"Гарант 24 Ломбард", "Estate Ломбард" және "Выгодный заем" қаржылық бірлестіктеріне 32 қылмыстық іс ашылды. Олардың барлығы қаржылық пирамидалар деп танылған. Қазақстандықтар аталмыш қаржылық пирамидаларға 22 миллиард теңге аударған. Бұл туралы 15-қыркүйекте ІІМ тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов мәлімдеді.
Қазіргі уақытта ІІМ тергеу департаменті 13 қылмыстық істі зерттеу үстінде. Мысалы "Гарант 24 Ломбард", "Выгодный займ" және "Estate ломбард" қаржылық бірлестіктеріне 17 мың адам арыз түсірген. Шығын көлемі 22 миллиардқа тең.
Қаржылық пирамида деп танылған бұл бірлестіктердің басшылық құрамының үстінен 32 қылмыстық іс ашылған. 51 азамат жауапқа тартылса, тағы жеті адам іздестірілуде.
"Күдіктілерден тексеріс барысында 70 миллион теңге, сондай-ақ екі миллиардқа тең материалдық мүлік тәркіленді. Сот зардап шегушілердің арызын қарастыру үстінде», - деді департамент өкілі. Жалпы 2020 жылы 217 қылмыстық іс қаржылық пирамидалардың үстінен ашылса, 116 іс сотқа жөнелтілген.
Асхат ҚАСЕНҒАЛИ