Айтылған сөз, атылған оқ: Кешіре береміз бе?

Айтылған сөз, атылған оқ: Кешіре береміз бе?

ашық дереккөзі

 width= Жұлдыздар айтарын айтып, кешірім сұрауды әдетке айналдырғандай. Newsroom+Ақпарат агенттігі соңғы кездері халыққа үндеу жасап, ізінше кешірім сұраған жұлдыздарды назарларыңызға ұсынады. 2020 жылдың сәуірінде Алматыда әнші Ернар Айдар карантин режимін бұзды. Ол және тағы 12 адам бір бөлмеге жиналып, онлайн түрде тікелей эфирде ұтыс өткізген. Нәтижесінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабына сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылды. Іс материалдары шешім қабылдау үшін Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жіберілді. Біраз уақыт өткеннен соң Ернар Айдар өзінің қателігін мойындап, халықтан кешірім сұрады. «Бізді ойын ойнатып жатқан кезде ұстады. Мен өзімнің әрекетім үшін, карантин жағдайында шығып кеткеніме әрине, үлкен кешірім сұраймын. Ол жағынан әрине, қауіпсіздікті сақтауым керек. Барлығы көрініп тұр ғой, тікелей эфир. Барлығы тікелей эфирде болды», - деді Ернар Айдар. Ізінше әлеуметтік желіде кәсіпкер Ахметбек Нұрсиланы белгісіз біреулердің күшпен ұстаған видеосы тарады. Осыдан кейін ел тұрғындары бизнес-тренерге аяушылық танытып, оны уайымдай бастады. Бір күн өткен соң кәсіпкер жеке парақшасында мәлімдеме жасап, оқиғаны өзі ойлап тапқанын, осы әрекеті арқылы халықты тексергісі келгенін мәлім етті. Көпшілік ел ағасының арзан "хайпқа" барғанын дұрыс қабылдаған жоқ. Оған әлеуметтік желіде жан-жақтан сөзбен "шабуылдар" жасап, жұртпен бұлай ойнауға болмайтынын ескертті. Біраздан кейін Ахметбек Нұрсила осы әрекеті үшін халықтан кешірім сұрауға мәжбүр болды. Бизнес-тренердің жұрттан кешірім сұраған сәті Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарық көрді. «Армысыз ағайын. Қойылымдар аяқталды, болды. Енді кешірім сұрауға тура келіп тұр. Өмірдегі ең қиын шаруа қателігіңді мойындау ғой. Біраз қателіктер жібердім», - деді ол. Күні кеше Қуат Хамитов әлеуметтік желіде зорлық-зомбылыққа үгіттегені үшін жауапқа тартылды. Ол дезинфекция жасаушыларды ұрып-соғып, тікұшақтарды атып түсіру туралы үндеу жасаған. Хамитовтың қатысуымен зорлық-зомбылыққа шақырған бейнеролик зерттелген. Факт ҚР Қылмыстық кодексінің 272-бабы, 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелген. Хамитов тиісті процессуалдық әрекеттерді жүзеге асыру үшін Алматы қаласының полиция департаментіне жеткізілген. Біршама уақыт өткеннен кейін желіде оның халықтан кешірім сұраған видеосы тарап кетті. Дезинфекторларды ұрып-соғуға шақырғаны үшін ұсталған Қуат Хамитов видеоны әзіл ретінде түсіргенін және ешкімді ренжіткісі келмейтінін мәлімдеді. Онда спортшы дезинфекция жасаушылар туралы алдындағы видеоны қалжың ретінде түсіргенін айтады. «...Ол қалжың ретінде түсірілген видео. Мен ешкімді көтеріліске шығуға, жаман істер жасауға шақырмаймын. Соны дұрыс түсініңіздер. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!», - дейді Қуат Найман.

Жүктелуде...