2020 жылдың 23 қыркүйек күні Халықаралық Түркі академиясы және Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Бекем бауырластық байланыстар: Манастан Абайға дейін» атты алқалы жиын өтеді.
Басқосуға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасының орынбасары ‒ ҚР Президенті Әкімшілігінің ҚХА хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев, Қырғыз Республикасының Қазақстандағы Елшісі Жээнбек Кулубаев, ҚХА депутаттық тобының жетекшісі, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов, сонымен қатар мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, зиялы қауым мен этномәдени бірлестік өкілдері қатысады деп күтілуде.
Шара барысында Халықаралық Түркі академиясы дайындаған «Манас» эпосының қазақ тіліндегі нұсқасы және Абай Құнанбайұлы шығармаларының қырғыз тіліндегі академиялық басылымының тұсаукесері өтеді.
Айта кету керек, биыл Баку қаласында өткен Түркі академиясының Ғылыми кеңесінде 2020 жылғы Түркі әлемінің айтулы даталары қатарында Maнас дастанының 1125 жылдығы мен Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын атап өту бекітілген еді. Манас эпосына арналған іс-шаралар жыл аяғына дейін жалғаса беретін болады.