Ақын Асантемір Қаршығаұлының шығармашылық кеші өтеді

20 Ақпан, 2019 744 0

Атырау мен Алтай арасына рухани кеңістік орнатқан биылғы мәдени мерекелердің басталып кеткеніне де біршама уақыт болды. Соның ішінде әдебиет саласы бойынша бірнеше жобалар қолға алынып, әдеби кештер мен кездесулер жалғасын тауып жатыр. Осы орайда 2019 жылдың 21 ақпан күні сағат 16.00-де Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында белгілі ақын Асантемір Қаршығаұлының «...өзімнің аспанымның астындамын!» атты шығармашылық кеші өтпек. Келем деушілерге есік ашық. Ақжайықтай асау мінезді ақынның шығармашылық кеші қарсаңында бір топ өлеңдерін назарларыңызға ұсынып отырмыз. 


***

«Бір тойым болатыны сөзсіз менің,

Дәл қай күні екенін айта алмаймын.»

/Төлеген Айбергенов/


Терезесін айқара ашып түн-үйдің,

Жұлдыздарға қарап тұрып, жымидым.

Жалғыздығым еске түсіп кеткесін,

Жоғымды іздеп, айға қарап ұлимын.


Дос іздегем, таппай жүрмін, жарқыным.

Менің нәзік жанымды ұғар бар кімің?

Көрген көзге бүтін көрінгеніммен,

Мен өзімді танығалы – жартымын.


Салпақтатып соңынан көп ойлардың,

Мына менен ақын жасап қойған кім?

Жалғызсырап жүре берем қашанғы,

Мен де бір күн өз тойымды тойлармын.



АЛМАТЫҒА БАРМАЙМЫН


Жырыңды оқып әйбат сезім кешем бір,

Алатауға барсаң, бар деп шешем жүр.

Алматыға билет сатып алғанмен,

Кімге барам, сен де жоқсың, Есенқұл.


Барғаныммен арылмаспын бар мұңнан,

Сол Алматы Қайраттарды қан қылған.

Атыраудан Асан ақын келді деп,

Пиратың да үріп шықпас алдымнан.


Атырауға өзімді алғам үйретіп,

Мұнайына да болмаса да ми жетік.

Алматыға бара алмаймын, Алматы,

Сәбетайға қойған арба сүйретіп.


Ортақтасып қайтем Сәбең ісіне,

Таң қылмаспын, сеніп барып күшіме.

Ара-тұра тұру үшін тілдесіп,

О, Есенқұл, еніп тұршы түсіме.


***

Мен бүгін ұйқымды ұрлаттым,

Түн болып тіл қаттым, қымбаттым.

Келеді жырымды тыңдатқым,

Сен маған сырыңды тыңдатқын.


Мен бүгін ұйқымды ұмыттым,

Жұлдыз көп. Түн тымық, қылықтым.

Ауаны сүйгім кеп құнықтым,

Кенеттен таң атты, күліп күн.


Сыланып кеп қалды сылқым күн,

Со кезде сілкіндім, бұлқындым.

Телефон соғуға ұмтылдым,

Естиін сыңғырын күлкіңнің.

Алло!


***

Жанымды жауласа енжар мұң,

Өзіңді іздейтін мен бармын.

Жарасын жазарда жанымның,

Келеді тек сізді сағынғым.


Сағындым. Тағы бір түс ауды,

Болса да екі аяқ тұсаулы.

Айтылып жүректен өз әнім,

Қолымды өзіе созамын.


Сағынып көрмеп емешкімді,

Күн батып барады – кеш кірді.

Күн сағынып, жүдедім.

Сағынтып қоярдай кім едің?


***

Сұратып алған едім көктен жейде,

Аппақ ай, ақша бұлттың салғызды әнін.

Бәрі менен жиіркеніп кеткендей ме,

Кеше мен жер бетінде жалғыз қалдым?!


Жалғыз қалып аспанға жаздым өлең,

Оқырманым болсаңыз оқыған шын.

Жұлдыздарды тастадым мәз қып ерен,

Жалғыз ұлдың өшпейтін оты қалсын.


Дедім де аппақ айды аймаладым,

Қызғанбайтын шығарсың, мүмкін мені.

Мен сенің сағынышыңа айналамын,

Көр де тұр, бір күндері...


***

Алдамшы өмір сүремін,

Амалсыздан да амалсыз.

Ғашық болғанша, о, менің,

Жүрегім жақсы ед (і) жанарсыз.


Тоғжанды сүйген ұлы Абай,

Жанына жамап тарғыл мұң.

Мен сені сүйдім, бұл қалай,

Есімнен неге тандырдың?


Келеді кейде неге осы,

Ай жұтып алып, Ай құсқым.

Кінәлі өзің демеші,

Жолы болмаған байғұспын.


Болмайды сезім далбаса,

Шыққанын қайтем есімнің.

Жүрегің сүйе алмаса,

Кешірдім, Сен де кешіргін!



Ұлым Әбілмансұрға


Келіп қалар деп көктен қарадым,

Келдің бе, көптен күткен қарағым?!

Әбілмансұр деп атыңды қойдым,

Ізін бассын деп өткен бабаның.


Хан болмасаң да қарап қалмассың,

Қуат бермесе Жаратқанға сын.

Тәңірім сені тұлпарым десе,

Тулап табарсың қанаттанғасын.


Тұлпар-домбырам, дүбірле, балам,

Таңдайын қақсын үніңе ғалам.

Абылай ханын жоғалтқан заман,

Зәру боп жатыр бүгінде саған.


Тәкаппарлықпен қарамау үшін,

Кең пейіл боп өс, қалағанымсың.

Жалмауыздардан жалығып біткем,

Сағынып күткен сабалағымсың!!!



САРЫ ҚЫЗ


Сары қыз,

Тірі кезде Тәңірімнен тілеп қал,

Өлген кезде бірікпесін тәніміз.

Себебі ме, кешіктік,

Тіршілікте бола алмаса несіп-құт,

Неге ғана сезім күйін есіттік.


Бәрі кеш,

Мазаласа мен секілді жарым ес.

Кешіргін,

Сен өйткені бақытыңа қосылдың,

Мен де солай, қосылдым,

Бірақ бүгін жалғызсырап отырмын.


Сары қыз,

Сағынышты ұлғайтпасын сары күз.

Бар ғой сенің бала-шаға, жарыңыз,

Жылылықты менен неге іздедің,

Жылылықты жарыңыздан табыңыз!

Барыңыз.


***

Сары қыз,

Келер жылы қайта келер сары күз,

Тағдырымның тартуы деп білерсіз,

Бір-біріне ынтық болса жанымыз.


Құба-құп,

Шын табыса алмасымыз бұл анық.

Сыйлық етіп табыстайын сізге мен,

Жүрегімнен өлең-гүлді шығарып.


Қабыл ал,

Мына жүрек мәңгі сені сағынар,

Сағынған соң жабығар,

Ал, бірақ та бақытыңды танып ал.


Сары қыз,

Кездесуден қоқайықшы тағы біз.

Қалағанмен бірін-бірі жанымыз,

Амалым жоқ, барыңыз!


Тегтер: Кеш, поэзия, Атырау

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.