақ деген жалғыз баласына іні етіп, өгейсітпей өсіреді. Ол кезде жаугершілікте қолға түскен, не сатып алған адамды қазақ құл деп атайды. Сондықтан балаға Құлмәлі деп ат қойып, өсе келе үйлендіріп, өз алдына енші беріп, бөлек үй етіп шығарады. Құлмәлінің қазақ әйелінен Өтеміс пен Шыбынтай, қалмақ әйелінен Қабыланбай туады» деп айқындап жазады. Қат қабат шежіресін бойына бүккен сайын даланың сағымындай аңызы аңызақ дауылдай ескен Ұлы Даланың тарихындағы айтулы тұлғаның өміріндегі бір әпсана осылай өріледі. Шындығын тарих білетін әңгімелердің арғы жағында бір шындықтың болуы бек ықтимал. Өткенді білу тарихи танымның бір өрісі болса, батырды ұлықтау сол ұлттың парызы. Аталған жазушы, ғалым, тарихшылар тұлғаны ұлттан бөліп жарған емес, тек қана өмірлік деректері мен шежірелік қабатын тереңінен зерделеп жазды, зерттеді. Салыстырмалылықтың тарихқа да, болашаққа да керегін қажеттілік пен таным түгендей жатар.

Б. Нұр-Мұхаммед