Түркістанда заманауи көпфункционалды жастар орталығы ашылды

21 Ақпан, 2019 1812 0

Түркістан қаласында жастар жылына орай, алғаш рет көпфункционалды заманауи, жаңа үлгідегі «Жастар ресурстық орталығы» ғимараты ашылды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған newsroom.kz порталының тілшісі хабарлайды. 

Салтанатты ашылу рәсіміне, өңірлік жастар форумына  ҚР Қоғамдық даму вице-министрі Ж.Омарбекова мен облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы Түркістан облысы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Н.Жолдасов, облыстық маслихат хатшысы, депутаттары мен қоғам қайраткерлері қатысты. Барлық аудан қала әкімдері, басқарма басшылары, республикалық қоғамдық ұйымдардың өкілдері  мен аудан, қалалық жастар ресурстық орталықтарының басшылары және өңірдің  200-ден астам белсенді жастары келді. 

Өңір басшысы Жансейіт Түймебаев Жастар жылының басталуымен және Түркістан облысы жастарының жаңа ғимаратының ашылуымен құттықтады. 

«Мен бүгін сіздермен әкім ретінде емес, замандастарыңыз ретінде еркін пікір алмасқым келеді. Өйткені ең талантты, ең дарынды, ең отаншыл, ең еңбекқор жастар Түркістан облысында тұрады деп есептеймін! Биыл жастарымыз үшін ерекше жыл болғалы тұр.  Елбасымыздың тікелей тапсырмасымен елімізде жастарды қолдау бағытындағы жұмыстар күшейтіледі. Облысымызда да жоспарлар жасалып, нақты жұмыстар басталып кетті. Осы кездесудің алдында мен жаңадан ашылған ғимаратты аралап, танысып шықтым. Мұнда жастардың жан-жақты дамуына, бойындағы өнері мен қабілеттерін арттыруына толық жағдай жасалған. Мысалы, кәсіпкерлікпен айналысам деушілерге Коворкинг орталығы, ІТ-park, заңгерлік кеңестер қарастырылған. Сонымен бірге еріктілер клубы, «Жас сарбаз», электронды кітапхана, тілдер мектебі, интернет желісі, мәжіліс залы, спорт алаңшалары және тағы басқа игіліктер бар. Бұл – Сіздер үшін жасалған үлкен қолдау. Енді осы жастар орталығында өрендеріміз өз-өздерін дамытып, білімдерін шыңдаулары қажет», – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Көп функционалды жаңа үлгідегі Жастар орталығы – бір мезетте 400-ге жуық жасқа қызмет көрсете алады. Орталықта «Жастарға қызмет көрсету» орталығы, «Мобильді топ», Turkistan HUB coworking zone, IT PARK, Робототехника мектептері, Коворкинг алаңы, электронды кітапхана, «Жас сарбаз», «Еріктілер мектебі», «Құрылыс жасақтары», «Тілдер мектебі», түрлі жастар ұйымдары,  медиа студия және  психологиялық терапия т.б көптеген жастар клубтары, мектептер мен үйірмелер жұмыс жасайды. Сондай-ақ, ғимарат ішінде «relax zone» демалыс аймағы, ғимараттың сыртқы бөлігінде футбол, валейбол, баскетбол, теннис ойнауға арналған спорттық алаңшалар орналасқан.  

Айта кетейік, бүгінгі таңда Түркістан облысында жалпы халықтың 25,2 пайызын құрайтын, 501 369 жас бар. Оның ішінде 86 416 жас қалалық жерден болса, 414 953 жас ауылдық  жерден.

Сонымен қатар, аймақтың барлық ауыл, қалаларында жастарға қызмет көрсететін әкімдікке қарасты «Жастар ресурстық орталықтары» мен 4 республикалық жастар ұйымдарының филиалы және этномәдени орталықтарының жанында жастар қанаттары жұмыс істейді. 



Тегтер: жастаржылы, түркістан, орталық, заманауи, жаңаүлгі

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.