Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

20 Мамыр, 2018 968 0

Осы аптада Қазақстанның бірқатар өңірінде кадрлық ауыс-түйістер болды. ҚазАқпаратқа сілтеме жасаған NewsRoom+ 14-19 мамыр аралығындағы жаңа кадрлық тағайындауларға шолу ұсынады.

Дүйсенбі күні 14 мамырда Солтүстік Қазақстан облысында денсаулық сақтау және индустриялық-инновациялық даму басқармаларының басшылары тағайындалды. Тимур Сламжанұлы Сұлтанғазиев облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып тағайындалды. Тимур Сламжанұлы 1982 жылы туған. Қазақ ұлттық медицина университетін дәрігер, ал интернатураны «жалпы хирургия» мамандығы бойынша тәмамдаған. Сондай-ақ, АҚШ-тың Тюлейн университетінде денсаулық сақтау жүйесінің менеджері мамандығы бойынша білім алған. Еңбек жолын Алматыдағы қалалық балалар клиникалық ауруханасында мейіргер болып бастаған. 2009 жылы АҚШ-тың Тюлейн университетінде жоғары білімнен кейінгі оқу бойынша профессордың ассистенті болды. 2010 жылы «Республикалық жедел медициналық көмек көрсету ғылыми орталығы» АҚ-да стратегия және маркетинг бөлімінің бас маманы қызметін атқарды. 2010-2013 жылдары «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ-да Инновация және технологиялар трансферті департаментінің менеджері, бас менеджері, директоры болып қызмет етті. 2013-2014 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасы медициналық орталығының «Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығы» АҚ-ның президенті болды. 2014-2016 жылдары «Медикер» ЖШС-і бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2016 жылы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы» ШЖҚ РМК-ы бас директорының орынбасары болды. 2016 жылдан осы тағайындауға дейін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі жобаларды басқару департаментінің директоры болып қызмет етті. Арман Сарбайұлы Оразғұлов облыстық әкімдіктің индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы болып тағайындалды. Арман Сарбайұлы 1986 жылы Батыс Қазақстан облысында туған. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университетін, «Тұран-Астана» университетін, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясын кеден ісі саласындағы маман, заңгер, мемлекеттік және жергілікті басқару магистрі мамандықтары бойынша тамамдаған. Еңбек жолын 2006 жылы Астана қаласында жекеменшік ұйымдарда кеден декларанты болып бастаған. 2008-2009 жылдары ҚР Индустрия және сауда министрлігі сауда саясатын дамыту департаменті ішкі сауда саясатын реттеу басқармасының сарапшысы болды. 2009-2014 жылдары ҚР Индустрия және сауда инистрлігі сыртқы сауда саясаты департаменті сыртқы сауда келіссөздері басқармасының сарапшысы, бас сарапшысы қызметтерін атқарды. 2014-2017 жылдары ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі сыртқы сауда саясаты департаментінің басқармасына басшылық етті. 2017 жылдан осы тағайындауға дейін «New-Tehnology.kz» жарықтехнологиялық жарықтандыру ЖШС-нің директоры болды. Сондай-ақ, 14 мамыр күні Қызылорда облысының білім басқармасының басшысы қызметіне Мелдебекова Майра Тұрғанбайқызы тағайындалды. М. Мелдебекова 1971 жылы туған. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін «Физика және информатика пәндерінің мұғалімі» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1993 жылы Шымкент қаласындағы №8 мектеп-гимназиясының мұғалімі ретінде бастаған. 2005-2017 жылдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінде бас маман, басқарма басшысы, департамент директорының орынбасары болды. 2017 жылдың шілде айынан бастап осы кезге дейін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Стратегиялық жоспарлау және үйлестіру департаментінің директоры қызметін атқарып келді. Батыс Қазақстан облысының ішкі саясат басқармасына қалалық ішкі саясат бөлімін басқарған Нұрлыбек Жасқайратұлы Даумов тағайындалды. Нұрлыбек Даумов 1981 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары, 2002 жылы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген. Әр жылдары БҚО ішкі саясат басқармасының жетекші және бас маманы, бөлім басшысы, БҚО әкімі аппаратының әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі бас инспекторы, Астана қаласында ҚР Мәдениет министрлігі қоғамдық-саяси жұмыс департаментінің сарапшысы, БҚО жастар мәселелері басқармасының бас маманы, бөлім басшысы, БҚО ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін атқарды. Күні бүгінге дейін Орал қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы болды. 15 мамыр күні Қарағанды облысының Абай қаласында жаңа әкім тағайындалды. Бұл қызметке «Сарыарқа» ӘКК жұмыс істеген 53 жастағы Медеу Арынұлы Ахметов тағайындалды. Медеу Ахметов 1964 жылы 28 тамызда Қарағанды облысының Егіндібұлақ ауылында дүниеге келген. Екі жоғары білімі бар. Қарағанды педагогикалық институтын «Дене шынықтыру мұғалімі» мамандығы бойынша және Алматы экономика және статистика академиясын «Экономист, қызметкерлерді басқару» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 1981-ші жылы Егіндібұлақ ауданының Қазақстанның 40 жылдығы атындағы совхозында механизатор ретінде бастаған. Әскер қатарында қызмет етіп келген соң Егіндібұлақ ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде бапкер, директор орынбасары қызметтерін атқарған. 