Өмірлік және көпжылдық кәсіби тәжірибе қоғам проблемаларын жіті зерделеуге мүмкіндік береді

Өмірлік және көпжылдық кәсіби тәжірибе қоғам проблемаларын жіті зерделеуге мүмкіндік береді

ашық дереккөзі

 width= Праймериз – қазақ тілінде «іріктеу» деген ұғымды білдіреді. Яғни, партияның жақтастары арасында алдын-ала партияның өз ішінде сайлау өткізу арқылы мықтыларын іріктеп алу десек те болады. Праймериздің негізгі мақсаты - Парламент Мәжілісінде және барлық деңгейдегі мәслихаттарда тиімді депутаттық корпусты қалыптастыру, партиялық желі бойынша бәсекелестік күрес негізінде көшбасшыларды анықтау. Халықаралық тәжірбиеде, мысалы, АҚШ-та, Еуропада мойындалған партияішілік іріктеу тәсілінің (праймериздің) елімізде қолданысқа енгізілуі оның қоғамдық-саяси дамуына тың серпіліс берері анық. Сондай-ақ праймериз тәсілі еліміздің тағдырына алаңдайтын, нағыз отаншыл азаматтарға жаңа «әлеуметтік лифт» қалыптастырып, ел сенетін тұлғаларды іріктеп алмақ. Ашықтық пен жариялылық қағидаларына негізделген сайлау науқаны басталғанда әр үміткер ел арасына өз бағдарламаларын таныстырып, халықтың сеніміне ие болып, көп дауыс жинаған үміткерлер тізіміне енеді. Партия тізіміне ілінген тұлғалар одан әрі үлкен сайлауға түсу арқылы аудандық, облыстық мәслихат және елдің Мәжілісі депутаты атану құқығын иеленеді. Мен халықтың қуатына сенемін, баршамыздың – жастар мен зейнеткерлердің, ауыл еңбеккерлері мен жұмысшылардың, дәрігерлер мен ұстаздардың, инженерлер мен кәсіпкерлердің мүддесін қорғайтын «NurOtan» партиясының күшіне сенемін. Өмірлік және көпжылдық кәсіби тәжірибем, соның ішінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры лауазымындағы тәжірибем қоғамның проблемаларын жіті зерделеуге мүмкіндік береді. Менің бағдарламам өзекті міндеттерді шешуге, жаңа мүмкіндіктерді ашуға бағытталған және «Bizbirgemiz: Бәрін тыңдап, жұмыла шешеміз!» ұранына негізделген. Сондықтан бағдарламамның негізгі бағыттарына тоқтала кеткенді жөн санаймын. Олар: «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымын дамыту; ғылым мен білімді жаңғырту; жаңа жастар саясаты; қазақстандық құндылықтарды насихаттау және саяси жүйені қайта жүктеу; елорданы дамытудан – еліміздің қалаларын дамытуға! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» - ел азаматтарына бағытталған мемлекеттік басқарудың жаңа бағыты тұжырымдамасы бастамасының аясында атқарылады. Мәселен, цифрландыру және әлеуметтік желілер мүмкіндіктерін мейлінше пайдалана отырып, халықпен қарым-қатынастың, байланыстың тиімділігін күшейтіп, демократия формасы ретінде қоғамдық бақылауды және мемлекеттік басқаруға азаматтық қатысуды көбейту арқылы билікке деген сенімді арттыру. Сондай-ақ, ел экономикасындағы жаңа технологиялық тәртіпті дамыту үшін бизнес пен өндіріс қаржыландыратын қолданбалы ғылымды қолдай отырып, білім экономикасы үшін адам капиталын дамытуға арналған іргетас ретінде барлық деңгейлердегі білім беру сапасын арттыруға жәрдемдесу керек. Өйткені, үздіксіз білім беру – «өмірлік дипломнан» «өмір бойы білім алуға» бастайды. Қысқа мерзімді және орташа мерзімді перспективада жастарды дамытуға арналған шаралар мен жобаларды әзірлеуге көмектесу менің азаматтық парызым деп білемін. Сонымен қатар, болашақ қазақстандық бейнесін қалыптастыру мақсатында жастардың мүмкіндіктері мен құлшынысын зерттеу, маңызды шешімдерді қабылдауда қазақстандық қоғамның саяси және азаматтық өміріне жастардың қатысуын қолдау, жастардың әлеуметтік амандығы, жұмыспен қамтылу мәселелері – мемлекеттік жастар саясатының басымдығы, жас отбасылар мен жастар кәсіпкерлігіне жан-жақты қолдау көрсету керек. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында көрініс тапқан бағдарламалық міндеттерді іске асыру аясында қазақстандық қоғамның рухани жаңғыруы бойынша әрі қарай жұмысты жалғастыру – ол – тарихшы ретінде міндетім. Сондай-ақ қоғам мен тұлғаны дамыту үшін Ұлы Абайдың бай мұрасына ден қою, білім мен қоғамдық санадағы басымдық ретінде ұлттық сәйкестікті сақтап қалу, мемлекеттік басқаруды жаңғырту және халықтың саяси басқаруға белсене араласуы үшін «Саяси партиялар туралы» заңға және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөнінде бастама көтеру де менің бағдарламамнан орын алған. Тұрғындардың жергілікті өкілетті және атқарушы органдардың қызметі туралы тұрақты және объективті ақпараттандырылуын қамтамасыз етіп, қала тұрғындарының өмір сүру деңгейін сапалы арттыруға жәрдемдесу, мүмкіндіктері шектеулі адамдарды, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау да тұжырымдамаларымның негізгі өзегі болып табылады. Тек бір нәрсені ұмытпаған жөн, біз бірге, тек жұмыла отырып қана бұл алға қойған мақсаттарға қол жеткізе аламыз! «Bizbirgemiz: бәрін тыңдап, жұмыла шешеміз».

Ерлан Сыдықов,

Л.Н.Гумилев атындағы

Еуразия ұлттық университетінің ректоры,

академик

Жүктелуде...