Қазақстан құрамында болған Қарақалпақ елі
Қазақстан құрамында болған Қарақалпақ елі
Қазір Қарақалпақстан – Өзбекстан Республикасы құрамындағы егемен республика. Оған дейін, көп жыл бойы, бұл өңір Өзбек ССР-нің бір бөлігі болғандай, РСФСР құрамында да болған.
Алайда, 1925 жылдан 1929 жыл аралығында қазақ ұлттық автономиясы енді қалыптасып жатқан кезде, Қарақалпақ автономиялы облысы Қырғыз АССР-нің бір бөлігі болған. Qazaqstan Tarihy порталы өңірдің әкімшілік мәртебесінің өзгеруіне не себеп болғаны туралы әңгімелеп береді.
Ресей империсының ХІХ ғасырдың екінші жартысында Орта Азия жерлеріне жасаған басқыншылық жорықтарын кейбір тарихшы ғалымдар «Үлкен ойынның» бір бөлігі деп атайды. 1837 жылы ағылшын-ауған соғысын бастаған Ұлыбритания өңірде өз ықпалын жүргізгісі келді. Бұл кезге дейін Ресей империясы «оңтүстік шекараны көшпенділердің шабуылдарынан қорғауды қамтамасыз ету үшін» Батыс Сібірдің оңтүстігіндегі біраз аумақты басып алған болатын. 1841 жылы ағылшын әскерлері Әмударияның оңтүстік жағалауына жеткен кезде, Ресей жағы «Бұқара экспедициясын» жасақтап, соның көмегімен өңірдің табиғи-географиялық ерекшеліктерін зерттеді. Біраз уақыттан соң ресей әскерлері өзінің Орта Азияны жаулап алу жорықтарын бастайды, бұл жорықтар ХІХ ғасырдың аяғында аяқталады. Хиуа хандығы, кейін сол жерде Қарақалпақстан пайда болады, 1873 жылдың 12 тамызында Ресей империяның вассалдығына өтеді. Екі ел арасындағы бейбіт шарт Хиуаны территорисының 2/3 бөлігінен, империя тарапынан рұқсатсыз көрші хандықтармен мемлекетаралық уағдаластық жасау құқығынан, Үстіртке, Каспий теңізінің шығыс жағалауына, Сырдарияның сол жағалауына иелік ету құқығынан айырды. Оның үстіне, Ресей иелігіне өткен аумақтарда 1873 жылы жаңа әкімшілік бірлік - Әмудария бөлімі құрылды, ол тек 1887 жылы ғана Сырдария облысының құрамына енді. Кейін, 1918 жылы, Сырдария облысы Түркістан АССР-нің құрамына еніп, екі жылдан кейін Әмудария бөлімі жеке облыс болып шықты. 1897 жылы жүргізілген Бірінші бүкілресейлік халық санағына сәйкес Әмудария бөлімінің аумағында 194 473 адам өмір сүрген, олардың 3 111-і Петро-Александровск қаласында тұрған. Бұдан басқа, осы санақ бойынша өңірде қарақалпақтардан (48%) басқа қырғыз-қайсақтар (24,2%), өзбектер (17,7%), орыстар (1,6%) және өзге түркі ұлттарының өкілдері (7,0%) өмір сүрген. Көп ұзамай Ресей империясы өмір сүруін тоқтатты. Билік басына келген коммунистер жаңа мемлекет құрамында жаңадан әкімшілік-территориялық бірліктерге бөлу процесін бастап, бұл «ССРОдағы ұлттық межелеу» деген атпен тарихқа енді. 1920 жылы Хорезм Халық Совет Республикасы Кеңесінің Бірінші съезінде бірлескен қазақ-қарақалпақ бөлімі құрылды. Ұлттық межелеу саясаты басталғаннан кейін Хорезм ҰСР жойылып, оның аумағы Қарақалпақ облысы, Өзбек және Түркімен ССР құрамына енгізілді.
