Еңбек нарығында қазақ тілін жетік меңгерген мамандарға деген сұраныс жоғары
- Қордай ауданындағы 1000 жуық адам аз уақыттың ішінде қазақ тілін меңгере алды ма? - Әлеуметтік жоба болған соң оның негізгі мақсаты тілді оқу қиын емес екенін көрсету. Қазақ тілінің мәртебесін оның қаншалықты қажет екенін көрсету арқылы көтере аламыз. Қазір еңбек нарығында қазақ тілін жетік меңгерген мамандарға деген сұраныс жоғары. Сатушыдан бастап, үлкен лауазымды қызметке дейінгі жұмыс берушінің басты талаптарының бірі – қазақ тілін жетік білу. Осыны тіл білмейтін азаматтарға жеткізу біздің мақсатымыз. Тіл білсе табысы артатынын түсіндіу. Алдағы уақытта Қазақстанның өзге өңірлерінде де қалаған азаматтарға қазақ тілін үйретуді жалғастырамыз.Мұндай жобалар жарнама емес, әлеуметтік бастама
- Сіз осыған дейін де Алматы қаласында «Тілдер саябағын» ұйымдастырған екенсіз. Ол кезде шет тілдерін қалаған адамға саябақта тегін үйреттіңіздер. Бұл да әлеуметтік жоба ма, әлде ұтымды жарнама ма? Тағы оқыңыз: Қордайда дұнғандар қазақ тілін үйреніп жатыр… - Иә, «Тілдер саябағы» көпке танылып үлгерген жоба. Бірақ біздің білім академиясы бастаған волонтерлер тобы ауыл аймақтарды аралап, бес жылдан бері шалғай елді мекендердегі балаларға шет тілдерін тегін үйретіп, бір жағынан жақсы бата алып, екінші жағынан өздеріне тәжірибе болатын еңбек етіп жүр. Бұл ретте мұндай жобаларды жарнама дегеннен көрі әлеуметтік бастама десек әлдеқайда жарасымды.Адам өмір бойы тіл оқуы керек
- Ағылшын тілін аз уақытта үйрену мүмкін бе? Бұл жобалар көбіне жаз айларында жүзеге асатын сияқты. Бұл оқу қаншалықты тиімді? - Адам өмір бойы тіл оқуы керек деп есептеймін. Әрине аз уақытта сөйлеп кету мүмкін емес. Біздің оқыту тәсіліміз ойын түрінде жүреді. Тапсырма бермейміз. Адамның миы көңілді сәттерді жақсы сақтап қалады. Сол себепті де шет тілдерін игеруге қиын, күрделі ілім ретінде емес, әртүрлі адаммен көңіл көтеруге, сөйлесуге, танысуға мүмкіндік беретін құрал ретінде көрсетеміз. Көбіне тегін сабаққа келетін мектеп оқушылары. Оларға біз тіл қоғамның қозғаушы күші екенін көрсетеміз. Ағылшын тілін білсе қандай көкжиектер ашылатынын айтамыз. Басты міндет – тілді жетілдіру әдетін қалыптастыру.