Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
22 қыркүйек, 2020 / NewsRoom / Жаңалықтар

Мемлекет басшысы БҰҰ Бас ассамблеясында сөз сөйледі

Мемлекет басшысы БҰҰ Бас ассамблеясында сөз сөйледі

Мемлекет басшысы БҰҰ Бас ассамблеясында сөз сөйледі
ашық дереккөзі
 width= Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас ассамблеясының мерейтойлық сессиясы аясында Біріккен Ұлттар Ұйымының 75 жылдығына арналған жоғары деңгейдегі іс-шарада бейне үндеу жасады, деп хабарлайды Newsroom+Ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап. БҰҰ-ның тарихи мерейтойлық сессиясы аясында мемлекет басшылары сөз сөйлейтін жоғары деңгейдегі кездесулер апталығы басталды. COVID-19 пандемиясы кезіндегі сөздер виртуалды форматта бұрын-соңды болмаған қауіпсіздік шараларымен ұйымдастырылды. Қазақстан президенті ағылшын тілінде екі бейне хабарлама жасады. Біріншісі БҰҰ-ның 75 жылдығына арналған.
"Адамзат жылнамасындағы ең жойқын Дүниежүзілік соғыстан кейін 1945 жылдың маусым айында мүлдем жаңа Ұйымның құрылуы – баршамыз үшін айтулы әрі тарихи оқиға. Даг Хаммаршельдтің Біріккен Ұлттар Ұйымы "бізді жұмаққа жеткізу үшін емес, тозақтан құтқару үшін құрылған" деген қанатты сөзі баршаға аян", - деп бастады сөзін Тоқаев.
Ол бастапқыда БҰҰ ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесі ретінде құрылғанымен, іс жүзінде әлем елдерін ортақ мақсат пен мүддеге біріктіргенін атап өтті. Соның арқасында белсенді әрі ауқымды халықаралық ынтымақтастық дәуірі орнықты. "Әрине, бұл жол жеңіл болған жоқ. Өкінішке қарай, өткен 75 жыл ішінде әлемді қайғы-қасіреттен арылтуға бағытталған ортақ мақсаттарымыз бен құндылықтарымызды ілгерілету жолында көптеген мүмкіндікті қолдан жіберіп алдық", - деді президент. Дегенмен, БҰҰ-ның терең тарихы белсенді ұжымдық күш-жігердің арқасында кең ауқымды мәселелерді талқыға салу кезеңінен өтті. Атап айтқанда, отарсызданудан өсіп-өркендеуге, балаларды қорғаудан климаттың өзгеруіне, денсаулық сақтау ісінен адам құқығына, бейбітшілікті қолдаудан бітімгершілікке дейінгі тақырыптар қамтылды.

Қазақстанның БҰҰ жұмысына қатысуы

Соңғы отыз жылда Қазақстан БҰҰ-ның барлық басты органдарында, соның ішінде, Қауіпсіздік Кеңесінде жанжалдарды реттеу, ядролық қаруды таратпау және қарусыздану, терроризмге қарсы күрес, конфессияаралық және ұлтаралық диалог, теңізге шыға алмайтын дамушы елдердің мүддесін қорғау сияқты басымдықтарды дәріптеуге атсалысты.
"Ал енді бүгінгі заманның сипатына зер салсақ, көптеген жаңа сын-қатерлер, сондай-ақ қайта етек алған кейбір тәуекелдер бізді өткен кезеңге оралтуы мүмкін екенін байқаймыз. Қазіргі таңда мультилатерализм зор қатерге тап болды. Мұндай ахуал қырғи-қабақ соғыс аяқталғаннан бері туындамаған еді", - деді президент.

Пандемия мен жаппай қарулану белең алып келеді

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі кезде COVID-19 індетін ауыздықтау аса қиын болып отырғанын айтты. Сонымен қатар, әлемде жаппай қарулану үдерісі қайтадан белең алып келе жатқанына тоқталды. "Стратегиялық даму мақсаттарын жүзеге асыру ісі тұралап қалды. БҰҰ Жарғысында бекітілген мұрат-мақсаттар бұдан былай кәдеге аспайды деген пікір тарауда. Мен өз елімнің президенті және БҰҰ-ның бұрынғы жоғары лауазымды тұлғасы ретінде бұл көзқараспен мүлде келіспеймін", - деді Тоқаев. Ол соған қарамастан, біз үміт отын өшірмей, қайта оны лаулатуымыз керектігін және ортақ мұрат-мақсаттан бас тартпай, оған қол жеткізу үшін күш-жігерімізге тың серпін беруіміз қажеттігін атады. Анархияға жол бермей, халықаралық құқыққа негізделген қоғамдастық құруды жалғастыру қажеттігін жеткізді. "Бұл – өте күрделі міндеттер. Алдағы онжылдық 2030 жылға дейінгі орнықты дамудың күн тәртібінде тұрған міндеттерін жүзеге асыру және қазіргі заманғы дағдарыстарды еңсерудің тиімді жолын табу үшін шешуші кезең болады. Бұл ауқымды мақсат ортақ күш-жігерді және жауапкершілікті талап етеді", - деді Қазақастан президенті. Сондай-ақ, мемлекет басшысы Бас хатшы Антониу Гутерриштің табанды көшбасшылық қызметіне ризашылық білдірді. "Біз оның Біріккен Ұлттар Ұйымындағы тиімділікті, ашықтық пен айқындықты арттыру жөніндегі қазіргі жұмысына қолдау көрсетеміз", - деді ол. Сөз соңын президент Қазақстан БҰҰ-ның миссиясы мен Жарғысын берік ұстанатынын және еліміз тұрақты, әділетті және өркендеген әлем құру жолындағы ортақ міндетті жүзеге асыруға атсалысатынын жеткізді.

БҰҰ-ның 75-ші сессиясы

Мерейтойлық сессия Нью-Йоркте "Біз қалаған болашақ, бізге Біріккен Ұлттар Ұйымы: көпжақтылыққа ұжымдық міндеттемелерімізді растау" ұранымен өтіп жатыр. 23 қыркүйекте Қазақстан президенті БҰҰ Бас ассамблеясының жалпы дебатында сөз сөйлейді.