Ө.Шөкеев: Түркістанның даму жоспарына жүйелілік қажет

05 Наурыз, 2019 1435 0

Кеше Түркістан қаласында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен Түркістан қаласын жан-жақты дамыту туралы аппарат мәжілісі өтті. Жиында Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев облыс орталығындағы құрылыс жұмыстарымен таныстырды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, newsroom.kz тілшісі хабарлайды.

«Қаланың жалпы дамуына көптеген өзгерістер енгізіліп, жаңа ауқымды жобалар жолға қойылды. Қаланың қазіргі таңдағы жер аумағы 19,6 мың гектарды, халық саны 165 мың адамды құрап отыр. Бас жоспарға сәйкес қала құрылысы мен сәулеті үш бағытта жүргізілетін болады. Бірінші 88,7 гектар жерге орналасқан Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңындағы «Тарихи аймақты» қайта жаңғырту. Екінші 98 гектар құрылысы реттелетін аумағында «Рухани мәдени орталықты» дамыту. Үшінші 750 гектарды құрайтын әкімшілік-іскерлік орталығын салу», - деді қала әкімі.

Сондай-ақ, шаһар басшысы мемлекет мұқтаждығы үшін алынып жатқан жер телімдері мен қаланың инфрақұрылым, жылу, газ, ауыз су жүйесінің жайына тоқталды.

Жиында облыстық құрылысы басқармасының басшысы Тоқтар Үсіпәлиев Түркістан қаласындағы құрылыс жұмыстар жайын баяндады.   

«Елбасының Түркістан қаласын дамыту туралы тапсырмасына сәйкес 29 нысанның құрылысы өңірлер, ұлттық компаниялар және бизнес өкілдеріне бекітілген. Атап айтқанда: Әкімшілік-іскерлік орталығында 17 нысан, рухани-мәдени орталығында 9 нысан және тарихи-мәдени орталығында 3 нысан. Барлығының жобалау-сметалық құжаттамалары дайындалып, жер қазу жұмыстары аяқталып, іргетас құю жұмыстары жүргізілуде. Ал тұрғын үй қамту бойынша Түркістан қаласының Бас жоспарына сәйкес,  «Отырар» мөлтек ауданында көпқабатты 20 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. 2019 жылдың мамыр айында 11 үйді, ал қалған 9 үйді ІІ-жарты жылдықта пайдалануға беру жоспарлануда.  Одан бөлек 20 көпқабатты тұрғын үйлердің ЖСҚ дайындалып, сараптамаға ұсынылуда. «7-20-25» бағдарламасы аясында 6 көпқабатты тұрғын үйлерді пайдалануға беру көзделуде», - деді Тоқтар Оразұлы.

Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бекзат Тілегенов облыс орталығындағы жол құрылысымен таныстырды

«2019 жылы 974,2 шақырым жол мен көшелер құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылады деп күтілуде. Оның биыл 653,2 шақырымы пайдалануға берілетін болады. Ал Түркістан қаласы бойынша көшелердің жалпы ұзындығы 845 шақырымды құрайды. Бүгінгі таңда, көшелердің 21,3%-ы ғана қанағатты жағдайда», - деді басқарма басшысы.

Түркістан қаласының жай-күйі жайлы баяндамаларды тыңдаған облыс басшысы шаһардағы тазалық, кәріз және су жүйелері мен жол сапасын сынға алып, мәселені тездетіп шешуді тапсырды. 

«Түркістан қаласының инфрақұрылымдық жүйелері сын көтермейді. Қалдық суды ағызу, жылу, ауыз су және газбен қамту жүйесін жасамай, қаланы дамыту мүмкін емес. Сапалы жолмен қамту өзекті болып отыр. Жылына 10 шақырымдай жолды жөндеумен ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмаймыз. Бес жылдық жоспар түзіп, Түркістандағы бұл мәселені түбегейлі шешуіміз керек. Сондай-ақ, облыс орталығының тазалығын қамтамасыз ету бойынша тиісті жұмыстар жандандырылып, қатаң бақылауға алыну қажет. Көгалдандыру жұмыстары жылдам жүруі тиіс. Әрбір аудан, қаладағы елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізіп, қала тазалығы үшін автокөліктерді жуатын көлік жуу бекеттерін ашу қамтамасыз етілсін. Бұл тапсырмалардың орындалуы бойынша нақты жауап күтемін», - деді Өмірзақ Естайұлы.

Тегтер: шүкеев, түркістаноблысы, тыңжобалар

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.