Ант етемін: Лукашенконың құпия инаугурациясы қалай өтті?

Ант етемін: Лукашенконың құпия инаугурациясы қалай өтті?

ашық дереккөзі

 width= Бүгін Беларусь президенті Александр Лукашенконың инаугурациясы өтті. 9-тамызда өткен президенттік сайлау Беларусь елін осы уақытқа дейін тоқтамаған қарсылық акциялары мен наразылық шерулеріне әкелді. Сайлау нәтижесін мойындамаған Светлана Тихановская елден кетіп, халықты режимді ауыстырғанша бейбіт қарсыласуға шақырды. Беларусь елінде әр сенбі және жексенбі күндері жүздеген мың адам наразылық шерулер өткізсе, жұмыс күндері азаматтардың жұмысқа шықпауы, көше бойында саяси ұрандар айту, ақ-қызыл жолақты туды ғимараттардың шатырларына ілуі, көліктердің баяу жүріп, кептеліс тудыру арқылы қарсылық білдіруі орын алуда. Еуропалық елдердің Лукашенконы президент деп мойындамайтыны белгілі болды. Соған қарамастан 23-қыркүйекте президентті таққа отырғызу бойынша инаугурация өтті. Сарапшылардың «инаугурация қазан айында өтеді, ҰҚШҰ-ның бірлескен әскери жаттығуы сол уақытқа арнайы жоспарланып қойды» деген болжамы жоққа шықты. Бүгінгі инаугурацияны «тәуелсіз Беларусь тарихындағы ең құпия инаугурация» деп атасақ болады. Себебі бұған дейінгі инаугурациялар бірнеше күн бұрын жарияланып, тікелей эфирден көрсетілетін. Ал шетелдік қонақтар арнайы құттықтау үшін Минскке ағылатын. Бұл жолы салтанатты құттықтау да, шетелдік қонақтар мен тікелей эфир де болмады. Лукашенконың президенттік салтанатты көлік шеруі Тәуелсіздік даңғылымен жүріп, президент сарайына келді. Бұл сәтте халық наразылық білдірмесін деген мақсатпен көшені әскерилер жауып тастаған болатын. Сондықтан Тәуелсіздік даңғылында Лукашенконың салтанатты көлік шеруінен басқа ешкім болмады. Көшенің екі шетінде әскери формадағы азаматтар тұрды. Лукашенко президенттік сарайға кірген сәтте, Минскте интернет жылдамдығы төмендетілді. Президенттік сарайдың арнайы залында Беларусь басшысын депутаттар, министрлер, әскерилер мен қоғам қайраткерлері, мәдениет пен спорт саласының үздіктері, БАҚ өкілдері, жиынтығы 200-ден астам адам қошеметпен қарсы алды. Лукашенко Конституцияға қолын қойып, беларусь тілінде ант етті. «Беларусь Республикасының президенттік қызметін қабылдай отырып, салтанатты түрде Беларусь Республикасының халқына адал қызмет етуге, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғауға, Беларусь Конституциясын сақтауға және қорғауға, маған артылған жоғары жауапкершілікті адал атқаруға ант етемін» деді Лукашенко. Артынша Беларусь басшысы ант қабылдағаны жайлы актқа қол қойды, ал Орталық сайлау комитетінің басшысы Лидия Ермошина Александр Лукашенкоға Беларусь Республикасының президенті куәлігін табыстады. Президент сарайында мемлекеттік гимн айтылса, әскерилер сарай сыртында «Ура» деп ұрандатты. Инаугурация процесі біткен соң, президенттік сарайдан шыққан ондаған әскери көліктер Минсктен шығып кетті. Осылайша Беларусь тарихындағы ең құпия инаугурация өтті.

Асхат ҚАСЕНҒАЛИ

Жүктелуде...