«Совет билігі орнағаннан кейін ғана қарақалпақтар өздерінің ұлттық мемлекеттілігіне қолжеткізді. Осылайша, қарақалпақ жерлерін біріктіру туралы ғасырлар бойғы арманы ақиқатқа айналды» «Қарақалпақ АССР тарихы». 1974 жыл
Орталық Азияның ұлттық-аумақтық межеленуін зерттеуші Арне Хоуген Қарақалпақ субъектісін бөлуге себеп болған ұлттық бірегейлік туралы идеяны қатаң түрде жоққа шығарады: «Әлеуметтік немесе саяси қарым-қатынастарда қарақалпақтық бірегейліктің маңызды рөл атқарғанына дәлелдің болуы екіталай.
«Қарақалпақ жерлерін біріктіру туралы ғасырлар бойғы арман» туралы да қарақалпақ тарихнамасы сенімді дәлел ұсынбайды». Тарихи деректерге сенсек, қарақалпақ бірегейлігінің мәні межелеуге дейін өте тар қалыпта болған. Беннигсен мен Лемерсье-Квеккей 1961 жылы қарақалпақ ұлттық субъектісінің тұжырымдамасы «жасанды» болған деген қорытындыға келген. Олардың пікірінше, қарақалпақтарды өзбектер мен қазақтардан ажырату үшін негіз аз болған: «Қарақалпақтарды өзіндік диалектісінен басқа, олардың не тарихи салт-дәстүрлері, не әлеуметтік-мәдени дәстүрлері, оларды өзбек немесе қазақ бауырларынан өзгешелемейді»» «The Establishment of National Republics in Soviet Central Asia».
Еңбек авторы Арне Хоуген: «Бастапқыда қарақалпақтар ұлттық әкімшілік-территорилық бірлік құру бойынша ешқандай талаптар білдірмеді, бірақ басқа өңірлерде межелеу процесі іске қосылып кеткен еді»,- деп санайды. Оның үстіне, Хорезмнің коммунистік партиясы республиканы этностық белгісі бойынша қайта құру туралы жоспар дайындап қойғанына қарамастан, Хорезм республикасы ОК-нің атқарушы бюросы бқл бөлінуден бас тартып, 1924 жылғы 12 маусымда РКП(б) ОК Саяси бюросы Хорезмді Орталық Азиядағы жалғыз көпұлтты республика ретінде сақтап қалуға шешім қабылдайды. Бұған жауап ретінде хорезм коммунистері Орталық Комиссияға Әмудария облысын Хорезмге қосу туралы өтініштерін жолдайды. А.Хоугеннің пікірінше, Орталықтың бұл өтінішті орындауын ұлттық межелеу актісі ретінде бағалауға болар еді, өйткені Әмудария халқының басым бөлігін қарақалпақтар құрайтын. Бұл шешімді қарақалпақтардың тәуелсіздік жолындағы ұлттық күресі деп айту қиын, алайда, бұл бастама «үлкен Қарақалпақ облысы» туралы үмітін үкілей бастаған халыққа жеткеннен кейін, 1924 жылғы 26 маусымда Хорезм Республикасына Орталықтан өз шешімін межелеу пайдасына өзгертуді сұрауға тура келді. Ортаазиялық бюро қарақалпақтардың талабына арнайы комиссия құрумен жауап берді. Комиссия жұмысының нәтижесінде 1924 жылғы 25 қыркүйекте Саяси бюро Қырғыз (Қазақ) АССР-нің құрамында Қарақалпақ автономиясын құру туралы қаулы қабылдайды. Оның құрамына бұрынғы Хорезм облысының Ходжелі мен Қоңырат аудандары кіреді, ал Хорезм толығымен қысқартылып, бөлінеді. Айта кетерлігі, Саяси бюро қаулысы шыққанымен, Қарақалпақстанның мәртебесі туралы мәселе шешімін таппаған еді. Осыдан кейін БОАК (ВЦИК) пен Қырғыз (Қазақ) АССР ОАК Президиумының бірқатар сессиялары өтіп, олар автономия құрылғанын растайды, кейіннен оның территориясын белгілеп, облыстық революциялық комитетті құрады.
