Елімізде құс тұмауы өршіді: адамдар ауруды жұқтыруы мүмкін бе?
Елімізде құс тұмауы өршіді: адамдар ауруды жұқтыруы мүмкін бе?
Солтүстік Қазақстан облысында құс тұмауының өршуі адамдар үшін қауіпті емес, деп мәлімдеді құс өсірушілер одағының президенті Руслан Шәріпов. Бұл туралы Newsroom+Ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
"Бұл – H5N1 штамы. Оның адамға қауіпі жоқ, себебі ол жоғары патогенді емес, 40-50 градуста жойылады. Бұл індет Қытайда алғаш пайда болғанда адамдар жұқтырған. Бірақ қазір ондай қауіп жоқ", – деп жауап берді Руслан Шәріпов.
Айтуынша, құс тұмауы жабайы құстардың қазақстандық көлдерге ұшып келуі кезінде өршиді. Олардан су қоймаларының жанында тұратын тұрғындардың үй құсы жұқтырады.
"Бұл – уақытша құбылыс, жақында құстар ұшып кетеді, аяз болады да мұның бәрі басылады. Бізге құстар негізінен Ресейден ұшып келеді. Челябі, Омбы, Қорған облыстарында екі-үш айдан бері өршіп тұрғаны белгілі. Омбы облысындағы Ертіс құс фабрикасында 1,5 миллион тауық жойылды. Біздің барлық құс фабрикамыз қалыпты жұмыс істеп жатыр", – деп толықтырды Шәріпов. Мемлекет тарапынан қандай шаралар қолға алынуда Қазір мемлекеттік органдар өлген құстардың иелеріне өтемақы төлеу механизмін құрып жатыр, деді ол.
"Ауыл шаруашылығы министрлігі індетті жою үшін барлық қажетті жұмыстарды, оның ішінде вакцинациялау, дезинфекциялау, ауру құстардың өлексесін жою бойынша жұмыс жүргізеді деп ойлаймын", – деп қорытындылады Қазақстан құс өсірушілер одағының президенті.
Ал ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, Солтүстік Қазақстан облысының жеті ауданында жоғары патогенді құс тұмауы пайда болды.
Аумаққа дезинфекция жұмыстары жүргізіліп, өлген құстардың өлексесі жойылып, вакцина әкелінді. Сонымен қатар ол маңда құс өнімдерін экспорттауға тыйым салынды.
Ұлттық референттік орталық құстардың өлуінің себебі жоғары патогенді құс тұмауы екенін анықтады. Қазақстан бұл жайлы Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымына хабарлады.
Ресей Федерациясымен шекаралас аумақтарда жануарларды вакцинациялау үшін жоғары патогенді құс тұмауына қарсы 873 мың доза отандық препарат бөлінді.