Жаңалықтар

Шымкент қаласында екі науқасқа бүйрек трансплантациясы жасалды

Шымкент қаласында екі науқасқа бүйрек трансплантациясы жасалды

 width= Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасында екі науқасқа бүйрек трансплантациясы жасалды. Дәрігерлер қос ананың бүйрегін науқас балаларына хирургиялық жолмен салып берді, деп хабарлайды Newsroom+Ақпарат агенттігі Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Бейбіт Сидазимов 2 жылдан бері бүйрек жетіспеушілігі дертімен есепте тұрады. Науқас бұған дейін төсекке таңылып, гемодиализ аппаратына қосылған. Бүйрегінде ақауы бар 33 жастағы азаматқа туған анасы донор болды. Дәрігерлер 1965 жылғы азаматшаның бір бүйрегін хирургиялық жолмен алып, туған ұлына сәтті қондырған. Сонымен қатар, ұзақ жылдардан бері аурудың азабын тартқан Түймебай Асылбекке анасы Бижанова Аққыз бір бүйрегін берді. Туыстық транспланталогияны дәрігерлер 10 қыркүйек күні жасаған. Екі сағатқа созылған бүйрек ауыстыру отасы сәтті аяқталды. Айта кетейік, Шымкент қалалық клиникалық ауруханасында трансплантациялық қызмет қарқынды дамып келеді. Мұнда 2013 жылдан бері 160 бүйрек пен 21 бауыр алмастыру операциясы жасалды. Аурухана материалдық-техникалық тұрғыдан толық жабдықталған. Мұнда ағзадағы органдарды ауыстыру жағынан тәжірибесі мол мамандар жұмыс істейді. Ауруханадағы гемадиализ орталығында бүйрек алмастыру отасын қажет ететін 400-ге жуық науқас есепте тұр. Донор табылған жағдайда білікті мамандар науқастарға трансплантация жасауға дайын.