Кейін, 1925 жылғы ақпанда, Құрылтай съезі кезінде автономияның құрылуы заң жүзінде бекітіледі. Осы съезд барысында автономия Президиумы мен атқару комитетінің мүшелері сайланады. Сәуірде өткен Қарақалпақстанның мәртебесі туралы мәселе көтеріліп, 1925 жылдың 11 мамырында өткен Советтердің Бүкілресейлік съезінде мәртебесі бекітіледі.
Сол кездегі Қарақалпақстанның құқықтық статуты 1926 жылғы 12 қарашада Қазақ АССР ОАК Президиумы бекіткен арнайы «Ережемен» айқындалды. Қарақалпақ автономиялық облысы аумағындағы мемлекеттік билік пен басқарудың жоғары органдары болып Советтердің облыстық съезі, ал Советтердің съездері аралығындағы кезеңде – олар сайлайтын Облыстық Атқару Комитеті мен оның Президиумы.
Осы жерде айта кететін маңызды нәрсе, Советтердің губерниялық съездері мен олардың атқарушы комитеттерінен өзгешелігі сол – Қарақалпақ автономиялық облысының атқарушы комитеті өте маңызды әрі жауапты құқықтар мен өкілеттіліктерге ие болды:
«Облыстың ұлттық-тұрмыстық ерекшеліктеріне сәйкес жер, ішкі басқару, халыққа білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамтамасыз ету және жергілікті шаруашылық пен бюджет мәселелерін» шешу кезіндегі билік толықтығы, Қазақ АССР ОАК Президиумы жанында оның тұрақты өкілдігі құрылды, Облыстық атару комитеті облыс мүддесімен байланысты экономикалық мәселелерді шешу үшін ортаазиялық республикаларда өзінің уәкілетті өкілдерін тағайындауға және бекітілген смета көлемінде несиелерді өздігімен жылжытуға құқылы болды.
«Ереженің» ерекше баптарында Қарақалпақ Автономилық облысының әкімшілік-территориялық бөлінуінен басқа, билік пен басқару органдарының құрылымдары, құқықтары мен міндеттерімен, оның Қазақ АССР-мен қарым-қатынасының жағдаяттары мен формаларына байланысты түрлі мәселелер түсіндірілді. Облыстың негізгі халқының тілі ретінде қарақалпақ тілі мемлекеттік тіл болып танылды. Қазақ АССР ОАК Президиумы жанында Қарақалпақ Автономиялық облысының Облыстық Атқару Комитеті тағайындаған және ҚазАССР Орталық Атқару Комитетінің Президиумымен бекітілген өкілі болған, оған Қазақстанның барлық орталық мекемелерінде облыстың өкілі болу және оның мүддесін қорғау жүктелген болатын. Бұнымен одақтас емес, автономиялық республика құрамына енген қарақалпақ халқының ұлттық-территориялық автономиясы қамтамасыз етілді. Осының бәрі Қарақалпақ автономиясының мемлекеттік-құқықтық мәртебесі мен оның Қазақ республикасымен әкімшілік байланысын көрсетеді.
Кейін, 1930 жылдың 20 шілдесінде, Қарақалпақстан Қазақстан құрамынан шығып, РСФСР-дың тікелей бағынышында қалды. Біржарым жылдан кейін, 1931 жылдың 30 желтоқсаны, БОАК (ВЦИК) Қарақалпақ автономиялық республикасын автономиялық одақтас республика қылып қайта құру туралы қаулы қабылдайды. Сөйтіп, 1932 жылғы 20 наурызда Қарақалпақ АССР-і болып қайта құрылады. 1936 жылғы 5 желтоқсанда автономия Өзбек ССР-нің құрамына берілді.
Аян ӘДЕН
Дереккөз: e-history.kz