Білім және ғылым министрлігі университеттерден ешқандай құжаттарды талап етпейді. Министрлік аппаратының отырысында Асхат Аймағамбетов осылай айтты, деп хабарлайды
Newsroom+Ақпарат агенттігі
ҚазАқпарат порталына сілтеме жасап.
«Әртүрлі реформалар жүзеге асырылып жатыр. Олар керек. Алайда соның ішінде ең басты мәселенің бірі – педагогтарға кедергі жасайтын есеп, жалақы және дербестік мәселесі. Біз мектептер бойынша арнайы бұйрықтар қабылдап, толтыратын нақты тізімді бекіттік. Мектептегі мәселе едәуір реттеліп қалды. Кезінде электронды күнделікті енгізген кезде де қаншама сұрақ туындаған. Бірақ цифрландыру бағытында біз алға жылжыдық», - деді Асхат Аймағамбетов министрліктің аппараттық отырысында.
Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, жоғары оқу орындарының педагогтарына қатысты қағазбастылық проблемасын шешу керек.
«Қазіргі уақытта біз академиялық және басқарушы құзыреттердің бәрін университеттерге беріп жатырмыз. Соның шеңберінде министрлік реттеп отырған әртүрлі құжаттың бәрін алып тастадық. 2 қыркүйек күні бұйрыққа қол қойып, оны Әділет министрлігіне тіркедік. Енді осы бұйрықтың шеңберінде жұмыс істеу керек. Білім және ғылым министрлігі университеттерден ешқандай құжаттарды талап етпейді», - деді ол.
Министр ЖОО педагогтары қажетсіз жұмыстардың бәрінен босап, өз міндетімен айналысуы керектігін мәлім етті.
«Қазір миға сыймайтын есеп түрлері бар. Мойындау керек. Кәсіпті айқындау журналы, жұмысқа орналасқаны туралы анықтама талап етіледі. ЖОО-лардың бәрі демеймін, бірақ біразы әлі күнге дейін осы анықтаманы талап етіп жүр. Оның не керегі бар? Білім және ғылым министрлігіне ол құжат мүлде керек емес. Жұмысқа орналасу көрсеткішін біз басқа мемлекеттік органдардың электронды базасынан ала саламыз. Мәліметтер жетеді. Тіпті педагогтарға ойға сыймайтын талапты қоятындар бар. Әсіресе жазда кейбір ЖОО-лардағы педагогтардың жұмысы қаншама абитуриентті оқу орнына тарта алатынына байланысты бағаланады. Бұл тіпті нонсенс. Шын мәнінде педагог өз ісімен айналысуы керек», - деді ол.