140 жылдық тарихы бар ғимарат апаттық жағдайда тұр
140 жылдық тарихы бар ғимарат апаттық жағдайда тұр
Семейдегі 140 жылдан астам тарихы бар ғимарат апаттық жағдайда деп танылды. Ел ішінде «зоовет инстититуты» деп аталып кеткен нысан тарих және сәулет ескерткіштері қатарында. Ерекше қорғалатын тізімде болғанымен қазір жекенің меншігіне өтіп кеткен. Шаһардың қақ ортасында тұрған алып ғимараттың ертеңі не болмақ? Бұл туралы Newsroom+Ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл - зоотехникалық-мал дәрігерлік институтының бұрынғы ғимараты. Өртеніп кеткеніне 34 жыл болған. Осы уақытқа дейін не қайта қалпына келтірілмеген, не бұзылмаған. Қазір апатты жағдайда тұр. Меншік иесі арнайы зерттеу жұмыстарына тапсырыс беріпті. Сергей ПОКАТИЛОВ, «МЕТАЛЛИСТ» ЖШС техникалық директоры:
«Ғимараттың болашағына байланысты шешім бір күнде және бір адаммен ғана қабылданбайды. Төтенше жағдайлар комитеті арнайы комиссия құру керек деді. Соның ұйғарымына байланысты арнайы жиын өтіп, жауапты органдар мен басқа да тараптар біріге отырып бір тоқтамға келеді. Ғылыми-зерттеу жасалды. Қорытындысы көңіл көншітерлік емес. Ғимарат апатты жағдайда».Меншік иелері ғимараттың қабырғасы қисая бастады, құлаған жағдайда қауіп төндірмес үшін құмнан сүйеніш көтердік деп сендірді. Алайда, ғимараттың дәл тұсында тұратын азаматтар бұл құр сылтау деген пікірде. Айгүл САҒАТБЕКОВА, қала тұрғыны:
«Құмды ғимараттың шетін ұстап тұру үшін тірек ретінде жинадық дей ме? Бұл ғимарат оңайшылықпен құламайды. Құрылысқа арнап әкеліп жатқан сияқты. Күнімен-түнімен құмды тасып осында төгеді. Соның кесірінен қабырғаға сызат түсуі мүмкін. Біздің әбден мазамызды алды. Үйімізге келетін жолды бір күні басып қалатын сияқты».Шаһардың қақ ортасында орналасқан ғимарат қаланың көркін кетіріп тұр дейді тұрғындар. 30 жыл өзгеріссіз өртенген күйі тұрған нысанға қатысты пікір саналуан. Ғимарат 19 ғасырға жататын сәулет ескерткіштері тізімінде бар. Алайда апатты болған соң оны сақтап қалу қиын көрінеді. Қайрат САБЫРБАЙ, Семей қаласының облыстық өлкетану музейінің директоры:
«Тарихи ескерткіштерге қатысты заңдарда мысалы жекеменшік қолына бермеу керек деген заң жоқ. Рұқсат бар. Бірақ жекеменшік иелігіне алғаннан кейін оларға да жүктелетін жауапкершіліктер бар. Осындай талапты сақтауы керек. Бұрынғы архитектурасын сақтау керек деген талаптар бар. Бұл енді өртеніп кеткеннен кейінгі жағдай ғой. Арғы тарихына біз ештеңе дей алмаймыз».Арғы тарихы дегеннен шығады. Бұл жер әуелде қыздар гимназиясы, кейіннен партия мектебі, соғыс жылдары көшпелі госпиталь болған. 1951 жылы зоотехникалық-мал дәрігерлік институты атанғаны тағы бар. 140 жылдық тарихы бар орынның болашағын білмек болып атқарушы орган өкілдерін әңгімеге тарттық. Әкімнің төтенше жағайлар бойынша кеңесшісі бірінші кезекте нысанның айналасында қауіпсіздікті күшейту мәселесі тұрғанын айтты. Айдын МАРХАМЕТОВ, Семей қаласы әкімінің төтенше жағдайлар бойынша кеңесшісі:
«Ғимараттың бір бөлігі құлауы мүмкін. Қабырғасы 10-12 сантиметрге қисайған. Компания қызметкерлері автокөлік және адамдар өтпеуі үшін арнайы лента тартып тастады. Күзетті күшейту керек. "Semey Mall" басшылығына қоршау қою туралы хат әзірленіп жатыр».Арнайы сараптама жасаушы мамандар ғимараттың ертеңіне нақты болжам бермей отыр. Яғни тарихи нысанның болашағы бұлыңғыр. Қалай болғанда да тағы бір тексерістің болары анық. Одан кейін барлық тарап біріге отырып шешім қабылдамақ.