«Өнер барысы»: Жұлдыздар арасында қазақ күресінен турнир өтеді

05 Наурыз, 2019 2632 0

Астанада өнер адамдары арасында «Өнер барысы» ұйымдастырылады, деп хабарлайды newsroom.kz.

Мұндай ауқымды шара наурыз айында Астана қаласында өткізіледі. Бұл туралы белгілі ақын Балғынбек Имашев әлеуметтік желі арқылы хабарлады. 

«Сүйінші хабар! Білек пен жүрек бірігетін «Өнер барысы» деген жобаны қолға алып отырмыз. Танымал әншілер, ақындар, жайдарманшылар, актерлер және т.б өнер иелері қазақ күресінен бақ сынайтын болады», - делінген айтыскердің «Инстаграм» парақшасында.  

Айта кетейік, «Өнер барысы» былтыр бірінші рет Қостанай облысында өткен-ді. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақовтың сөзінше, мұндай шараның басқа өңірлерде жалғасуы қазақ күресінің бұқаралық сипат алуына септігін тигізеді. 

«Бұл жобаға облыстық қазақ драма театрының әртісі Төленді Әлқожа бастамашы болды. Мәдениет басқармасы әртістің бұл ұсынысын қолдады. 1-2 ай дайындалып, мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне орайластырып өткіздік. Осындай ауқымды жарыстың басқа өңірлерде, әсіресе Астанада өтетініне қуаныштымыз. Бұл «Өнер барысының» жаңа деңгейде шыққаны деп білеміз. Ең бастысы, аталған турнир «Рухани жаңғыру» бағдараламасымен мазмұндас», - дейді басқарма басшысы. 

Былтырғы турнирге 20-40 жас аралығындағы отыздан астам әуесқой спортшы қатысты. Идея авторы Төленді Әлқожа айтқандай, «Жастар жылында» өнер иелерінің арасындағы спорт жарыстарына көптеп көңіл бөлінеді. 

«Біздің былтырғы турнирде ешкім жүлде үшін таласқан жоқ. Жарысқа келгендерден түскен қаржы Жанкелдин ауданының орталығында тұратын сегіз жасар Ақерке Жексенбайға көп функциялы есту аппаратын сатып алуға жұмсалды. Қайырымдылық мақсатта өткізсек те, жеңімпазға сыйақы тағайындадық. Айта кетерлігі, Елордада өткелі отырған жарысқа Қостанайдың «Өнер барысын» қатыстырсақ, жарыстың ауқымы одан сайын кеңейеді», - деді Т.Әлқожа агенттік тілшісіне берген сұхбатында.  



Тегтер: өнербарысы, астана, жарым, жұлдыздар

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.