Жаңалықтар

Сартоғай тұрғындары көп балалы отбасыларға үй салып берді

Сартоғай тұрғындары көп балалы отбасыларға үй салып берді

 width= Алтын бесік қайта тербеліп, алыстағы ағайынның ахуалы анағұрлым жақсарып қалды. Ауылдағы азаматтардың арқасында жабылғалы тұрған мектеп жұмысын жалғастырып, ел көптеп көшіп келіп жатқан көрінеді. Оларға тұратын үйді де, азық қылатын малды да тауып береміз деп жаһанға жар салған да, сол уәдесін орындап жатқан да ауылдың қарапайым тұрғындары. Алайда үлкендерге мектепті аман алып қалуға көмек болған негізгі күш - үйдегі бала-шаға екен. Қалай дейсіз ғой? Бұл туралы Newsroom+Ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды. «Бәрі әлеуметтік желідегі хабарландырудан басталыпты. Онда былай деп жазған: «Ауылда бос үйлер бар. Жергілікті халық қолына ұстар мал түрлерін алып береді. Келушілер 3-4 немесе көпбалалы болуы керек.» Ал хабарландыруды жазып жүрген -  Есбол Мәуениязов ауылдың баласы. Мектепті, кейін жоғары оқу орнын бітірген соң өзі оқыған білім ошағына георграфия пәнінің мұғалімі болып оралған. Есбол секілді бұрын осы ауылда өскен жігіттер туған жерлерінде Наурызды дүркіретіп тойласақ деген ниетпен қаражат жинапты. Есбол МӘУЕНИЯЗОВ, Сартоғай негізгі мектебінің мұғалімі: 
"Тойлауға бір апта қалған кезде елдегі болып жатқан, әлемде болып жатқан жағдайға байланысты тоқтаттық. Ауылдың жігіттері ақылдаса келіп, мектеп жабылған жағдайда халық көшіп кетеді ғой. Сол халықтан айрылсақ, мектеп жабылып қалады, ауыл малшы ауылдан да төмен жағдайда құлазып қалады. Осы жерде туып өскен азаматтар үшін ол ауыр".
Ауылы үшін жаны ашыған жігіттер хабарландыруды таныстарына таратады. Бірақ, ол аудан аумағынан әрі асып кетеді деген ой болмапты. Хабарландыру жариялануы сол екен, 2-3 күннің ішінде 600-ден астам адам хабарласқан. Оның ішінде көрші Өзбекстаннан да қоңырау шалғандар бар екен. Кейін сол 600 адамның арасынан ауылдықтар мен бастаманы көтергендер бар барлығы 2 отбасыны іріктеп алған. Сосын ауылда бос тұрған үйлерді беріп, алдына мал салып берген. Ауылға қоныс аударған жас отбасылардың бірінің 5, екіншісінің 6 баласы бар. Сартоғайлықтар жаңадан көшіп келген жастарды жатырқамай, қарсы алып, барынша қолдап жатыр. Бүлдіршіндер де мектепке барып жүр. Айгүл ӨТЕУОВА, Сартоғай ауылының тұрғыны: 
«Бірінші әкеліп көрсетті ғой. Халқы, бәрі ұнады, жақсы. Балалар кішкентай ғой, өскенше шамалы мал жинап. Қазір қалада да қиын ғой, квартирада. Сол үшін осында келдік»
Ұйымшыл жұрт көпбалалы жас отбасына барынша қамқор. Уәде еткен баспаналарын сатып алып беріпті. Есбол МӘУЕНИЯЗОВ, Сартоғай негізгі мектебінің мұғалімі: 
«Келген екі отбасыға ауыл тұрғындары ауласынан 1 қой, 1 ешкі, ұсақ жандықтар жинап берді. Ауылда Ақылбек, Мейіржан деген екі азамат ұйымдастырды.
Өткен оқу жылын 28 баламен аяқтаған оқу ордасына қазір 43 бала барып жүр. Бұған ауылдықтар да мәз. Өйткені, 200-ден сәл асатын тұрғыны бар ауылдағы негізгі жұмыс орны - осы мектеп мен амбулатория. Ауызбіршілігінің арқасында тұтас бір елді мекенді сақтап қалған сарытоғайлықтарды әкім қаралар да өзгелерге үлгі етеді. Жолдас БАТЫРХАН, Темір ауданының әкімі: 
«Ауыл  елдің бесігі. Ауыл сақталса, ол жерде тұрғындар болатын болса, берекесі де болатыны белгілі. Қазіргі таңда біздің ауданда нормативке сәйкес келмейтін екі мектеп еді, оның біреуінің мәселесі шешілді, енді екінші ауылға да көшіп келетін отбасылар сұраныс беріп жатыр. Әрине, біз тұрғындардың сол жерде еңбек етуіне, жерсінуіне жағдай жасаймыз».
Сартоғайдың түлектері ауылдың мақтауын асырғаны сондай, қазір көрші облыстардан келіп, баспана құрылысын бастап кеткендер көп. Ауылда 40 үй бар. Халқының дені қолындағы малмен күнелтіп отыр. Бау-бақша саламын десе ауылдың орналасқан жері де өте қолайлы. Бір жағынан аудан орталығы елдімекенге тиіп тұр.