Отбасындағы береке ер азаматтың бір ауыз сөзінде: Елім қайда барасың?

Отбасындағы береке ер азаматтың бір ауыз сөзінде: Елім қайда барасың?

ашық дереккөзі

 width= Отан - отбасылардың жиынтығы Биылғы еліміздің отбасы статистикасын қарап отырып біраз ойға қалдым. «Отан от басынан басталады» дейтін қазақ отбасының маңыздылығын қашанда алға қойған. Отан дейтін ұғымды қашанда отбасылардың жиынтығы құрайды. Қарапайым тілмен айтқанда білектей жуан арқанның өзі жібектей жұқа жіптердің қосындысынан тұрады. Жібектей жұқа жіптерді тарқатсаң, білектей жуан арқанды да үзу мүлде қиын емес. Биылғы жарты жылдықтағы дәйекті дерекке сүйенсек, елімізде қырық бес мыңнан аса отбасы құрылса, ажырасып жатқан жанұялардың да саны он екі мыңнан асып жығылады екен. Үзілген жібек жіптердің құрамы көбейген сайын, білектей жуан арқанның да сапасы төмендейтіні сөзсіз. Аттың түгіндей әлемде, тайдың түгіндей қазақ отбасыларының ажырасуы біздей елдерге қай жағынан болсын, мүлдем тиімсіз. Осыншама отбасылардың ажырасып жатқандығына кім кінәлі? Көргенсіз келін бе? Оңбаған ене ме? Қасиетсіз қайын апа немесе қайын сіңілі ме? Кім? Жоқ! Негізгі кінә бұларда емес секілді. Кім кінәлі? Осы мақаланы жаза отырып, мына оқиға еріксіз есіме түсті. Бұл оқиғаны жас жанұяларға сабақ болсын деп бір-екі жерде айтқан да болатынмын. Екі мың бірінші жылдың шіліңгір шілдесінде үйлендім. Астанадағы қызметімнен еңбек демалысымды алып, ауылға келдім. Ауылдағы үйлену тойым тамаша өтті. Алғашқы қуаныштары болғасын ба? Ата-анамда жиған тергенін тойға шашты. Әке-шешемнің батасын алып, жас жұбайыммен, екі қарындасымды ертіп Елордаға тарттым. Кіші қарындасым мектеп бітіріп, Астанаға оқуға түскен болатын. Үлкен қарындасым жоғарғы оқу орнын бітіріп, бізбен бірге Астанаға жұмысқа тұруға келді. Мен ол кезде Президенттің Күзет қызметінде қызмет атқарамын. Сарыарқа даңғылының бойындағы СОП-тың екі бөлмелік жатаханасында тұрамын. Ол кезде азаннан кешке дейін жұмыс. Мұрын сіңбіруге уақыт жоқ. Көзіңді тырнап ашып қызметіңе келесің. Кеш қарайғанда үйіңе қайтасың. Әйтеуір қарбаласып жатқан бір өмір болатын, шіркін! Алғашқыда онша байқамадым. Кейін байқасам үйдегі аура че то не то. Бәрі өзінше қуып жүр. Ешкім ешкімге көңілі толмайды. Өзің жұмыстан шаршап, сіркең су көтермей келгенде, үйдегі салқындық жүйкеңе қатты әсер етеді екен. Бұлай кете беретін болса, ерте өліп қалатын түрім бар. Не де болса бір апта шыдайын, әліптің артын бағайын деп бір апта төздім. Бұрын үйленіп көрмегенмін, тәжірбиемде жоқ. Қарындастарымдыкі дұрыс деп қасыңда жатқан жас жұбайыңа айқайлайын десең, үйірге жаңа қосылған жас байталдай көзі жыпылық-жыпылық етіп ол байғұста шауып жүр. Келіншегімдікі дұрыс деп қарындастарыңа қаһарыңды шашайын десең, бойдақ кезіңдегідей оларға да ағалық айқайың өтпейін деп тұр. Оларда әккі болып алған, аузыңды аңдып отыр. Бірдеңе дейін десең сымсыз телефон арқылы кеше ғана тойыңды өткізіп берген ата-анаңа звандап, тұла бойы тұңғыш балаларыңыз «Қатынжан» екен деп айтатынын ішің сезіп отыр. Шақшадай басы шарадай болып еркек байғұстың осындай тұста қиналып, сынып қалатын кезі. Не де болса тәуекел! Тәуекел түбі нар қайық өтесің де кетесің деп, тәуекелге бел байладым. Сенбі күні жұмыстан ерте келдім. Үйдегі ауа райы баяғыдай өзгермепті. Өзіме де керегі осы еді. Келіншегіммен қарындастарымды үніміз шықпасын, қабырғаның да құлағы бар демекші бөлмеге шақырып, есікті кілттеп әңгімемді әйелімнен бастадым. Жан жарым-ау! Сен маған Алланың