Қазақ киносы халықаралық деңгейде жарқырайтын уақыт келді

19 Ақпан, 2019 568 0

Астанада өтіп жатқан ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде Арыстанбек Мұхамедиұлы өз басқаруындағы ведомство ұлттық киноның дамуына ерекше көңіл бөліп келе жатқанын атап өтті.  

«Мемлекет басшысы Қазақстан тарихындағы алғашқы «Кинематография туралы» заңға қол қойды. Киноқауымдастық үшін және қазақстандықтар үшін бұл тарихи оқиға болды. Біз барлық прогрессивті әлемде киноөнер - қоғамның дамуына және қоғамдық сананың қалыптасуына ықпал ете отырып, орасан зор әлеуметтік және идеологиялық әсерге ие екенін жақсы түсінеміз. Екіншіден, қазақстандық киноны жаппай прокатта ілгерілетуге жәрдемдесетін және оның шетелдік фильмдер алдында басымдығын қамтамасыз ететін және үшіншіден, ұлттық киноның әлемдік киноға шығуға мүмкіндік беретін заң қабылданды», - деді министр.  

Арыстанбек Мұхамедиұлы өз баяндамасында әлеуметтік желіде тараған ақпараттардан да хабардар екенін білдірді.  

«Бізде заңды оқымаған кейбір азаматтар биік мінберден сөз сөйлеп, қалжыңмен шабуыл жасағысы келеді. Ал шынтуайтына келгенде бұл заң - бірегей. Мен сіздерге сенімді түрде 1-2 жылдан кейін қазақ киносы халықаралық деңгейде жарқырайтынын айтқым келеді. Себебі, бұл заң барда, біздің керемет режиссерлеріміз бен актерлеріміз барда мықты туындылар өмірге келері анық», - дейді министр.  

Арыстанбек Мұхамедиұлы жаңа заң бойынша ұлттық киноларға маңыз берілетінін атап өтті.  

«Біздің ұлттық кино 12 пайыздық қосымша құнға салынатын салықтан босатылады. Кино түсіріп жүргендер мұндай жеңілдіктің маңызын біледі. Біз заңда Франция, АҚШ, Ресей мен Қытай, Оңтүстік Корея секілді киноөндірісі дамыған елдердің тәжірибесін негізге алдық», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.   

Дерек көзі : ҚазАқпарат

Тегтер: кино, заң, киноматография, ұлттықкино, туынды, киноқауымдастық

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.