Жаңалықтар

КарЛАГ: жердегі тозаққа тоқсан жыл

КарЛАГ: жердегі тозаққа тоқсан жыл

 width= Сталиндік дәуір аштық, саяси қудалау, соғыс кезеңдерімен сипатталады. Жаппай репрессия тұтас ұлттар мен мемлекеттерді қамтыды. Ел санасына өшпес із, жазылмас жара салған ГУЛАГ лагерьлер жүйесін білмейтін адам аз шығар. Қазақстанда ГУЛАГ-тың ең ірі мекемесі Қарағанды лагері немесе халық арасында ҚарЛАГ саналған еңбекпен түзеу лагері болатын. ҚарЛАГ тұтастай бір азаптау мемлекеті іспеттес еді, өйткені оған кіретін лагерьлердің аумағын қоссақ, көлемі Франциямен шамалас көрінеді. Лагерьде жазықсыз жала жабылып, ұзақ жылға сотталған "халық жаулары", олардың отбасы мүшелері мен балалары істемеген қылмыстары үшін жазаларын өтеді.   width= 1930 жылы 19-желтоқсанда Долинское ауылының маңында 17129 шаршы шақырым болатын аумақта еңбекпен түзек лагерін салып, оны бөліммге бөлу туралы ОГПУ бұйрығы шықты. 1931 жылы 17-қыркүйекте КСРО ОГПУдің № 527/285 бұйрықпен ресми түрде КарЛАГ құрылды. Қарағанды еңбекпен түзеу лагерінде миллионнан астам тұтқын жазасын өтеді. Лагерьдің негізгі құрылған мақсаты билікке қарсы топтарды жазалап қою ғана емес, сонымен қатар тегін жұмыс күші ретінде оларды пайдаланып, азық түлік базасын арттыру және пайдалы қазбалар кеніштерін игеру болатын. Бұл мақсатта лагерьде жұмыс күші жеткілікті болды. Өйткені тұтқындардың басым бөлігі ғалымдар, кен өндірісі саласының мамандары, әскерилер, дәрігерлер, биологтар мен география, астрономия, химия және физика саласының мамандары еді. Оларды мамандығына байланысты бөліп, лагерь ішіндегі зертханаларға ауыр еңбекке салды.  width= КарЛАГ бірнеше бөлімшелерден тұрды. СтепЛАГ, АЛЖИР, ПесчанЛАГ, СпасскЛАГ, БалхашЛАГ және басқалар. КарЛАГта халық жауы атанған жандардың әйелдері жазасын өтеген АЛЖИР лагері тарихтың ең қасіретті парақтарының бірі. 1937 жылғы 15 тамыздағы КСРО-ның ІІХК-ның №00486 бұйрығы шықты. Оcы бұйрық негізінде 1937 жылғы 3 желтоқсандағы ІІХК бұйрығымен АЛЖИР лагері жұмысы басталып, 1938 жылдың 6-қаңтарында алғашқы жазасын өтеушілер лагерьге келді. Лагерьде жиынтығы 20 мың әйел жазасын өтеген. Әйелдер суықта, қақаған аязда, тым жұқа киіммен ауыр еңбекті атқарды. Ал лагерьдегі балалардың жасы үшке толған сәтте, оларды анасынан айырып, КарЛАГ кешеніндегі арнайы балалар үйіне әкететін. Әрине балалардың өлімі тым жоғары деңгейде болды. АЛЖИР лагерінде 1563 нәресте өмірге келген. Олардың қаншасы тірі, ал қаншасы аштық пен суықтан, аурудан көз жұмғаны белгісіз. АЛЖИРде С.Сейфуллин, Б.Майлин, Т.Рысқұлов, С.Қожанов, Т.Жүргенов, Н.Нұрмақов, С.Асфендияровтың әйелдері отырды.  Лагерь 1953 жылы жабылды.  width= КарЛАГта адам еңбегін мемлекеттің азық-түлік базасын арттыру үшін барынша қолданды. Мысалы 1 қараша,  1940 жылғы арнайы анықтамада КарЛАГТа ауыл шаруашылығы бойынша мәлімет берілген. Онда 17710 сиыр, 193158 қой, 5814 жылқы, 567 шошқа бары жазылған. Ал техникадан СТЗ тракторынан 212, У-2 таркторынан 5, СТЗ-НАТИ тракторынан 66, ЧТЗ тракторынан 8, комбайннан 92, автокөліктен 179 данасы бар екені жазылған. Яғни осыған қарап-ақ, лагерьде ауыл шаруашылығын барынша қолға алып, тұтқындарды аяусыз жұмысқа салып, өнімді арттыруға тырысқанын анық көре аламыз. Лагерьде диірмен, мал бордақылау орталығы, сүт өнімдерін жасау зауыттары, тері өңдеу орталықтары мен астық қоймалары және басқа шаруашылық ғимараттары болған.  width= Тұтқындарды ауыр еңбекке салса да, дұрыс тамақтандырмаған. Тұтқындарға күніне 450 грамм нан және екі мәрте ботқа берген. Жазаланғандар бірнеше күн бұл тағамнан да қағылған. Лагерь тарихында қанша адам көз жұмғаны белгісіз. Сталиндік қудалау жылдары КСРО бойынша 20-23 млн адам лагерьлерде жазасын өтеген. Ал КарЛАГта миллионнан астам адам тұтқын болып, он мыңнан астам тұтқын көз жұмған. 58-бап бойынша атылған жандардан бөлек, мыңдаған адам аңыр еңбек пен аурудан о дүниелік болған. 28 жылдық қасіретті тарихында КарЛАГ миллиондаған қазақ, орыс, неміс, беларусь және басқа ұлттарға жазылмас жара мен ұмытылмас үрейді қалдырды.

Асхат ҚАСЕНҒАЛИ