Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
22 қыркүйек, 2020 / NewsRoom / Жаңалықтар

Қарапайым халықты қарыз құлдығынан құтқаратын заң қабылдау керек - Қазыбек Дәуітәлі

Қарапайым халықты қарыз құлдығынан құтқаратын заң қабылдау керек - Қазыбек Дәуітәлі

Қарапайым халықты қарыз құлдығынан құтқаратын заң қабылдау керек - Қазыбек Дәуітәлі
ашық дереккөзі
 width= «Билік несиені тағы да кешіре ме?» Қазір елдің айтар сөзі осы болып тұр. Қасым-Жомарт Тоқаев  президент болып сайлана сала – табысы аз жандардың несиесінің бір бөлігін кешірді. Пандемия дәуірінде бұл мәселені «партия құрам» деп жар салып жүрген Жанболат Мамай көтерді. Ақордаға барып хат та тапсырды. Жүз адамды жинап рұқсат етілген митинг те өткізді. Қып-қызыл коммунист депутат Айқын Қоңыров тәуекелге салып премьер-министр Асқар Маминнің атына сауал, ұсыныс айтты. Оның сөзінше несиеге рақымшылық жасалу керек екен. Бұл туралы Newsroom+Ақпарат агенттігі Malim.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
«Қарапайым азаматтарды қарыздан құтқарудың жолын таппасақ, елде үлкен дағдарыс болу мүмкін. Бұл үшін «Жеке тұлғаларды банкроттау туралы» заңды қабылдайтын уақыт жетті. Бұл заң азаматтарды банк құлдығынан құтқаруға, қарыздан құтылып, жаңа өмір бастауға мүмкіндік береді. Нарықтық экономика (капитализмде) банкротсыз болуы мүмкін емес. Несие дегеніміз әрқашан тәуекел,  ал тәуекел (риск) бар жерде банкроттық та болуы керек. Осындай заңдар батыс елдерінде, АҚШ-та ежелден бар. Ресей жеке тұлғалардың банкроттығы туралы Федералды заңды 2015 жылы қабылдады»,-дейді жас ғалым Қазыбек Дәуітәлі.
Праймеризге қатысып, депутат болсам, заң жобаларын мемлекеттік тілде жаздыртамын дейтін Қазыбек Дәуітәлінің пікірінше, қарапайым халықты қарыз құлдығынан шешу ісі  жүйелі және комплексті түрде жүру керек.  Несиені бір реттік кешіру мен оны бюджет есебінен жабу – жартылай шешім, мәселені түбегейлі шешпейді екен. Егер ондай жартылай шешімге еріп, бүгін қарыз жабылса,  келер жылы тағы да бұл іс қайталана береді екен. Мысал ретінде ол  2019 жылы президент Тоқаев жекелеген азаматтардың қарызын бюджет есебінен жапқанын, ал биыл қарыз алушылар  тағы да талап етіп митингіге шығуын келтіреді. «Шындығына келгенде, «Жеке тұлғаларды банкроттау туралы» заңды қабылдатпауға банктер мүдделі боп отыр. Ол банктер қазіргі мәжіліс депутаттарымен ым-жымы бір болып отыруы  да мүмкін. Ал «Жеке тұлғаларды банкроттау туралы» заңды қабылдау не үшін керек дегенге келсек: -Банктер жеке тұлғалар банкротынан зиян шекпейді. Себебі-барлық несиелер сақтандырылған. Атап айту керек, сақтандыру сомасын клиент төлеген. -Әлем тарихында жеке тұлғалардың жаппай банкорттықтығынан банк жүйесі зиян шеккен емес. Әдетте банктің қаржы жағдайының нашарлауы жемқорлық пен топ-менеджментке байланысты. -Жекелген азаматтардың несиесін бюджет есебінен жабу дұрыс емес, себебі: а) Әділдік принципі бұзылады. Уақтылы төлемей жүргендің қарызы кешірілді, ал уақтылы төлеп жүрген тәртіпті қарыз алушылардың қарызы кешірілмеді; б) Қарыздар бюджет (салық төлеуші) есебінен жабылды. Бұл бюджетке салмақ түсіреді. Түптеп келгенде коммерциялық банктер тағы пайдаға кенелді, олар несие сомасы мен пайыздарын толық алды. Соңғы бенефициарлар –банктер; в) Істері коллекторларға өткен қарыз алушылар тізімге кірмей қалды; г) Азаматтар несиені жеке мақсатқа алады, ал оны мемлекет төлеуі әділеттік емес. Заңға қарсы банк лоббиінің аргументтері: «Жалпы халықтық салық декларациясынан кейін енгізу қажет». Бұл негізсіз, себебі-салық жүйесі бөлек, банк жүйесі бөлек.  Ресей  жалпылама декларациясыз да осындай заңды қабылдады, банк жүйесі дағдарысқа ұшырамады. «Банктер жаппай банкрот болады». Бұл аргумент негізсіз, себебі – барлық несиелер сақтандырылған. Осыған орай, «Жеке тұлғаларды банкроттау туралы» заңды жедел қабылдау қажет! Сонда бізде несие алу мен оны дұрыс пайдалану мәдениеті қалыптасады. Несие нарығындағы дауға мемлекет араласпайтын болады. Жеке адам несие төлей алмайтын жағдайға жеткенде оның қарызы осы заңмен кешірілуі міндет». Жас ғалымның сөзінше, банктер «қазақ той өткізу үшін кредит алады» деген сөзді ел ішіне астарлап енгізіп, бүкіл халықты алдап-арбап қарызға батырып тастаған. Сөйте тұра, олар «Жеке тұлғаларды банкроттау туралы» заңның қабылдануына мүдделі емес. Өйткені бұл заң қабылданса, жас ғалымның сөзінше, банктер қанаушылық қуатынан айырылып, ал кредит алған жеке адамдарда заңмен қорғанатын қамал салынбақ. «Қазақстан Республикасы Парламентінің бақылау функциясы» тақырыбында диссертация қорғаған Қазыбек Дәуітәлі праймеризде жеңіске жетіп, депутат атансам, қарызға батқан халықты қорғайтын  «Жеке тұлғаларды банкроттау туралы» заңын қабылдатуға бар күшімді саламын дейді.