Мемлекет басшысы жеңіл автомобильдер шығаратын қазақстандық Hyundai Trans Kazakhstan зауытының іске қосылуға дайындығын тексерді, деп хабарлайды
Newsroom+Ақпарат агенттігі ҚР президентінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Президент автомашиналарды құрастыру процесімен танысып, 2020 жылғы 15 қазанда ашылады деп жоспарланып отырған ұсақторапты құрастыру әдісімен автомобильдер шығаруға арналған жаңа цехты аралап көрді.
Мемлекет басшысы бір автокөліктің капотына естелік жазба қалдырды. жазбада "Іске сәт! Ақ жол тілеймін!" деп өз қолтаңбасын қалдырған.
"Президенттің өзі қол қойған көлік тарих үшін сақталып, зауыт кеңсесінің көрсету залына қойылады", - деп хабарлады баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысына жобаның Алматы қаласының индустриялық аймағындағы мемлекеттік құрылымдардың қолдауымен жүзеге асырылып жатқаны туралы баяндалды. Кәсіпорын пайдалануға берілгеннен кейін оның қуаты бірінші кезеңде жылына 30 мың, екінші кезеңде 45 мыңға дейін машина жасауға жетеді. Инвестицияның жалпы көлемі – 28 миллиард теңгеден астам, оның 30% – компанияның өз қаражаты. Hyundai Trans Kazakhstan кәсіпорны 700-ге жуық жұмыс орнын ашып, сабақтас салалардың дамуына серпін береді.