Жаңалықтар

Жұмыспен қамту орталықтарының былығы әшкере болды

Жұмыспен қамту орталықтарының былығы әшкере болды

 width= Мәжіліс депутаты Құдайберген Ержан жұмыспен қамту орталықтары нысаналы көрсеткіштерге қандай жолмен қол жеткізетінін айтты, деп хабарлайды Newsroom+Ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап. Депутат бүгінде жұмыс істеп тұрған 200-ге жуық жұмыспен қамту орталығының негізгі міндеті – жұмыссыздарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу екенін атап өтті. Бірақ мұндай орталықтар нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін түрлі заңбұзушылықтарға барып жатады. "Мәселен, жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлері жұмыс берушілермен келіседі де орталық жолдамасымен қайтадан жұмысқа орналасты деп белгі қояды. Яғни, еңбек нарығы ақпараттық жүйесіне өзгеріс енгізу олар үшін оңай. Ал шын мәнінде жаңа жұмыс орны ашылған жоқ. Бірақ іс жүзінде әлгі адам өз кәсіпорнында жұмысын жалғастырып жатдады. Осылайша жұмыспен қамту көбіне, формалды түрде өтеді", – деді депутат мәжілісте өткен үкімет сағатында. Осыған байланысты Құдайберген Ержан жұмыспен қамту процестерін автоматтандыру қажеттігі туындағанын айтты. Өз кезегінде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов депутаттың сөзімен толық келісетінін білдірді. "Мұндай проблема бары жасырын емес. Оны прокуратура тексеріп, айқындаған. Нысаналы көрсеткіштер үшін жалған жұмысқа орналастыру, бір мекемеден шығарып, оған қайта кіргізу жағдайлары тіркелді", – деді ол. Министр қазір бұған цифрлық-ақпараттық жүйе арқылы тосқауыл қойылып жатқанын атап өтті. "Қазір адамды жұмыспен қамту орталығы жұмысқа жіберердің алдында, ақпараттық жүйе оның алдыңғы жұмысын тексеріп алады. Сөйтіп, ол адамға бір жерден жұмыстан шығып, оған қайтып баруына ақпараттық жүйе жол бермейді. Жалпы болашақта біз жұмыспен қамту орталықтарын халықпен қатынаспай, цифрлық шешімдер арқылы жұмыс істеуге көшіреміз", – деді Нұрымбетов.