Сарыарқаның жаңбыры деген кім?

Сарыарқаның жаңбыры деген кім?

ашық дереккөзі

 width= «Адам бұл тертедей ғана шолақ өмірде тек күліп қана өтуі керек емес пе еді. Бірақ менде жүру бар да, күлу жоқ. Өмірімнің өрлерін бүтіндей оқуға, білім алуға бағыштамақ едім. Қысқа жіп күрмеуге келмеді. Қырсықтың құрығы үзілмеді. «Міне, бақыт ұшпағына шығарар баспалдақ» - деп кім ұсынар алдыңнан игілікті. Шоқпыттың қайда қалмаған бір ұлы». Осы жолдар арқылы бастау алатын «қазақтың кербұғысы» жазушы Оралхан Бөкейдің шағын әңгімесі бар. Әңгіменің аты «Сарыарқаның жаңбыры». Әңгіме «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам» деп жарқылдап өткен ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров жайында. Басты кейіпкері де Қатонқарағай өлкесіндегі мектепке ұстаздыққа арнайы келген жас мұғалімнің аз ғана өмір сюжеттерін суреттейтін шығарма. Әңгіме барысында өрбейтін сюжетте жас мұғалім Махмұтты Қатонқарағайдың болысы болып тұрған Әбдікерім болыс арнайы алдырады. Әбдікерім Ережепұлының 1904 жылы орысша-қазақша төрт кластық мектеп салдырғаны да тарихта қалған мәлім дүние. Әбдікерім Ережепұлы Санкт-Петербургтағы орман шаруашылығы институтында оқып жүргенде еліне келіп, болыстыққа сайланған тұлға. Осы ашылған мектептің ұстаздар қатарына қосылу тарихын Оралхан Бөкей шағын әңгімеге арқау етіп, біршама тарихи сабақтастықтың сырын көркем аша білген. Сұлтанмахмұт Әбдікерім болыстың Бағила есімді қызына ғашық болып, екі жастың жастық сезімі, ақынның алтыбақандарда оқыған өлеңдері кейіпкерлердің шынайы бейнесін сомдай түседі. Бірақ, Бағиланың атастырылған елі бар екені баяндалып, тойы өтіп болыстың сұлу қызы ата дәстүрдің жолымен ұзатылып кетеді. Әңгіменің шарықтау шегінде Махмұтты ат көлікпен бұл елге жол басшы болып келген Шағиман қарттың мына ойымен түйінделеді: «Маңдайымызға сыйдыра алмадық қой. Алаштың ала-құласына жем болып жатқан қызымызды Арқаның ардагеріне қимадық. Білместік емей немене, бұнымыз». Бұл суреткердің қиялы мен тарихи оқиға ұштасып жатқан шағын шығарма. Өткінші жаңбырдай құйып өткен ақын тағдырынының бір кезеңін Оралхан Бөкей осылай жазып қалдырған. Айтпақшы, Қатон­қарағай ауданының Шыңғыстай ауылында Әбдікерім болыс салдырған мектеп қазір дәл көшірмесін қайталап жаңадан бой көтерген.

Б.Нұр-Мұхаммед

Жүктелуде...