Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
28 қыркүйек, 2020 / NewsRoom / Жаңалықтар

Бүгін – Мұхтар Әуезов, Шерхан Мұртаза және Оралхан Бөкейдің туған күні

Бүгін – Мұхтар Әуезов, Шерхан Мұртаза және Оралхан Бөкейдің туған күні

Бүгін – Мұхтар Әуезов, Шерхан Мұртаза және Оралхан Бөкейдің туған күні
ашық дереккөзі
 width= Бүгін – қазақ әдебиетінің көркеюіне елеулі үлес қосқан үш тұлғаның туған күні. 28 қыркүйекте Мұхтар Әуезовтың туғанына 123, Шерхан Мұртазаға 88, Оралхан Бөкейге 77 жыл толып отыр.

Мұхтар Әуезов

Мұхтар Омарханұлы бұрынғы Семей уезі, Шыңғыс болысына қарасты Қасқабұлақ ауылында туған. Жасында Семейдегі медреседе, одан кейін бес сыныптық орыс мектебінде, 1915–1919 жылдары мұғалімдер семинариясында білім алған. 1917 жылы семинарияда оқып жүрген кезінде «Еңлік–Кебек» пьесасын жазады. 1923-1926 жылдары «Оқыған азамат», «Қыр суреттері», «Үйлену», «Ескілік көлеңкесінде», «Кінәмшіл бойжеткен», «Қаралы сұлу» әңгімесін жазады. 1923-1928 жылдары Ленинград университетінде оқып, тіл мен әдебиет факультетін бітіреді. Одан кейін Ташкентте Ортаазия мемлекеттік университетінің аспирантурасында шығыс фольклоры бойынша маманданды. Ленинградта (қазіргі Санкт-Петербург) оқыған соңғы жылында «Қараш Қараш» пен «Көксерек» повесін жазып шығарған. Әуезовтің тарихи тақырыпқа баруының тамыры тереңде жатыр. «Хан Кене» мен «Қилы заман», «Айман-Шолпан», «Қарақыпшақ Қобыланды» драмалары да осыны аңғартады. Бұлардың кейбіреуі ел арасында кең тараған, бұрыннан белгілі сюжетке құрылса, «Хан Кене», «Қилы заман» тарихта болған нақтылы оқиғаларды арқау еткен. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары Абай мұрасына әр қилы баға беріліп жүрген кезде Әуезов үшін Абайды тереңдеп, кеңінен тануды өзіне өмірлік мақсат ету - үлкен ерлік те болғаны хақ. 1936 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде «Татьянаның қырдағы әні» дейтін прозалық үзінді жарияланды. Бұл – болашақ романның бір тарауы еді. Осыдан соң, 1940 жылы, Л.Соболевпен бірлесіп «Абай» трагедиясын жазды. Мұхтар Омарханұлы 15 жыл бой «Абай жолы» атты өзінің 4 томдық даңқты тарихи романэпопеясын жазды. Мұның «Абай» аталған бірінші кітабы 1942 жылы, екіншісі 1947 жылы жарық көрді. Орыс тіліне аударылған. «Абай» романының екі кітабы 1949 жылы 1-дәрежелі КСРО Мемлекеттік сыйлығын алды. Абайтану ғылымының негізін салды, көп томды «Қазақ әдебиеті тарихының» қазақ фольклорына арналған томының (1960) негізгі авторы және редакторы болды. Қырғыздың «Манас» эпосы туралы монография жазды.

Шерхан Мұртаза

 Жазушының кіндік кескен жері - Жуалы ауданы. Шерхан Мұртаза 1955 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Жастық шағында «Лениншіл жас» пен «Социалистік Қазақстан» газетінің тілшісі болып қызмет еткен. 1963-1970 жылдар аралығында «Лениншіл жас» газетінің редакторы қызметінде болған. Одан кейінгі кездері «Жазушы» баспасы мен «Жалын» альманахының, «Жұлдыз» журналының Бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы әрі Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының хатшысы қызметтерін атқарған. Жазушының әр жылдары жазылған «Табылған теңіз», «Белгісіз солдаттың баласы», «Ахметжанның анты», «Мылтықсыз майдан» повестері, «41-жылғы келіншек», «Интернат наны» әңгімелері, «Қара маржан», «Жүрекке әжім түспейді», «Не жетпейді?», бес кітаптан тұратын «Қызыл жебе», «Ай мен Айша» романдары қазақ прозасына қосқан өшпес туынды болып қалары сөзсіз. Шер-аға бір жылдары Қазақстан Pеспубликасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып, ел көкейіндегі ең өзекті мәселелерді биік мінберлерден жасқанбай айтқан.

Оралхан Бөкей

Алтайдың көркем бейнесін туындыларына арқау еткен саналы ғұмырында көркем суреткер Әбіш Кекілбаевтың сөзімен айтқанда Оралхан «...ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің ең сүйікті, ең сүлей суреткерлерінің бірі ретінде...» ел есінде қалды. Еңбек жолын 1965-1968 жылы Үлкен Нарын ауданында «Еңбек туы» газетінде корректор болып бастап, облыстық «Коммунизм туында» әдеби қызметкер, кейін «Лениншіл жас» газетінде, «Жұлдыз» журналында, «Қазақ әдебиеті» газетінде еңбек етті. Қолына қалам алғаннан-ақ өзі дүниеге келген Өр Алтайдың көркемдігін сынын бермес сырлы сөзбен өрнектеді. Оның күрделі әрі мағынасы терең тіркестері әсте көп жазушыларда қайталана бермейді. Оралхан Бөкей «Үркер» (1971 ж.), «Қайдасың қасқа құлыным» (1973 ж.), «Мұзтау» (1975 ж.) атты еңбектері жарық көрген. Жазушының орыс тіліне аударылған әңгіме-повестерінің жинағы: «Жасынның ізі» – «След молний» (1978 ж.), «Ән салады шағылдар» – «Поющие барханы» (1981 ж.), «Сайтан көпір» – «Крик» (1984 ж.), «Зымырайды поездар» – «Поезда проходят мимо» (1985 ж.), «Кісікиік» – «Человек – Олень» (1987 ж.). Мұнымен қатар қаламгер туындылары неміс, славян, болгар, ағылшын, мажар, араб, қытай, жапон және ТМД елдерінің тілдеріне аударылды. Оралхан Бөкей – көркем сөз өнерінің хас шебері. Оның туындыларында форма жағынан ерекшелік басым. Оралхан Бөкей Үндістанға шығармашылық іс-сапарынан оралмады. 1993 жылы 17 мамыр күні Үндістан астанасы Делиде көз жұмды. Дереккөз: ҚазАқпарат