2001-2007 жылдарда Егіндібұлақ ауылының әкімі, сонан соң - Қарқаралы ауданының әкімі аппаратының жетекшісі болған. Соңыра «Агро-Консалтинг» АҚ, «Арқа» Басқару инвестициялық компаниясы» АҚ басшылық қызметтерде болған. 2017-ші жылдан бері «Сарыарқа» ӘКК» ҰК АҚ тұрақтандыру қоры бойынша және павильондармен жұмыс істеу бойынша әкімші қызметін атқарған. Өзінің бағдарламасында жаңадан сайланған әкім Абайдың инфрақұрылымын жақсартуға, қаланы анағұрлым көгалдандырып, тазартуға, жастардың әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешу үшін әрекет етуге уәде берді. Ағымдағы аптада Ақмола облысы ішкі саясат басқармасына жаңа басшы тағайындалды. Облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің 2018 жылғы 16 мамырдағы өкімімен облыстық ішкі саяст басқармасы басшысы лауазымына Гүлжанар Болатқызы Шөкеева тағайындалды. Гүлжанар Шөкеева 1967 жылы Батыс Қазақстан облысында туған. Екі жоғары білім бар. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын және Қазақстан-Ресей университетін бітірген. Алғашқы қызмет баспалдағын білім беру саласынан бастаған. 2004-2015 жылдар аралығында түрлі әкімшілік қызметтерде болды. 2004-2006 жылдар аралығында Алматы қаласының ішкі саясат басқармасының бас маманы, кейін бөлім басшысы лауазымын атқарды. 2006-2008 жылдар аралығында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінде түрлі қызметтер атқарды. 2008-2010 жылдары ҚР Президенті жанындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының кеңесшісі болып қызмет істеді. 2010-2015 жылдар аралығында Ақмола облысының ішкі саясат басқармасының басшысы қызметін атқарды. Тағайындауға дейін кәсіпкерлікпен айналысқан. «Ерең еңбегі» медалімен марапатталған. Ақмола облысының ауыл шаруашылығы басқармасына да жаңа басшы келді. Өңір басшысы Мәлік Мырзалиннің өкімімен аталған қызметке Азамат Сағынбаев тағайындалды. Азамат Сағынбаев 1980 жылы бұрынғы Целиноград қаласында туған. Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін мал шаруашылығының менеджері мамандығы бойынша бітірген. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты. Ол еңбек жолын С.Сейфуллин атындағы Қазақ мемлекеттік аграрлық университетінде технологияларды және мал шаруашылығының өнімдерін стандарттауды зерттеу кафедрасында тәлімгер болып бастаған. 2008-2010 жылдары «Асыл түлік» акционерлік қоғамында жұмыс істеген. 2010-2014 жылдары «ҚазАгроӨнім», «КазАгроМаркетинг», «КазАгроИнновация» акционерлік қоғамдарында жауапты қызметтер атқарған. 2014-2017 жылдары «Мал шаруашылығы мен мал дәрігері саласының ғылыми-инновациялық орталығы» серіктестігінің бас директоры болды. Тағайындауға дейін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы мал шаруашылығы департаментінің директоры қызметін атқарды. «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Сонымен бірге, 16 мамыр күні Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты мен Көкшетау қалалық сотының судьялары тағайындалды. ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасы соттарының төрағалары мен судьяларын қызметке тағайындау және қызметтен босату туралы» 2018 жылғы 4 мамырдағы Жарлығымен Ақмарал Жұмабекова Көкшетау қалалық сотының судьясы, Айгүл Ақпанова облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы қызметіне тағайындалды. Жаңа қызметке тағайындалғанша Ақмарал Жұмабекова Есіл аудандық сотының судьясы қызметін атқарса, Айгүл Ақпанова - Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы лауазымында болды. Жамбыл облысында еркін күрестен Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров қызметке тағайындалды. Әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионы Ақжүрек Таңатаров Жамбыл облысына қарасты «Облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің» директоры қызметіне тағайындалды. Бұл аптада Астанада Орталық коммуникациялар қызметіне жаңа басшы тағайындалды. Алишев Руслан Қанатханұлы 1978 жылы 29 шілдеде дүниеге келген. Петропавл экономика және құқық колледжін (1997), М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін (2001), А. Мырзахметов атындағы Көкшетау университетін (2006) бітірген. 2004-2009 жылдар аралығында Солтүстік Қазақстан облысы «Петропавл қаласының ішкі саясат бөлімі» ММ-де түрлі лауазымдарда жұмыс істеген. 2010 жылдан 2013 жылға дейін Солтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасында бас маман, басқарма басшысының орынбасары және басқарма бастығы болған. 2013 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары болды. 2013 - 2014 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және архивтер комитетінің Электронды БАҚ басқармасын басқарды. 2014 жылдан 2016 жылға дейін «Нұр Отанның» Саяси жұмыстар департаментінің директоры. 2016 жылғы шілдеден бастап Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Ақпарат комитеті төрағасының орынбасары болған. Бұған дейін Орталық коммуникациялар қызметін басқарған Анастасия Щегорцова «Қазконтент» АҚ басшысының орынбасары лауазымына тағайындалды.



Тегтер: кадр, тағайындау, казконтент, қазақстан

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.