Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин Facebook желісінде Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға ашық хат жолдап, орфандық аурулар және эпилепсия сияқты диагноз қойылған балалардың мәселесін шешу жөніндегі ұсынысы аяқсыз қалғанын айтты, деп хабарлайды
Newsroom+Ақпарат агенттігі
Азаттық рухы агенттігіне сілтеме жасап.
«Сіз министр болып тағайындалғанда телефон арқылы сөйлесіп, өзара жұмысымыз бен балалардың мәселесін талқыладық. Сол әңгімеден кейін сіздің атыңызға ресми хат жолдап, мәселені тез арада қолға алу үшін WhatsApp желісінде көшірмесін де жібердім. Сол хатта Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде де, жергілікті бюджет есебінен де қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілмей отырған балалардың жайын айттым. Қағазбастылықтың кесірінен бірнеше жылдан бері көп мәселе шешілмей келеді, балалардың ата-анасы және мен әкімдік пен министрліктен жаттанды жауап аламыз. Министрлік пен әкімдік бір-біріне сілтейді, екі ортада балалар жапа шегіп жатыр», - деп жазды
Аружан Саин.
Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің айтуынша, егер жеркігілікті атқарушы органдар мен Денсаулық сақтау министрлігі өз міндетін уақытында орындаса, маңызды дәрі-дәрмекпен қамту карантин кезінде де, қазіргі уақытта да дәл осындай өткір мәселеге айналмайтын еді деп есептейді.
«Бұл мәселені шешуді кейінге қалдыру болмайды. Балаларға (және ересектерге) қажетті дәрі-дәрмектерді мемлекет үнемі сатып алып отыруы үшін, сізден ата-аналар мен ҮЕҰ талаптарын орындау мерзімі туралы шешіміңізді 2020 жылдың 28 қыркүйегіне дейін хабарлауыңызды сұраймын», - деп жазды ол.
Сондай-ақ Аружан Саин балалардың мәселесін талқылауға уақыт таппай, Алматыда блогерлермен кездесуге мүмкіндігі болған Денсаулық сақтау министрін сынға алды.
«Алексей Владимирович, сізбен балалардың құқықтарын, олардың өмірі мен денсаулығын қорғауда жүйелік шешімдерді қажет ететін мәселелерді талқылау үшін кездесу қажет екені жайлы әңгімелестік. Сіз оған уақыт таппадыңыз, бірақ блогерлермен кездесуге уақыт таптыңыз. Қандай өкінішті. Сіз балалардың ата-анасымен кездесіп, шынымен де маңызды мәселелер (шұғыл шешім қажет ететін мәселелер) туралы сөйлесер едіңіз», - деп өкініш білдірді.