берген аманатысың ғой. Болашақ балаларымның анасы. Бірге туған бауырларымның қамқоршысы деп алдым сені. Ата-анамыз олай-бұлай боп кетіп жатса, сен солардың анасы, мен әкесі емеспін бе? Бүгін менің бауырларымның басынан сипай алмасаң, ертең олар аға-жеңгеміз деп біздің үйімізге кіре алмайтыны анық. Үйленгенімізге бір апта болды. Ортамызда әлі бала жоқ кезде чемоданың анау жаным! Есің барда еліңді тап, айналайын, дедім. Сосын қарындастарыма қарап: «Сендер өсіп-өніп адам болсын» деп Астанаға алдырдым. Қолғанат болама десем, қолыма кісен, аяғыма тұсау болдыңдар ғой. Ағам деп жандарың ашымаса не істейін? Қарындас болғандарыңа болайын. Чемодандарың анау. Ауылға тайыңдар дедім ашуланып. Осылай нақты шешім қабылдамасам болмайтын болды. Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді демекші. Ер жігіт нақты шешім қабылдамаса салы суға кетеді, ісі ешқашан өнбейді. Өмірінде береке болмайды. Айтарымды айтып болып, көңілім бір көншіді. Өзім моншаны жақсы көретін адам. Екі венигімді алып «РАХАТ» банясына тарттым. Сенбінің күні, төрт-бес сағат армансыз суға түсіп кешке қарай үйге ойланып келе жатырмын. Үйде ешкім жоқ бәрі кетіп қалған шығар. Үйім қаңырап бос тұрған шығар. Не де болса бекер айттым. Үндемей үнсіз тынып жүре беру керек еді деген мазасыз ойлар ойыма орала берді. Жатаханаға жақындағанда қарасам, сегізінші қабаттағы бөлмемнің шамы жанып тұр. Мыналар бөлменің светін сөндірмей кеткен бе деп қоям. Өздері светтің ақшасын төлемегесін деп іштей міңгірлеп келем. Бөлмеме кірсем ет асылып жатыр, шәй шәйнекте бұрқырап, дастархан жайнап тұр. Бөлме мұнтаздай тап-таза. Қарындастарым да, келіншегім де ешнәрсе болмағандай мәз-мәйрам. Сол күні ештеңе болмағандай дастархан басында ет жедік, шәй іштік. Міне биыл әулетімізбен әй-шәй деспегенімізге жиырма жылға жуықтапты. Отбасындағы береке ер азаматтың бір ауыз сөзінде Менің осы уақытқа дейін түбегейлі түсінгенім «Отбасындағы береке» сол үйдің отағасының, ер азаматының нақты бір ауыз сөзінде, бір ауыз нақты шешімінде. Отбасың ойран болмасын десең, ер азамат - нақты шешім қабылдап үйрен. Сенің отбасың өзіңнен басқа ешкімге қажеті жоқ. Қазір көпбалалы аналардың жер-жерде жан айқайын естиміз. Көбісі ажырасқан шеттей бала-шағасымен қалған. Көбісінің азаматынан қайран жоқ болғасын қолын бір сілтегендер. Ер азаматым, аманатым деп етегінен ұстаған ері сенімді ақтамады. Қорған болар қамқорым деген отағасы, қамқор да қорған да бола алмады. Желді күні ықтырмам деген өмірлік жолдасы, ықта, ықтырма да болмады. Шеттей баламен далада қалған ана жәутеңдеп әркімнен үміт күтті. Үміт те, сенім де ақталмады. Енді ол шеттей баламен кімге сенеді, кімді аяйды. Ол енді ешкімге сенім артпайды, дауласпаса далада қалатынын біледі. Өзімен балаларының өмірі үшін ол енді ешнәрседен аянбайды. Ешкімді де аямайды. Қамқор болар арланы болмаған соң, күшіктерін аман алып қаламын деген бөлтіріктердің анасы түз тағысы өзіңе қарсы шабатыны табиғи заңдылық. Бұдан шығар жол қандай? Не істеуіміз керек? Ер бала тәрбиесіне көп көңіл бөлетін уақыт келді. Отбасына ие бола алмаған еркектен, Отанына қорған бола алмайтын ез шықпай ма? «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп атам қазақ бекер айтпайды. Осы мақаланы жазып бола бергенімде, жаңалықтар легінен «Тәнін саудаға салған қаракөз қазақтың жас жігіттерінің саны күннен-күнге күрт көбейіп бара жатыр» - деген мақаланы көзім шалып, күйіп кеттім. Елім қайда барасың?....

Мақсат СҚАҚОВ

Жүктелуде...